Басты бет Мәдениет және руханият Халқынан аласа екенін ұмытпаған тұлға

Халқынан аласа екенін ұмытпаған тұлға

0
1,712

Дінмұхамед Қонаевтың есімі аталса әр қазақ ет жақын адамы туралы естіп тұрғандай қуанатыны бар. Бұл – шындық. Ол ненің құдіреті десек, адами биіктіктің, ар мен ұяттың тазалығынан екен. Билігі де, атағы мен даңқы да бола тұра елінің байлығына қол сұқпағандығы. Жаны, қолы таза адам өлгеннен кейін де таза қалпында ел есінде қалатыны сондықтан болар.

Биылғы қаңтар айы халқымыз үшін аса ауыр оқиғамен басталды. Сол қаңтардың 12 күні қоғам қайраткері, қазақтың біртуар азаматы, академик, саясаткер және қарапайым қазақ бола білген ерекше тұлға Қонаев атамыздың 110 жылдығы. Бұл мерейтой бір күнмен шектелмеуі тиіс. Жыл бойы атамыздың 110 жылдығын атап өтсек еш әбестігі де бола қоймайды. Жасы келгенде үлкен сынаққа тап келіп, сонда да сағы сынбаған, бастысы елінің махаббаты мен құрметіне бөленген жан туралы кітаптар жазылды, деректі фильмдер түсірілді. Өзінің де кітабы шықты. «Биікке көтерілдім, бірақ халқымнан аласа екенімді ешқашан ұмытқаным жоқ» – дегені қанатты сөзге айналды. Қызметтен кеткеннен кейін біраз дос деп жүргендері сырт айналып, жақын дегендері теріс қараған шақта да мойымаған атамызға биыл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қапшағай қаласының атын берді. Бәріміз бөркімізді аспанға аттық, шынайы қуандық, ата аруағы алдында бір парызымыз өтелгендей марқайдық. Адалдық деген жақсы қасиеттің әйтеуір бір алдынан шығатынына көзіміз жетті.

Көпшіліктің қамын ойлап, елінің көркеюі жолында тер төккен азаматтарымыз баршылық тәубе, соның ішінде Димаш ағаның жөні бір басқа. Басына қара бұл үйіріліп, тіпті қылмыстық әрекет іздеп тіміскіленген сол кездегі кеңестер одағының ең мықты деген тергеушісі Калиниченко деген кісінің бір кездері берген сұхбатына куәгер болғанмын. Мәскеудің төрінен сөйлеп тұрды. Өзінің тергеу барысында бір елдің басшысының үйінен не қымбат дүние-мүлік, не қомақты ақша таппай мысы құрығандығын, сол үшін Димаш ағадан кешірім өтінетіндігін естігенде таң қалдым. Тіпті жекеменшік көлігінің де, хан сарайындай үйінің жоқтығын да айтып Қонаевтың адалдығын бүкіл елге жария етті. Шынын айтқанда нысапты жан екен деп қойдым. Кейін мемлекет ісінен қол үзген кезде де ол білімдар, білікті жан ретінде елде жүріп жатқан реформа бағыттарын, қоғамды демократияландыру қажет екенін терең түсініп, қолдай білді. Қызмет еткен шағында өмірлік жұбайы – Зуһра апай сырлас досы, парасатты пайымымен, терең ойлы ақылдылығымен Д.Ахметұлын өзін­ше қорғай білді. Көр­егендік танытқан сүйікті жары туралы Димекең естелігінде былай деп жазба қалдырған: «Есеп қызметкерлерінің табиғаты бөлек қой. Марқұм Зуһраш мені таңқалдыратын үлкен бір іс жасады. Жылдар бойы алған затының есебін жүргізіп отырған. Не алса да ақшасын төлеп квитанциясын сақтап келген. Тіпті, бағасына дейін көрсетіп, растау үшін сатушының қолы мен аты-жөнін жаздырып алып жүрген. Қаралаулар мен орынсыз байламдар болғанда маған араша түскен осы құжаттар еді» дейді. Мұны екінің бірі, тіпті мыңның бірі жасамайды. Бұл әрекетін асқақтау емес, өзінің адал қызметін көрсету, алдағы жағдаяттарға сақадай сай болу, ең бас­тысы өзінің ұяты мен ары алдында таза екенін көрсету деп түсіну нағыз жан тазалығы, қайталанбас қасиет десек те болады. Жұбайларды жақсы білетін жандар екеуінің де ешқашан кісіге дауыс көтеріп бұйыра сөйлемейтінін, барлығын сыпайы түрде жеткізетінін онымен аралас-құралас болған достары мен қызметтес кісілерден жиі естуге болады.

