Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Кемелұлы Парламент палаталарының бірлескен отырысындағы Қазақстан халқына Жолдауында, «халық тарапынан қандайда бір жақсы ұсыныстар түсіп жатса, мен оны қос қолымды көтеріп қолдаймын» деген болатын.
«Халық айтса қалт айтпайды». Біздің қазақ қашаннан өзінің жеке шаруаларын шетке ысырып тастап, елім, жерім, ерім деген де білектерін сыбана кірісіп кететіні барлығымызға белгілі. Ел болып, жер болып Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының алдына Қапшағай қаласының атауын елі үшін жанын аямай, ерен еңбек сіңірген Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атамыздың атына ауыстыру туралы ұсыныс тастады.
Сонымен хош делік. Бұл мәселе біраз жылдан бері шешімін таба алмай келе жатқан түйткілді шаруалардың бірі де бірегейі еді. Қазақстан халқының бастамасы, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтан қолдау тауып Қапшағай қаласының атауы Қонаев қаласы болып өзгертілді. Бұл мәселе қалай болар екен, соңы не болар екен деп байыппен күтсекте көңілімізде алаң болғаны жасырын емес. Екі көзіміз төрт болып, «жабулы қазан жабулы күйінде» қалар ма деп те ойлағанымыз өтірік емес. Ақиқатында көптің тілеуі орындалып, арманымыз жүзеге асты. Бұны біз Қасым-Жомарт Тоқаевтың кемеңгерлігі мен кемелдігі деп түсіндік.
Иә, расымен Қапшағай қаласының атауы Қонаев атамыздың атына берілгені көңілімізді марқайтып, төбемізді көкке жеткізді. Жоғалғанымыз оралып, өлгеніміз тірілгендей күй кештік. Бұл өте дұрыс шешім, бұл заңдылық, әу бастан осылай болуы керек еді. Әйтсе де «ештен кеш жақсы». Қазақстан халқы үшін бүкіл білімі мен ғұмырын арнаған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атамыздың атына қала беріліп, есімі ұлықталып жатқанына шын жүректен қуандым. Тіпті жанарыма жас алдым, қайғы мен қасіреттің емес, қуаныштың көз жасы еді бұл. Қапшағай қаласымен Қонаев атамыздың ғұмыры етене тығыз байланысып жатқандығы көзсіз соқыр жанның өзіне де аян. Қапшағай қаласы Қонаев атамыздың арқасында өмірге келген қала. Бұл қаланың алғашқы іргетасын Қонаев атамыз өз қолымен қалаған. Еткен еңбек, төккен тер ақталды деген осы емес пе, ағайын?!
Осы орайда Қапшағай қаласы туралы аз-кем ақпарат бере кеткенді жөн көріп отырмын. Неге десеңіз өскелең ұрпақтың санасына алдымен туған жер тарихынан бастап, Алтай мен Атыраудың, Алатау мен Қаратаудың арасын, ұланғайыр жатқан қазақтың Ұлы даласын орнықтыру, сіңіру, әрқайсысымыздың азаматтық борышымыз, міндетіміз деп білемін. Қапшағай қаласының алғашқы атауы кеңес одағы кезінде Новоилийск деп аталған болатын. Қапшағайдың қазақ тіліндегі мағынасы «тар шатқал» немесе «қысылған жер» дегенге келіп саяды екен. Қазақстанда құмар ойынына рұқсат етілген екі қала болса, соның бірі осы Қапшағай қаласы. Қапшағай қаласы Қапшағай бөгенінің жағалауында орналасқан әсемдігімен көз тартар өте көрікті қала. Қапшағай қаласында ойынханалар мен казинолардың көптігі соншалықты Қазақстанның Лас Вегасы деген атау таңып жүргендерді де көрдік. Сонымен қатар бұл жерде жағажайлар мен демалыс орындары көптеп кездеседі, болашақта туристердің ағылып-төгіліп келетініне де ешқандай шүбә келтірмеймін. Қонаев қаласы туризм саласының дамуына да үлкен ықпал ететініне кәміл сенемін.
Бүгінгі Қонаев қаласына қарасты екі округ, он бір елді мекен бар, атап айтар болсақ Заречный, Арна, Шеңгелді, Бөктер, Ақөзек, Кербұлақ, Құлантөбе, Қосқұдық, Сарыбұлақ, Тасқұм, Шолақ елді мекендерді кіреді. Қазіргі таңда Қонаев қаласының тұрғындары саны шамамен алғанда алпыс екі мыңға жуықтап қалған. Сонымен қатар Қонаев қаласы Алматы облысының орталығы болып бекітілді. Облыс орталығының өркендеп, дамуына, көркейіп, өсуіне бес саусақ болып бүгіліп, жұдырық болып жұмылып атсалысайық ағайын.
Түйін: «Қазақстан халқынан қандай да бір жақсы ұсыныстар болса, мен оны қос қолымды көтеріп қолдаймын» деп Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқан сөзі әр қазақтың кеудесіне үміт нұрын ұялатып, рухын асқақтатып, патриоттық сезімін оятарына кәміл сенемін. Жақсы бастамалар әрі қарай да жалғасын таба береді деген ойдамын. Қуанышымыз ұзағынан болғай Қазақ Елі !
Санжар КЕЛЕКЕЕВ