Басты бет Әлеумет БАҒА, ҚАЙДА БАРАСЫҢ?

БАҒА, ҚАЙДА БАРАСЫҢ?

0
456

Өзіміз сүріп жүрген күнделікті күйбең тіршілікте көзбен көріп, не болмаса әлеуметтік желілерде ылғи да естіп жүрген өзекті мәселеміздің бірі – қымбатшылық. Әсіресе дәл қазіргідей жеміс-жидектің, көкіністің мөйілдеп әр бақшада пісіп тұрған шағында халыққа аса қажетті картоп, сәбіз, сарымсақ, пияз, қызылша, қияр, қызанақ секілді көкөністердің бағасы удай қымбат болуы ақылға сыймайды. Оған халық ылғи тұтынатын ұн мен май және  қанттың бағасын қосыңыз. Оларға да қол жеткізу арманға айналды.

Қалтасындағы азғантай ақшасын қайсысына жеткізерін білмей базар жағалап жүрген халықта шек жоқ. Бәрінің де күңкілдеп, кейде күрсініп айтып жүргені осы қымбатшылық мәселесі. Несиесі бір жағынан қыспақтаса, коммуналдық төлемдері екінші жағынан сорып, тауарлардың бағасының шарықтауы үшінші жағынан титықтатып жатса күңкілдемей қайтсін? Бір басында екі-үш жұмыстары барларды, не болмаса жеке кәсібі барларды айтпаймын. Олар күнкөрістің көзін тапқан жандар. Менің өзегім өртеніп, жаным ашитыны өлместің күнін көріп жүрген қарапайым халықтың жайы. Барлығы бір айлығына қарап отыр, шайлығын үнемдеп, ертең жейтінін әрі қарай тықпалайтындар да баршылық. Бұл бүгінгінің шындығы,

Ал жұмысы жоқтар кім — көрінгеннің есігін тоздырып, жалдамалы болып жұмыс істеуде, бір сөзбен айтқанда күйбең шалдың күреңін ерттеп мініп қоңырқай тіршілік кешуде . Бала кезімнен «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» деген мақалды жиі естуші едім. Жамал апамды қайдам, халық қартайды. Типың-типың күнкөрісімен, күйбеңдегі күрсінісімен, қолынан келер қайранның болмағандығынан қартайды. Барлық көкөніс, жеміс-жидекті, ақмаржан күрішіміз бен алтын дәнді бидайды да өзіміз өндіреміз, өзіміз өсіреміз. Қымбатшылық неге бұлай қос бүйірден қыса береді деген ойға қаласың амалсыз. Расымен бұл қымбатшылық қайда барады, осыған бір тоқтау болар ма екен, болмас па екен? деген сан сұрақ санамызды сансыратты.

Жақында ғана мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сауда және интеграция, ауылшаруашылығы, экология министрлерінің жұмысына өзінің сынын айтты. Қанттың бағасын тұрақтата алмаған ауылшаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев сөгіс алды. Нағыз керек кезінде қантқа қолдары жетпей жатқан қарапайым халықтың қамын жергілікті әкімдерге жүктеп қойып, олар дүкендерді аралағаннан әрі аса алмай жатқандығын сын тезіне алған Қасым-Жомарт Кемелұлы күзге қарай кадрлық ауыс-түйіс болатындығын да ескертті. Экология министрі киіктерді атайық деген «ақылы» үшін сөгіс алса, халық тұтынатын тауарлардың бағасын ретке келтіре алмаған сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов та сөгіс арқалады. Әрине тоқ бала аш баламен ойнамайды деген мақалдың осы жерде дәл айтылғанына көзіміз жетіп-ақ тұр. Бірақ қолан келер қайран жоқ. Үкіметке, тиісті лауазымды тұлғаларға осы жерде өкпемізді айтып-айтып аламыз, бірақ шығып жатқан нәтиже шамалы. Биыл өрік те, абрикос, алша мен құлпынай да көп болды, шырын мен компот жауып, тосап жасайық десек қанттың бағасы шарықтап тұр, қалтамыз көтермейді, – деген елдің мұңын мен үнін тыңдыр құлақтың жоқтығына күйінесің. Жалғыз Президент қайсысына үлгереді, қылмыскерімен бен шарықтаған бағамен бе, жоқ әлде тұралап тұрған экономикасы мен білімімен бе? Сондықтан жаңа Қазақстанды жаңаша құрамыз десек әрқайсысымыз өз міндетімізді адал орындап, мемлекет басшысына көмектесіп, өңірлердегі бағалардың аспандауына жол бермеуге тырыссақ.

Қымбатшылық әйтеуір бір тұрақтайтын шығар деген үмітіміз де жоқ емес. Баға тұрақталса, үміт ақталса игі. Баға қайда барады, айға бара ма? Жоғарыда отырған ағаларымыз осы мәселені қолға алса екен деген тілегіміз бар. Артының қайырын берсін! Президентіміздің талабы орындалса, лауазымды тұлғалар өз міндеттерін дұрыс атқарса жақсы күндердің көп боларына сенім де ата түсер еді…

Санжар КЕЛЕКЕЕВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТЫҢ АЛҒАШҚЫ ЖЕКЕ КУӘЛІГІН АЛУ. ӘРЕКЕТТЕР АЛГОРИТМІ

Қазақстандықтарға алғашқы жеке куәлігі 16 жасында беріледі. Ол республика аумағында жарамд…