Биыл Жеңіс мерекесінің тойланғанына 77 жыл толады. Қазір ауданда бар болғаны екі ғана соғыс ардагері бар. Жылдан жылға сандары кеміп, бейбіт өмірді көруге нәсіп еткендері Алим Кебиров пен Әкрам Авалов. Бұған да шүкір. Бірі әулиешоқының тумасы болса, екіншісі Үлкен Ақсуда дүние есігін ашқан. Екеуі бір жылда туғандар, Алим Кебиров 1924 жылы 1 қаңтарда дүниеге келсе, Әкрам Авалов 1924 жылдың 1 маусымында туған екен. Екі ардагерді бөліп-жармай айтулы мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз. Амандық болса екі жылдан соң бір ғасырлық мерейлі күндерін тойлауға Жаратушы ием несіп етсін деп сұраймыз.
Әкрам Авалов 18 жасқа толғанда, яғни 1942 жылы әскер қатарына шақырылады. Соғыстың нағыз қызған кезі. Тюмень қаласындағы зауытта жұмыс істеп, 1944 жылы 16 атқыштар полкына дайындықта болып, майданға аттанады. 1945 жылы аяғынан жарақат алып, Смоленск қаласындағы госпитальде емделеді. Соғыстан 1946 жылы ғана туған жеріне қайтарылады.
Алим Кебиров Үлкен Ақсу ауылында дүниеге келген. 1942 жылы әскери комиссариатқа шақыртылып, соғысқа аттанады. Ол Беларуссия жерін жаудан азат етуге қатысады. Одан әрі Украина жеріндегі қанды оқиғаны басынан өткереді. Львов қаласын дұшпаннан тазалау кезінде сол аяғынан оқ тиіп, госпитальге түседі. Жарақатына байланысты 1944 жылы туған жеріне оралады.
Айтуға оңай болар, бірақ қаншама мыңдаған шақырым жерді басып, тілді жақсы түсінбесе де қолдарына қару алып, көпшілікпен бірге немістердің фашистік пиғылына тойтарыс беру ісіне қатысып, одан аман-есен ауылдарына оралып, балалы-шағалы болып, қоғамның көптеген өзгерістеріне куә болған екі ардагерімізге тағы да өмір сүру бақыты бұйырса екен дейміз. Соғыстан кейінгі ауыр жылдары ауыл шаруашылығын қайта қалпына келтіру жұмыстарына араласып, елдің еңсесін көтеруге де атсалысқан аталарымыздың еңбектері ерен. Жанкешті ерліктерін ұрпағы ешқашан естен шығармайды. Аспанымыздың ашық, өміріміздің бейбіт,тұрмысымыздың бақуатты болуына еңбегі сіңген ақсақалдарға мың рет тағзым етсек те артықтық етпейді. Мереке сіздердікі, ізгі тілектер сіздер үшін. Бүгінгі жаймашуақ күніміз сіздердің арқаларыңызда. Сондықтан Аллам Сіздерге тағы да өмір беріп, жаңа Қазақстанның өркендеген, өскен сәтін көруге нәсіп етсін. Жеңіс күндеріңізбен!