Бүгінгідей бақытқа кенелген уақытта тәуелсіз Қазақстанның ынтымақ-ырысы, бақ-берекесі артып, тұрақтылық пен тыныштық орнаған тұста күн кешудеміз. Мұның барлығы – әуелі Алла Тағаланың елімізге деген мейірім-махаббаты болса, онан соң ел басқарған азаматтардың, Елбасымыз бастаған ұлтын сүйген, мемлекетшіл жандардың жан аянбай еткен еңбегінің жемісі. Биыл тәуеліздігіміздің 30 жылдығы. «Отызда орда бұзбасаң, қырықта қамал алмассың» деген нақыл сөз бар. Осы мерзім егеменді еліміздің қарқындап дамып, биік белестерді бағындырған, қиындықтарды еңсерген жылдары болды деп айта аламыз. Кез келген салада жаңалықтар мен өзгешеліктер, өзгерістер мен толықтырулар, басқаша бетбұрыстар болды.
Жаңаша өмір сүруді үйрендік. Заманның талабы солай болды. Бұрынғы қалыпқа түскен көптеген дүниелер басқаша түрге бөленді. Әлемдік озық елдердің тәжірибелерінен үлгі алдық, оны өзіміздің ұлттық дәстүрлерге сай жаңарттық. Отыз жылда бұрын түсімізге кірмейтін тың нәрселерге қол жеткіздік. Солардың ішіндегі төл теңгеміздің дүниеге келуі тарих. Ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдары болатын. Оған да биыл 28 жыл толыпты. Өзіміздің ұлттық валютамыз барлық қаржылық операциялардың негізіне айналды. Егемендіктің алғашқы қалыптасу жылдары. Аудан орталығында Ұлттық банктің Шонжы кассалық-есеп айырысу орталығы болатын. 15 қараша 1993 жылы бұрынғы айналымда жүрген рубліміз теңгеге айырбасталды. Бұл процесс 7 күн ішінде Шонжы кассалық есеп-айырысу мекемесінде жүзеге асты. Күндіз-түні дамылсыз жұмыс істеген мамандар, қаржыгерлер бұл үлкен өзгерісті абыроймен атқарып шықты.
1994 жылы Қазақстан Рспубликасы Қаржы министрлігі жанынан қазынашылық басқармасы құрылды. Ал 1995 жылы Мемлекет басшысының арнайы Жарлығымен Ұлттық банктің есеп-айырысу кассаларының орталықтары Қазынашылықтың базасында құрылған Бюджеттік банктің қарауына берілді. Содан бір жыл өткен соң қазынашылық жүйені дамытуға Ұлттық банкте қазынашылық бірлестігі шоты ашылды. Қазынашылық біріккен қазынашылық шоты арқылы күн сайын бюджеттің жағдайы, кірістер, шығыстар, республикалық және облыстық қаржы құрылымындағы қалдықтар бақыланып отырды. 1998 жылдың қаңтар айында бюджеттік банкінің жойылуына байланысты бюджетті атқару қызметтері аумақтық қазынашылық органдарына берілді. 2003 жылы қазынашылық органдарын «Oracle» бағдарламасы негізінде әзірленген жаңа ақпараттық жүйеге көшіру іске асырылды. Осы уақыттан бастап қазынашылық барлық аумақтық органдары республикалық бюджеттің атқарылуын және жергілікті бюджеттерге кассалық қызмет көрсетуді қамтамасыз етіп отырды. Қазынашылық органдары мемлекеттік мекемелердің құжаттарын қағаз түрінде қабылдап, 3 жұмыс күні ішінде орындайтын. Ал 2012 жылы «Қазынашылық-Клиент» ақпараттық жүйесі іске қосылып, мемлекеттік мекемелер қаржы құжаттарын электронды түрде жіберіп, құжаттарды қабылдап, орындау 8 сағат ішінде орындалса, бүгінгі күнде ол 6 сағат ішінде өңделеді, егер қате кеткен жерлері болса себебі көрсетіліп кері қайтарылады. Алдағы уақытта құжаттарды өңдеу уақыты 4 сағатта жүзеге асады деп жоспарлануда. Бұл жүйе мемлекеттік мекемелердің қаржы құжаттарын қабылдау және өңдеуге қатысты қазынашылық функцияларды автоматтандыруға мүмкіндік тудырды. Ауданда 14 ауылдық округ жергілікті өзін-өзі басқарудың ІҮ деңгейдегі бюджетті жүзеге асыру бойынша жұмыстарды жүргізеді. Жергілікті өзін-өзі басқару үшін қазынашылықтың ақпараттық жүйелерінде өңірдің жаңа алты таңбалы кодтары беріліп, жергілікті өзін-өзі басқару бюжеттерінің қолма-қол ақшаның бақылау шоттары ашылды.
Ғасырлар бойы кей елдер қол жеткізе алмаған биіктерге біз шықтық, заманауи технологияларды меңгердік, өркениеті дамыған елдердің жақсы үрдісін үйрендік. Алып Кеңес Одағы тарағаннан кейін оның орнында пайда болған мемлекеттердің барлығы ортақ дағдарысты басынан кешірді. Қалыптасқан орталықтандырылған жүйе ыдырады, зауыт-фабрикалар күйреді, балабақшалар жабылды. Экономика күрделі жағдайға тап болып, халық күйзеліске ұшырады. Осындай алмағайып кезеңнен Елбасымыз бізді алып шықты. Бірлік пен татулықтың арқасында ауыр күндерді артта қалдырдық. Міне 30 жылдық мерейлі тойымызды табысты қарсы алудамыз. Шүкір, осы күнімізге. Оңтайлы сәтті пайдаланып барша аудан жұртшылығын ұлы мерекемен құттықтаймын. Табысымыз тасқындап, жеңісті күндеріміз көп болсын.
Сайдям НУРДИНОВА,
аудандық қазынашылық басқармасының басшысы