Жаңабай Құдайбергенов атындағы орта мектебінде журналист, режиссер, сценарист Мұрат Есжан мен журналист, продюсер Айсәуле Әбділдаевамен кездесу өтті. Жақында ғана телеэкрандарға шыққан «Ахмет. Ұлт ұстазы» атты телефильмнен соң аталмыш мектеп оқушылары мен әкімшілігі оларды Елордадан арнайы шақырған екен.
2020 жылы «Абай жолы» телесериалы шыққанда өзіміздің Мұраттың ең үлкен жеңісі деп бөркімізді аспанға атып, қуанғанымыз рас. Енді міне араға аз ғана уақыт салып қазақ тілінің нағыз жанашыры, ұлт ұстазы, алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынов жайында жаңа кинотуынды жасаған жас киногерлермен бетпе-бет ұшырастық. Ауданымыздың тумасы бүгінде ел мақтанышына айналған Мұрат Есжан туралы осы уақытқа дейін жаздық, айттық, сұхбаттастық. Оның өмір жолынан көзі қарақты оқырман хабардар. Ал Мұраттың жан жары Айсәуле Әбділдаева – білімі мен қабілет, қарымы қабысқан, жаңашылдыққа жаны құмар, ауданымыздың ибалы келіндерінің бірегейі. Киноиндустрияның отаны саналатын Америка Құрама Штаттарында екеуі де «Болашақ» бағдарламасымен білімдерін жетілдіріп қайтқандар. Өзге жұрттың мәдениетін, тұрмысын, әдебиетін, кино өнерін солардың жерінде көріп, біліп, сезініп қайтқандар.
Абайды толық түсініп, оқып, зерттеп болған қазақ жоқ деп жатамыз. Ол – шындық. Сол секілді Ахмет Байтұрсыновты қаншалықты зерделей алдық деген сұраққа жауап ретінде бұл фильмнің бағы жанары анық. Ұзақ уақыт айтуға болмайтын, құпия саналып келген тақырыпты көтерген, оны кино арқылы халқымен қайта қауыштырған Мұрат пен Айсәуле ерлік жасады деп айтуға болады. Біз кеңестер кезінің оқушылары бұл мәселені мүлдем оқымадық, хабарсызбыз. Күңгірттеу, көлеңкелеу ғана мағлұматымыз бар, есімдерін естіп қалатынбыз. Мұрат пен Айсәуле «Абай жолы» арқылы Мұхтар Әуезовтың ұлылығын, «Ахмет. Ұлт ұстазы» арқылы тіліміздің мықтылығын ғылыми түрде көрсете білді.
Кездесуге жиналған 8-9 сынып оқушылары киноны көріп, одан шығатын тәрбиелік мәнді ұққандықтарын танытты. Олардың сұрақтары да кейбір көріністерге тікелей байланысты болғандығымен де қызықтырды деп ойлаймын. Оған кейіпкерлеріміз шынайы жауап берді. Адами қалыптарынан танып көрмеген, қарапайымдылық деген қасиетті берік ұстанған олардың әңгімелері еріксіз елітті. Мұрат Нұрәкімұлы жалпы кино саласындағы алғашқы қадамы, шетелге барғандағы тағдыры туралы ертегіге бергісіз әсерлерімен бөлісті. Ағылшын тілі мен орыс тілін қалай үйренгені жайлы да айтты. «Жарық дүние есігін ашқан соң әр адамның жүрек түкпірінде атқарсам, орындасам деген миссиясы болады. Оның жүзеге асып немесе аспауы да мүмкін. Тағдырыңа, сәтіне, орайына байланысты. Менің де жүрек түкпірімде қазақ әдебиетін экранизациялау деген мақсат болғаны рас. Бірақ оның қашан және қалай жүзеге асырылуын жоспарлаған емеспін. Аталарымыздың, ұлтымыздың ұлыларының аруақтары қолдаған болар. Ұлтымыздың ардақты ұлдары туралы кино түсіру ниетім болғаны рас, бірақ оның дәл Абай немесе Ахмет боларын өзім де білмедім. Америкаға барғанда да қолымнан келмейтін сияқты деген үрей, қорқыныш болғанын жасырмаймын», – деп ағынан жарылды. Жауапкершілік деген үлкен жүкті көтеру үшін білімнен басқа, табандылық және мінез керектігін өз басынан өткен мысалдар арқылы балаларға ұғынықты жеткізді. Соның үдесінен шығу үшін күндіз-түні кірпік ілмей еңбектенуге тура келгендігін де жасырмады. Осы тұста Айсәуле Мұраттың бір беттік дүние жазуы үшін сағаттап отыратын мінезін айтып қалды. Ал Ахмет Байтұрсыновтың сценарийіне отырғанда 48 сағат тапжылмай, ұйықтамай, қалғып, мүлгімегендігін айтып, адам баласының қуаты қанша уақытқа жететіндігін таңдана отырып түсіндірді.
