Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың күні кеше ғана өз халқына арнаған Жолдауын теледидардан тапжылмай отырып тыңдадым. Шын мәнінде қаңтардағы мемлекеттік төңкерістің ұйымдастырылуы, биліктегі көптеген шенеуніктің сатқындығы, жазықсыз адамдардың мерт болуы бәрімізді есеңгіретіп тастағаны анық. Қауесет әңгімелерден мезі болғанымыз да рас. Бұл жолғы Жолдаудың мән-маңызы айрықша деп Қасым-Жомарт Кемелұлы айтпақшы мен үшін әсері өте зор болды. Жаңа Қазақстанды құру жолындағы жаңашыл реформаларды ұсынды.
Алдымен қаңтар оқиғасына тағы бір рет тарихи бағасын беріп, кінәлі адамдардың жауаптан құтылып кетпейтіндігіне сендірді. Береке, бірліктің арқасында мемлекетімізге төнген қауіп-қатерден аман шыққанымызды да ескертті. Осы шақта тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетін жан-жүрегімізбен сезінгенімізді де жеткізді. Қас-қағым сәтте мемлекетіміздің ыдырап кету, халқымыздың босқынға айналмауы үшін басын бәйгеге тіккен Президентіміздің өз еліне деген адалдығына риза болдым. Қолы таза, жүрегі адал, жемқорлық пен сыбайластықтан жырақ жүрген жан ретінде өз басым қатты бағалаймын. Бұл жолғы Жолдауында мемлекет басшысы аруақтарға деген аса зор құрметін танытты. Ұлылардың табаны тиген Ұлытауды, ұлтымызға ұстаз боған Абайды, адалдықтың символы болған Дінмұхамет Қонаевтардың аттарын жаңғыртуының өзі жүрекке жылылық сыйлады. Димаш атамның елесімен көріскендей болып Қасым-Жомарт Кемелұлын аруағымызбен жебеп жүріңіз деп сырластым. Мүмкін біреулерге күлкілі болар, бірақ шынымен ұлылардың атын ұлықтауын жақсы ырымға баладым. Ерекше Жолдау болды деп айта аламын. Зейнетақы, жалақы туралы сөз жоқ қой, – деп сын айтып жатқандардың қарасы да көп. Ол жұмыс бабында, өз ережесімен шешілетін дүниелер ғой. Президентіміз жаңашыл бастамалар көтеріп отыр, жай ғана емес өте келелі, ауқымды. Өз басым қолдаймын, қолымнан келгенше Қ.Тоқаевтың қасына топтасып, оның идеяларын жүзеге асыруға көмектесуіміз керек. Ойын ашық айтатын, шетелдік әріптестерінің арасында беделі жоғары, сөзі салмақты, кәсіби дипломаттың әр айтқан сөзіне риза болмасқа шара жоқ. Қымбатшылық, басқа да проблемалар белгілі бір тәртіпке түскенде реттелетін жайлар ғой.
Президенттің өз сөзімен айтар болсақ, біз ең басты құндылығымыз – Тәуелсіздігімізді сақтап, ұлттық бірегейлігіміздің негізін нығайтып, елімізді жаңғырту жолында ұйысуға тиіспіз. Жаңалықтар ретінде Президент өз қызметтік мерзімінде ешқандай партияға мүше болмайтын болды, әкімдер партияның филиалдарына басшы болмайды, Президенттің жақын туыстары саяси лауазымдарға тағайындалмайды, ұлттық компанияларға басшы болмайды, сайлау жанама болады, өз уәдесін орындамаған депутаттар халық қалауымен кері қайтарылатындығын тізбелеуге болады. Осының барлығын сауатты түрде бағамдап, алашапқындатпай бірлесе отырып жүзеге асыруымыз керек. Реформаларға бастама жасалды. Ендігі тілек олардың жүзеге асуына ауызбірліктің болуы.
Ділдәр МАМЫРБАЕВА
жазушы