Басты бет Өңір тынысы Ауыл тазалығы – халық айнасы

Ауыл тазалығы – халық айнасы

0
601

      Жиырма мыңнан астам тұрғыны бар Шонжы ауылы заман талабына сай қарқынды дамып келеді. Халық санының көбеюіне қарай ауыл аумағы да кеңейіп, жаңа үйлер салынып, жаңа көшелер жасалуда. Өздеріңіз білетіндей, бұдан біраз жыл бұрын бос жатқан ауылдың шет-жағасында қазір ине шаншыр жер жоқ. Бұл Шонжының тіршілік жасауға қолайлы, өмір сүруге ыңғайлы  жер екендгінің айғағы деп ойлаймын.

Расыменде «ауыл» деген аты болмаса, қалалықтардан кем өмір сүріп жатқанымыз жоқ. Бірінің артынан бірі ашылып жатқан сауда-саттық орындары, тойхана-мейрамханалар ауылдың ажарын аша түсуде. Ал, халықтың тең жартысын жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын, зауыт-фабрикалар жайлы әңгіме бір бөлек. Ауылымызда кәсіпкерлік саласы өте жақсы дамыған. Бұны Шонжыға келген кез келген адам бірден байқайды. Тіршіліктің тілін тапқан тұрғындар ауыл эканомикасын көтеру үшін еңбек етуде. Бірлікпен істелген тірліктің арқасында берекелі, мерекелі ауылға айналып, көптен озып, көштің басында келеміз десем артық айтқандық болмас. Алайда беделімізге нұқсан келтіріп жатқан кейбір жайттарға көз жұма қарауға да болмайды…

Шонжы – таза ауыл. Бұл сөзді ауылымызға алыс-жақыннан келген қонақтардан жиі естіп жатамыз. «Ауылына қарап азаматын таны» дейді ғой. Сонда іштей мәз болып, кеудемізді бір қуаныш кернейтіні рас. Дегенмен, кейбір жерлестеріміздің тазалыққа бейжай қарауы сол қуанышымызға су себеді емес пе?..

Сөздің шыны керек, әкімшілік тарапынан ұйымдастырылатын сенбіліктерге аудан орталығында орналасқан мекемелердің мамандары белсенді қатысып, көшелерді мұнтаздай етіп тазалап шығады. Мұны көріп, сыпыртқысын көтеріп шығып, игі іске ат салысатын тұрғындар да аз емес. Бірақ ауласындағы қоқысты есік алдына үйіп қойып, басқаның келіп тазалағанына  еш қысылмай қарап тұратын  адамдар да кездеседі.  Ұялу бір шетте тұрсын, олардың күл-қоқысын жинау өз еркімен сенбілікке шығатын жанашыр жандардың міндеті секілді, екі қолын қалтаға салып бақылап тұратынына не дерсіз?! Ол аздай көшедегі арықта аққан ағын суға жуындысын төгетіндерде бар. Ата-бабаларымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаса керек. Сондықтан, осындай оқиғалар анықталғанда біз өз тарапымыздан тиісті шараларды қолданып, тәртіп бұзған ауыл тұрғындарына айыппұл салуға мәжбүрміз. Өйткені халық айыбын жай сөзбен емес, айыппұлмен ғана түсінетін сияқты…

Келесі мәселе – ауыл ішіндегі малдар. Нақты айтқанда, көшені кезіп жүрген қараусыз сиырлар. Қанша айтылып, айыппұл жазылып жатса да, жағдай қайталануда. Малда тұрған кінә жоқ, әрине. Сиырларды көшеге шығаруға болмайтындығын қайта-қайта ескертіп адамның санасына жеткізе алмай жатқанда, малдан не күтесің?!

Телефон, интернет деген дүние жақсы болды. Қит етсе, бәріміз сыншымыз. Аяғымыз сүрініп құлап түскен тасты суретке түсіріп, әп-сәтте интернетке шығарып, кінәлі адамды іздейміз. Сол тасты әкімшіліктен біреу келіп шетке алып тастағанын күтеміз. Ал енді соны ақырын ғана жолдан алып тастауға санамыз жетпей ме әлде әдейі істейміз бе, әйтеуір түймедейді түйедейге айналдырудың шеберіміз.

Ауыл – ортақ үйіміз. Сондықтан, оның көркейіп, гүлденуіне әрбір тұрғын бей-жай қарамай, қоқыс-қалдықтарды кез келген жерге тастамай, таза ұстауға ат салысуы қажет деп білемін. Өйткені, ортақ үйіміздің көркеюі өз ауламызды таза ұстаудан басталатыны белгілі. Даму – ең әуелі тазалық пен мәдениеттен басталады. Қорыта айтқанда, мәдениетті ауылда өмір сүреміз десек – мәдениетті жандардан болайық демекпін.

Ромэн СУДЖЕКОВ,

Шонжы ауылдық округінің әкімі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

СЫР САҚТАҒАН САРЫТОҒАЙ

Адамзатпенбіргежасасыпкележатқанбірдүниеболса, ол – тарих. Тарих – өткеніңді бағамдатар, с…