Қазақ даласында жетімін жылатпай жебей жүру, тағдырдың тәлкегін көрген жанға қол ұшын созу, әлсізді демеу, қорғансызға қамқор болу атадан келе жатқан үзілмеген үрдіс. Қайырымдылық жасап көпшіліктің батасын алып, көптің тілеуімен өсіп өну, көгеріп, көктеу, жаратқанның сауабына кенелу иісі мұсылманның ең асыл міндеттерінің бірі. Аудан азаматтары осындай үлгі аларлық шаралардан кенде емес. Осы ағымдағы жылды ел Президенті балалар жылы деп жариялап, бүлдіршіндерге барынша көңіл бөлінуіне бағыт беруіне байланысты «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Нұров Мәулен Мұқажанұлы өз қаражатына 40 баланы Арасан ыстық су демалыс аймағына тегін демалып қайтуына мүмкіндік жасап берді. Шырын және Бахар ауылдық округтерінің аз қамтылған отбасында тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерге бір күндік болса да бақыт сыйлап, оларды шынайы қуанышқа бөлеуді жөн санап, «Бастау» демалыс орнынан 20 баладан екі күндік демалыс күні мен балаларға арналған мереке ұйымдастырды. Сонымен қатар ол жерде бүлдіршіндерге арналған таңғы, түскі және кешкі ас, сондай-ақ онымен қоса мерекелік дастарқан да жайылды.
Қасиетті құрбан айт мейрамының қарсаңында осындай сауапқа толы қайырымдылық шарасын ұйымдастырған азаматтың бұл жыл сайынғы атқарып отырған ізгі амалдарының бірі. Өкшебасар ұрпаққа өнеге болар осындай ізгі амалдар ел ішінде көптеп атқарыла берсін және мүмкіндік болса баршамыз қайырымдылық жасаудан құр қалмайық!
Ақжол ТАШКЕНОВ