Бүгінде қоғамға қынадай жабысқан сыбайлас жемқорлық дейтін дерттің беті асқынып тұрған заманда халықтың игілігі үшін мемлекет қазынасынан бөлінген қаражатты орта жолда сыбайласа отырып жымқырып, жауапкершілікке жүктеген жұмысты жарытпай істеп, қарашаны қан қақсатып қойып жатқан жағдайлардан көзің сүрінеді. Алысқа бармай-ақ өзіміз мекендеп жатқан ауданымызда да аяқсыз қалған ауқымды нысандар аз емес. Соның бірегейі – Шарын ауылдық округінің ауыз су құрылысы. Мемлекет есебінен халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында түрлі әлеуметтік нысандарды іске қосу үшін бөлінетін қаражаттың тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетпесі үшін қырағы қадағалау жүргізетін, оның мақсатты әрі тиімді жұмсалуын әр тиынына дейін бақылап отыратын «Nur Otan» партиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңесі осы жолы Шарын ауылдық округінің ауыз су құрылысының сапасы мен оған бөлінген қаражаттың мақсатты игерілуі бойынша толықтай зерделеу жұмыстарын жүргізіп шықты.
2014 жылдың желтоқсан айында бастау алған аталмыш нысанның жалпы сметалық құны – 757 млн 454 мың 447 теңгені құрады. Бас мердігер «JMI Компания Сервис» деп аталатын аты шулы құрылыс компаниясы осыдан 7 жыл бұрын мемлекеттік сатып алу бағдарламасы бойынша жеңімпаз аталып, Шарын ауылына алғаш ат ізін салып, бірінші қазу жұмыстарын бастағанда Шарындықтардың қуанышында шек болмады.
6 мыңнан аса тұрғыны бар аудандағы ең ірі ауылдардың бірі Шарын ауылын толықтай таза әрі мөлдір ауыз сумен қамтуды мойындарына алған жауапты компания құрылыс жұмыстарын 2019 жылдың 27 желтоқсан күні аяқтап, тиісті тұлғалардың қолымен растап, өткізіп, халыққа қолданысқа берген. Нақтырақ айтсақ, нысанды қабылдап алу актісіне тапсырыс беруші Ұйғыр аудандық тұрғын-үй коммуналды шаруашылығы бөлімі, техникалық қадағалаушы, авторлық қадағалаушы және бас мердігер қол қойып растап, мөрмен бекіткен.
Құжат жүзінде дәл осылай рәсімделіп, құрылыс толығымен аяқталып, халыққа қолданысқа беруге дайын деп есептелген Шарын ауылының ауыз су жүйесінің бүгінгі жағдайы жаға ұстатарлық. 2019 жылы қолданысқа берілген сәттен бастап, 2020-2021 жылдары ешқандай пайдаға аспай құры тұрған. Құрылыс нормаларын орындау технологиясын өрескел бұзу салдарынан орындалған жұмыс көлемінің сапасының қанағаттанарлықсыз екендігі анықталды. Авторлық қадағалау, техникалық қадағалау, тапсырыс берушінің лауазымдық міндеттерінің тиісті дәрежеде орындамауының кесірінен осындай өрескел кемшіліктер орын алған. 2021 жылдың 2 желтоқсан күні партия филиалының жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында дәл осы нысанның зерделеу жұмыстарының ең алғашқы бөлімі талқыланды және тапсырыс беруші тараптың есебі тыңдалған болатын. Отырыстың қарсаңында қоғамдық кеңес мүшелері мен аудандық су құбыры мекемесінің арнайы мамандарымен бірге нысанға толықтай зерделеу жұмыстары жүргізіліп, ондағы анықталған өрескел кемшіліктер мен орын алып жатқан апатты жағдайлар нақты дәлелденгендігі тағы бар.
Анықталған кемшіліктерге қоса дәл сол күнгі есеп бойынша Шарын ауылының 1100 жанұясының ішінде 200 отбасы ғана осы ауыз су құбырына қосылған екен. Нысан қолданысқа берілген 2019 жылдан бастап ауыз су жүйесіне екі жыл бойы су берілмеген. Кеңес мүшелерімен зерделеу барысында ауыл көшелерінде ауыз су құбырларының 6 жерінен апаттық жағдай орын алғандығы анықталды. Сонымен қатар су ұңғымасының басында орналасқан құрылғылардың электроқозғалтқыштарының ұрланғандығы туралы да дерек тіркелген. Дәл қазіргі сәтте құбырларға су берілсе бірден апат орын алады. Өйткені сапасыз жасалған құбырлар судың екпінін көтере алмайды. Ол жағдай сіз бен біз емес мектеп жасындағы оқушыға да түсінікті жәйт.
Осы аталмыш кеңес отырысының қорытындысына сәйкес шығарылған қаулымен Шарын ауылының ауыз су құрылысы толықтай қалпына келтірілуге 2021 жылдың 27 желтоқсан күніне дейін мерзім белгіленіп, бір қайран болып қалар деген үміт болған еді. Алайда ол мерзім өтті, ал нысан әлі еш өзгеріссіз. 2022 жылдың 10 қаңтар күні зерделеу жұмыстары қайта жүргізілді. Ешқандай қалпына келтіру жұмыстары жасалмаған, сол кемшіліктерімен, сол апаттарымен «Баяғы жартас, сол жартас» күйінде тұр. Бұл еліміздің көшбасшы партиясының мемлекет қаражатына деген жанашырлығы, қамқорлығы, бас-көз болуы. Қарапайым халықтың жылдар бойы аңсары болып келген ауыз суға қолы жетсін деген мақсатпен бөлген мемлекеттің миллиардын талан таражға салып, нысанды аяғына шығармай, шала күйінде лақтырып кету кімнің де болса ашу ызасын оятатындығы анық.
Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері шалғай жатқан елді мекендер мен ауылдық округтерді таза әрі сапалы ауыз сумен қамту үшін «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, жыл сайын оған бөлінетін қаражаттың да көлемін ел экономикасына қарай ұлғайтып келеді. Осылайша жылдар бойы алыстағы ағайынға арман болған ауыз су да ақырындап ақиқатқа айналып жатыр. Ал жоғарыда баяндалған секілді келеңсіз жағдайлардың кесірінен кейбір ауылдарда қаражат бөлініп тұрса да, ол мақсатты жұмсалмай, ел игілігіне қызмет етпей жататын жағдайлар да көптеп кездеседі. Егер жергілікті билік нәтижелі шешім қабылдап, бір амалын жасамаса, Шарын ауылы үшін сапалы әрі таза ауыз су арман болып қала беретін түрі бар.
Ақжол Ташкенов