Мамандық атаулының ішінде жауапкершілігі ең жоғары, артар жүгің де ең ауыр, төгер терің де телегей болатын, сарқылмас қуат пен таусылмас қажыр-қайратты қажет ететін ол әрине ұстаздық екендігі ақиқат. Бұл мамандықты таңдап, ізденіс жолында талмай, көз майыңды тауысып білім алып шығудың өзі бір биікті бағындырумен тең болса, еңбек жолында сүрінбей жетістіктер мен рухани табысқа ұмтылып, күш-жігеріңді сарқылта қызмет етіп, оның жемісін көру өз алдына бір ғанибет. Бүгінгі ұлы құрмет ұстаздықтың маңайындағы тарқатылар тақырыптың басты кейіпкерлері де осы соқпақтардың барлығымен жүріп өтіп, бейнеттің зейнетін көруге, құрметті демалысқа шығып жатқан жандар турасында болмақ. Аудандағы қара шаңырақ – білім ордасының бірі Жаңабай Құдайбергенов атындағы орта мектебінің қадірлі мұғалімдері Бұрқанбаев Оқас Сатылғанұлы мен Шуманова Шадия Дүйсенбайқызы зейнет жасына толып, осы уақытқа дейінгі төккен тер мен еткен еңбектің жемісін жеуді жаратқанның нәсіп еткендігіне шынайы шүкіршіліктерін айтып, шексіз бақытты екендіктерін білдіріп жатқан жайы бар.
Аталмыш білім ордасында математика пәні мұғалімі болып ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан Оқас Сатылғанұлы 1959 жылы 5 шілде күні қарапайым отбасында дүниеге келген. 1981 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық институтының математика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша жоғарғы білім алып шыққан. Дәл осы мектептің қабырғасында табаны күректей 27 жыл бойы тер төгіп келе жатқан Шадия Дүйсенбайқызымен 1981 жылы шаңырақ көтеріп, ұстаздар жанұясын құрады. Ғұмырлы отбасы бүгінгі күнде екі қыз, бір ұл тәрбиелеп, қызды қиясына қондырып, ұлды отаулы етіп, өрісі кеңейіп, ұл қыздан 6 немере сүйіп отырған бақытты ата мен әже. Тағдырдың өзі қосқан қос ұстаздың өмірі де, жүрген сүрлеуі де сәйкес келіп тұрғандай Шадия Дүйсенбайқызы да өмірлік жары білім алған қара шаңырақ Алматы шаһарындағы Абай атындағы білім ордасынан бастауыш сынып мұғалімі мамандығын игеріп шыққан. Бірі Оңтүстіктен, енді бірі Шығыстан армандарын арқалап алма қалаға келген болашақ қос ұстазды қол ұстастырған студенттік жылдар мен жалындаған жастық шақ еді. Ұлы Абайдың туған өлкесі Семей өңірі, Ақсуат ауданында дүниеге келген Шадия Дүйсенбайқызы 1995 жылдан бері Жаңабай Құдайбергенов атындағы орта мектеп қабырғасында аянбай еңбек етіп, 12 бастауыш сыныптың білімнен іргетасын қалап шығарған екен. Екеуі де еңбек жолын шалғайдағы ауылдың мектеп баспалдағынан бастап, Тиірмен, Дардамты сынды тау бөктеріндегі ырысты, ынтымақты елдімекендердің білім ошақтарында жұмыс істеп, одан кейінгі өмір кезеңдерінде бірі аудандық білім бөлімінде қызмет етсе, ал бірі балабақшада еңбек етіп, қызмет жолында Ж.Құдайбергенов атындағы орта мектепке табан тіреп, бүгінгі зейнет жасына дейін осы білім ордасында тапжылмай табысты қызмет атқарып келеді. Қос ұстаздың да еңбек жолында жеткен жетістіктері ұшан-теңіз. Атқарған нәтижелі жұмыс пен маңдай тердің арқасында республика, облыс, аудан көлемінде білім саласы бойынша иеленген алғыс хаттар мен құрмет грамоталары бір қабырғаны түгел алып тұр. Ардақты ұстаздардың алдында білім алған шәкірттері бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде әртүрлі абыройлы қызметтерді атқарып жүргендігін айтып марқайды. Кешегі атақты ағартушы Ыбырай мен ұлт ұстазы, ұлы ұстаз Ахметтердің ақтаңдақ тарих беттеріндегі жүрген жолы мен салған соқпағын жалғастыратын, елдің ертеңін ойлайтын саналы әрі білімді ұрпақ тәрбиелейтін осындай ұстаздардың қатары азаймасын. Аға буын ұстаздың орнын баса алатын жас мұғалімдердің білім іргетасы бекем болып, шәкірт тәрбиелеуде шалыс баспай, сапалы білімдерімен салмақты әрі саналы түлектерді тәрбиелеп, елдің болашағына мәдениетпен, біліммен жол салсын деп тілейік.
Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