Басты бет Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі Алтын көрсе періште жолдан таяр…

Алтын көрсе періште жолдан таяр…

0
1,127

Сахнада қос көрші. Бір емес, екі емес, қырық жыл құдайы көрші болып, үйі араласып, қойы қораласып кеткен жандар. Бірі – қазақ, бірі – ұйғыр. Діні де, ділі де бір, тілі мен салты да сарындас жандар. Татулықтарына қыл өтпестей. Бірақ сол шіркіндердің көңілі алтын көріп, кілт бұзылады. Араздық та, талас та осыдан басталады. Тауып алған алтындарын бөлісе алмай, бір-біріне арамдық та жасайды.  Бұл қойылым пенде атаулының байлыққа бола бүкіл бар болмысын жоғалтып, адамдықтың ауылынан алыстауға бейім екендігін паш етеді көрерменге. Расымен «Алтын көрген періште жолдан таяды». Бірақ екеуінің балаларының махаббаты бір-біріне деген осы бір өшпенділікті жойып, достықтан, сыйластықтан асқан дүниенің жоқтығын ұғындырады.

Қойылым комедиялық сарында болса да, айтар ойы, мазмұны өте терең. Алтын,  күміс, байлық, дәулет – адамды жолдан тайғызып, пендешілік кейпіне келтіретін алдамшы заттар екенін аңғартады. Көрерменін күлкіге қарық етеді, ойландырады, толғандырады. Біз көрген өзбек комедиясы осындай ойға жетеледі.

Өткен жылы Асқар Наймантаев ағамыздың жетекшілігімен ауданымызда «Қарадала халық театры» ашылған болатын. Облыста Абайдың «Ескендір» шығармасын сахналап, көптің көңілінен шыққан. Ашыла сала Германияның Франкфурт на Майне қаласында өткен халықаралық фестивальде бас жүлдені қанжығасына байлап, айды аспаннан бірақ шығарған еді. Өзі бастаған істі тастай алмаған Асқар ағамыз Алматы мен Қарадаланың арасындағы қара жолды тоздыра жүріп, жуырда ғана Кетпен ауылындағы мәдениет үйіне әнші, сазгер Сәдіғожа Мошанұлының есімі берілуіне орай Бақыт Беделханның «Сарыбидай» драмасын сахналатқан еді. Драманың премьерасына жиналған көпшілік дән риза болды. Шынымен Сәдіғожа бабамыздың рухымен тілдескендей болдық. Ал араға көп уақыт салмай «Қарадала» театры аудан тұрғындарының назарына «Алтын көрсе періште жолдан таяр» комедиясының премьерасын ұсынды. Кәсіби әртістер деген атақ-абыройы болмаса да Қарадаланың өнерпаздары білікті сахна шеберлерінен кем ойнамады. Аудандағы қос ансамбльдің мүшелері өмірде де, өнерде де татулықтарын танытты. Аудандық мәдениет үйінде ине шаншар жер қалдырмай жиналған көпшілік қойылым соңында тікесінен тік тұрып қол соқты. Жиналған  жандардың жүзінен шынайы лебіз бен өнерге сусындағандықтарын бірден аңғаруға болады. Қалай десек те Асқар Наймантаев ағамыздың режиссерлығымен көрерменге ұсынылған қойылым жоғары деңгейде өтті деп нақ айта аламыз.

Айтпақшы, ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында күні кеше ғана Талдықорған қаласында өтіп жатқан халық театрларының фестиваліне біздің аудандық «Қарадала халық театры» да аталмыш қойылыммен жол тартты. Бас-аяғы 23 театр түсетін додада біздің жерлестеріміздің аты озуына шын тілектеспіз. Талдықорғандық ағайындарды да өз қойылымдарымен риза етіп, көңілдерінен шығып, жүлделі орыннан көрінетініне де сенім мол.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

МУСТӘҚИЛЛИК ПАРАВӘНЛИГИМИЗНИҢ АСАСИ

Әтә елимиз Қазақстан хәлқиниң «Жумһурийәт мәйрими» күни нишанлиниду. Мәзкүр сәрләвһә әтрап…