Қылышынан қан тамған кеңес өкіметінің тұсында ел ағаларының басты арманы — ұлтын сақтап қалу болды. Олар тәуелсіздік үшін күрес жолында жан алысып, жан берісті. Дінмұхамед Ахметұлы сондай жанның бірегейі. Ол – аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, КСРО, шетел ордендері мен медальдарының иегері. Ұлтымыздың аяулы перзенті, мемлекет қайраткері Д.Қонаевтың 1992 жылы шыққан «Өтті дәурен осылай» деп аталатын естелік-эссесінде өзінің балалық шағы мен отбасы туралы, оқу жылдары мен еңбек жолының басталуы және республиканың әр жылдардағы өмірі жайлы әңгімелейді. Өте тағылымы мол дүние. Қарапайым баяндау арқылы ірі тұлғаның нағыз азаматтық келбетін көре аласыз. Мүмкіндік болса бала-шағамызға оқытсақ еш артықтығы бола қоймас.

Жазушы Серік Әбдірайымұлының құрастыруымен жарық көрген «Елу жыл ел ағасы» жинағында қайраткердің көз көрген замандастарының, еңбек және соғыс ардагерлерінің, әдебиет және өнер адамдарының, ауылдың қарапайым еңбеккерлерінің естеліктері, сыр-сұхбаттары, жыр-толғаулары, қызықты хаттары мен тың деректері топтастырылған. Қайраткер өмірінің соңына қарай халқына «Баршаңызға бақыт тілеймін. Мына жүйке жұқартқандай қиын-қыстау күндерде иінді төмен салмай, еңсе көтертер күш-қайрат, мұқалмас жігер, жақсы табыстар тілеймін. Бәрі бір күнгідей болмайды. Сондықтан, арайлап атар әр таңға сеніммен қарайық. Халқым, Саған қалтқысыз қызмет еттім, аманатыңа адал болдым, соңғы демім таусылғанша еліме, жеріме қызмет етуден танбаймын» деген аманат қалдырған екен.
Өзінің саналы ғұмырында елі үшін қажымай-талмай еңбек етудің үлгісі болған Д.Ахметұлын халқы ешқашан есінен шығармайды. Сондықтан өзі іргетасын қалаған Қапшағай қаласы бүгінде атамыздың атымен аталады. Яғни оның есімі халқының аузынан түспейді деген сөз.

Ғалым, саясаткер, оқымысты, ел басқарған тұлғаның «дін – апиын» деген тәрбиенің жетегінде жүрген кездің өзінде дін ғұрыптары мен тәрбиесіне байланыс­ты ұстанған өзіндік өнеге-тәлімдері болған. Өкініштісі, ол жасырын тақырып болғандықтан, яғни сол замандарда діндар адамдар дәріптелмегендіктен ол туралы уақыт өткен соң жазылып жатқаны да рас. Димаш ата өзі құранның сүрелерін жатқа оқитынын да көп адамдар біле бермейді. Әйелі Зухра Шәріпқызы дүние салып, алыс-жақыннан туыстары келіп жатады. Бірде дұға оқытуға мешіттен шақы­рылған молда бір себептермен келе алмайды. Молданы күтіп, уақыт өткіз­бей дұғаны Димекеңнің өзі оқып, бет сипайды. Қонаевтың құран оқы­ғанына куә болғандар «Димекеңнің өзіне тән құран оқу мақамы бар еді», дегенді айтады. Әсіресе, ғалым Бақ­тияр Сманов Қонаевтың Құран мақа­мын естігенде ерекше әсерде болға­нын жиі қайталайды. Димекеңнің бойына діни кие қасиеттің және дін ілімінің сіңгені соншалық, бала кезіндегі мұсылман­дық өнеге даналық өмірінің соңына дейін жалғасқан. Бірде Димекең зейнетте жүргенде Оңтүстік Қазақ­станның Түлкібас ауылына келеді. Ақсақалдар алдынан шығып, құр­меттеп, қонақ қылып, соңынды «жа­ңа­дан ашылған мешітті көріп кетіңіз» дейді. Димекең мешітке кіреді. Имам жас жігіт болса керек, жүгіріп алдынан шығып: «Аға, төр жаққа жүріңіз» дейді. Сонда Димекең: «Сен жас бол­саң да мешіт имамысың. Сенің алды­ңа менің тү­суіме болмайды. Ти­іс­ті ор­ынға өзің жайғас» деп діни дәс­түрді сақтап, мешітте көппен бірге уағыз тыңдай­ды. Соңында қошта­сар­да имам жігіт: «Аға, сізге Құран сый­лауға рұқсат етіңіз» деп қасиетті кі­тап­ты ұсынады. «Балам, менде дә­рет жоқ. Сондықтан Құранды жала­ңаш қол­мен ұстауға болмайды. Егер ақ шүберекке шын ниетіңді білдіріп, орап берсең алуға болады» дейді. Имам Диме­кеңнің айтқанын орындап, Құранды солай береді. Димекең дін әдебі мен ежелгі ғұрыпты және Құ­ранды қа­сиеттеудің үлгісін осылай көр­сетіп, жамағатты қайран қалдырған.