Киноөндірісі ұжымдық жұмыс болғандықтан әртістерден басқа суретшісі, безендірушісі, операторы, киім таңдаушысы сияқты көптеген адамдармен тіл табысудың қаншалықты еңбекті талап ететіндігін де айтты. Киноның көзге көріне бермейтін ұсақ-түйегінен, қорытындысын жеткізетін кульминациясына дейінгі идея көрерменге жеткенге дейінгі еңбектің қаншалықты қиын екендігін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ал енді туынды қалың бұқараға жол тартып, ол туралы әрқилы пікірлер, мақтаулар мен сыни көзқарастар айтылып жатқанда шынымен осыны мен жасадым ба деп қуанатын сәтті бақытына балаған жас киногерлердің ағынан жарылғандығына мәз болдық. Ахметті түсіру үшін 47 кітап, одан бөлек құжаттық деректер мен дәйектер, әртүрлі мақалалар оқығандықтарынан да хабардар болдық. Бас-аяғы 9 айдың ішінде жасалған дүние көпшіліктің назарына ілігіп, мақтау мен мадақтауларға ие болғандығына біз де қуаныстық.
Жарқ етіп шыға қалатын дүниенің артында қаншама тер төгіліп, қаншама жүйке жұқарып, сананы шаршататын сәттер болатындығын Айсәуле қызықты етіп баяндап берді. Уәде мен келісім туралы да ойын іркіп қалмады. Балалардың ата-аналарына, мұғалімдеріне берген уәделерінен тайқып кетпей, оны орындауға тырысу керектігін, уәде еткен адамның төзімін тауысуға болмайтындығын түсірілім кезінде кездескен келеңсіздіктерін мысалға ала отырып жеткізді.
Мамытқан Құдайбергенов ағамыз Мұрат пен Айсәуленің еңбегіне өзінің бағасын беріп, «70-ті алқымдаса да дәл сендер жеткен биікке шыға алмаппын, айналайындар, ұлтымыздың мақтанышы болып, жаңа туындыларды дүниеге әкеліңдер», – деп шынайы аталық батасын берді. Сонан соң сөз алған Мұрат пен Айсәуленің әкесі Нұрәкім Есжан Мұраттың тілі өте ерте шығып, төрт жасында айтыскер ақын Ш.Ділдәбековтың 30 шумақ өлеңін жаттап алғандығын, аудандық әнші балапан байқауына қатысқандығын, телевизиялық додаларда бәйге алғандығын айтып, бала Мұраттың қандай болғандығын әкелік зор мейіріммен жеткізді. Кез келген ата-ана үшін баласының жақсылығын, жетістігін көрудің нағыз бақыт екендігін де мақтанышпен айтты. Аудандық мәслихаттың депутаты Нұрсұлтан Болатұлы кино туралы өз ой-пікірін ортаға салды. Әліби Жангелдиннің кім екенін осы фильм арқылы білгендігін де жасырмады.
Мұрат Есжан Ахмет Байтұрсыновтың бар болғаны 6 жыл ғана білім алғаны, сол алты жылдық білімінің профессор, академиктердің деңгейінде болғандығын, қазақ тіліне 800 термин сөзді ғылыми түрде дәлелдеп енгізгендігін айта келе, Ахметке берілген мінездеменің өзі адам таңғаларлық екендігін елең еткізерліктей етіп жеткізді. «Тәртібі өте жақсы, қабілеті орташа болса да бойында ынта-жігері өте жоғары, салмақты, ұяң, тұйық, болбыр әрі әлсіз, жадау, қарабайыр» – делінген екен. Сонда бүкіл бір ұлтқа ұстаз болған адамның бойындағы ынта-жігерінің мықты болғандығын осы бір мінездемеден туындатып барып түсіндірді. Ешқандай қабілеті жоқ, икемсіз, бірақ ынта мен жігері, ұлттық намысы мықты болса, оған табандылық пен еңбекті қоссаңыз міндетті түрде бір биікке шығасыз деген ойы кездесудің тұздығы болды.
Мектеп директоры Бибігүл Абдилова белсенділік танытқан оқушыларына, кездесудің кейіпкерлеріне ыстық ықыласын айтты.
Уақыттың қалай өткенін сезбей қалдық. Өте тартымды кеш. Оқушылар да шабыттанып, өлеңдерін оқып, сұрақтарын қойып жатты. Мұрат пен Айсәуле адамның ішкі дүниесінде өз миссиясын орындау деген мақсат болса оның міндетті түрде орындалатындығына сендірді. Жалқаулық, ұйқышылдық, табансыздық, жігерсіздік адамдарды бойкүйездікке апаратын жаман қасиеттер екендігін ұқтырды. Рухани ләззат алдық. Екі жастың әңгімесін тыңдай отырып, өзіміздің кей қылықтарымызға қысылдық, білім қумайтын, ізденбейтін мінезімізге өкпеледік. Еліміздің ертеңі үшін Алаш ардақтыларын халқына танытып, өздері айтпақшы ынта-жігерлерін жанытып, табандылықтарын тайқытпай, ұлтымыздың игі жақсыларының есімдерін қайта жаңғыртып жүрген режиссер мен продюсердің өзіміздің балалар екендігіне мақтандық.
Баян МАМЫРБАЕВА