«Д.Қонаевтың парасат пайымын өлшеуге келмейді, мейірімділігін, әділдігін айтып тауыса алмайсың» деген ізгі естеліктер шынында да қазақ баласы үшін ыстық еді. Өз заманы мен қазіргі қоғам үшін еңбек етіп, санамызда, тарихта «Тау тұлға» ретінде есте қалды.
Қонаевты білмейтін адам кемде-кем. Оны білмеу, танымау үлкен әбестік болар. Жас буын «Тау тұлғаның» кім екенін біліп, үлгі алса игі. Дінмұхамед Ахметұлының Қазақстанның өнеркәсіптік және шикізаттық базасын, құрылыс инфрақұрылымын, ғылым-білім, мәдениетін өркендетуге сіңірген еңбегі ұлан-ғайыр. Сонымен қатар оның баға жетпес кісілік келбеті мен адами қасиеттері де уақыт өткен сайын мейлінше тұлғалана түсуде. Димаш Ахметұлы қазіргі Алматы қаласында қарапайым шаруа Меңліахмет пен Зәуренің шаңырағында 1912 жылы дүниеге келген 11 баланың үшіншісі. Кішкентайынан зерек болып өскен Димаш оң-солын тани бастаған шағынан бастап-ақ тау-кен инженері болуды арман еткен. Бұл мамандыққа қалай келдіңіз деп сұрағандарға екі себебін айтқан екен: біріншісі бала кезінен үлгі тұтқан тұңғыш қазақ инженері Мұхамеджан Тынышбаев болса, екіншісі тау-кен ісімен шұғылдану қазақ үшін ол кезде сирек кездесетін мамандықтың бірі болғандығынан. Мамандығына деген сүйіспеншілігін және адами жоғары қасиетке ие екенін мына оқиғасынан байқасаңыз болады. Зейнет жасына шыққан Димаш ата жаңадан визитка жасатса керек. Визиткада аты-жөні және тау-кен инженері дегеннен басқа артық ауыз сөз жазылмапты. Тіпті, мамандық бойынша докторлық дәрежесі, профессор, академик екені де жазылмаған. Бұл ісіне таңқалғандардың сұрағына «Оның бәрі өтпелі де кетпелі, ал тау-кен инженері деген өмірлік нәрсе» деп жауап беріпті. Д.Ахметұлы туралы естеліктерді шолатын болсаңыз, қай-қайсысы да оның өте кең пейілді, сабырлы да салмақты және парасатты болғанын баса айтады. Мейлі қызмет бабы, мейлі күнделікті тіршілігі болсын ашу шақырып дауыс көтеру, не біреуге жекіру әдетінде болмаған. Шіркін сол қасиеті біздің шенділер мен шекпенділерге үлгі бола алса ғой деп армандайсың…Халқынан аласа екендіктерін тек тау тұлғалар да сезінетіндей ме?..Қалай?

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ДАРАБОЗ ДАРЫН ИЕСІ

Ілияс Жансүгіровтың аты аталса дара шауып, құйындап келе жатқан Құлагер көз алдымызға келе…