Бала кезімде үйдің қабырғасында кішкентай ғана радио ілулі тұратын. Ол әр ауылдағы әр тұрғынның үйінен табылатын. Идеологияның мықтылығы ма, жоқ әлде басқалай себебі болды ма, әйтеуір, сол бес сомдық радио еш демалыссыз істейтін. Ол таңғы сағат 6 дан бастап саңқылдайтын. Дауысын бәріміз еститінбіз. Онда жаңалықтардан бөлек концерттер, тіпті спектакльдер де қойылатын. Үйдің үлкендері бізді шулатпай соны жантайып жатып тыңдайтын. Сол кезде Латиф Хамиди деген атты жиі еститінмін. Бірақ оның кім және немен айналысатындығына онша мән бермейді екенмін. Балалығым болар. Осы есім құлағымда әлі күні жаңғырады. Шынын айтсам сол кездегі ел билігінде жүргендердің бірінің есімі жадымда жоқ. Сөйтсем Латиф Хамиди музыка өнерінің биік шыңы екен ғой. Өшпес әуені арқылы оның есімі құлағымызда қалып қойғаны да сондықтан. Аса талантты композитор, дирижер, қазіргі тілмен айтқанда мықты оранжировщик. Қазақ музыкасының тарихында есімі ерекше таңбаланып қалған композиторымыз, мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық әртісі, композитор Латиф Абдулхайұлының биыл 115 жылдығы.
Латиф Хамиди 1906 жылы татар жерінде дүние есігін ашқан. Бірақ барлық саналы ғұмыры қазақ даласымен тығыз байланыста өткен. Қазақтың ұлттың музыкасын зерттеуші, түгендеуші, композитор, педагог, Қазақ КСР-інің халық әртісі, КСРО Композиторлар одағының мүшесі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақ халық музыкасын жинаушы. Ташкент халық ағарту институтын, Мәскеудің бірінші музыкалық техникумын, Мәскеу консерваториясы жанындағы татар опера студиясын бітірген. Қазақтың халық аспаптар оркестрінің дирижері болып, Қазақтың Петр Чайковский атындағы музыкалық училищесінде, Қазақ консерваториясында ұстаздық еткен. Композитордың Ұлы Отан соғысы жылдары жазған «Аттаныңдар майданға», «8-гвардия дивизиясының әні», «Батыр қыз», «Нүркен» әндері тыңдарманын қаһармандық сезімге бөледі. Ол қазақ музыкасына тұңғыш вальс жанрын енгізіп, «Қазақ вальсі», «Бұлбұл» әндерін шығарған. Сондай-ақ оның әсем әуенімен ерекшеленетін вальстері, хорлары, симфониялық оркестр, халық аспаптар оркестрі үшін камералық-аспаптық шығармалары, қойылымдар мен кинофильмдерге арналған музыкалары бар. Композитор қазақтың опера өнерін өркендетуге де үлкен үлес қосып, «Абай», «Төлеген Тоқтаров», «Жамбыл» операларын, «Жамбыл мен Айкүміс» музыкалық пьесасын, «Балбұлақ» опереттасын жазды. Сонымен қатар «Домбыра үйрену мектебі» (Б.Ғизатовпен бірге), «Дирижерлік етудің негіздері» (Х.Тастановпен бірге), т.б. зерттеу еңбектерін жазған.
Көрнекті мәдениет қайраткері, композитор, дирижер, ұстаз өзінің жанжақты жемісті еңбегімен, өзіндік сипаты бар, көркемділігі биік шығармашылығымен өшпес мұра қалдырды. Менің бала құлағымда жатталып, еш ұмытылмай қалғаны КСРО халық әртісі Күләш Байсейітованың орындауындағы «Қазақ вальсі» әні екен. Л.Хамиди жүзге жуық туындылар жазды. Оның ішіндегі өресі биік, құндылығы мәңгілік болған 1940 жылы шыққан әйгілі «Қазақ вальсі». Сөзі халық жазушысы Сәбит Мұқановтікі. Қуаныш пен шаттық сезім, жастық үн мен еркіндікті паш ететін бұл вальс, осы күнге дейін өзінің құндылығын, мәні мен сәнін сақтап, тыңдаушыны өмір сүйгіштікке бөлеп, қазақ музыкасының классикалық үлгісі ретінде бағаланады. Композитордың шығармашылығының ішінде тағы да бір өзгеше ән «Бұлбұл». Оны орындау үшін аса шеберлікпен қатар мықты вокалдық қабілет керек. Күләш Байсейітова мен Бибігүл Төлегеновадай қазақтың бұлбұл қыздары ғана шыңырау шыңына жеткізіп орындай алған әндердің авторы Л.Хамиди. Осындай таза әндерді тудырған ол сезімтал суреткер ретінде өз заманының жаршысы болды. Оның шығармашылық стилі, әуен сұлулығы мен мөлдір бұлақтың суындай тазалығы ұлттық бояумен сипатталады. Л.Хамидидің қазақ халқының ауызекі түрде қалыптасқан музыкалық поэтикалық мұрасын тереңінен қабылдауы, оны маман ретінде игеріп, нағыз қазақи үнді әндер және басқа да шығармалар жазуына композитордың фольклорлық нұсқалармен көп шұғылданғандығы ықпал етті.
…Балалық шағына шегініс жасайық. «Болар бала б…» деп бекер айтылмаған ғой. Үйде жүріп-ақ ағасы Халимолдадан сауатын ашқан Латиф мектепке барған қатарластарынан бойы озық болып, әріптердің бәрін танып алғандықтан бірден екінші сыныпқа қабылданады. Оның музыкаға деген қабілеті осы мектепте ашылды. Мұғалімдері – Зариф Қадыров, Ғимат Темірболатов әнші-музыканттар еді. Ғимат ағасына ерекше бауыр басты. Осы кісіден мандолин үйренді. Бір жолы Латиф әкесіне: «Мен музыкант болам», – дейді. Бір нәрсеге ренжіп, сіркесі су көтермей тұрған әкесі шапалақпен бетінен тартып жібереді. «Мандолиніңді быт-шыт қылам», – деп үйден айдап шығады. Анасы қолынан келетін қайран жоқ, іштей булығып, араға түсе алмайды. Сол күннен бастап, Латиф мандолинді жасырын тартты. Жасырын істелген нәрсенің бәрі ыстық әрі қызық болатын сияқты Латифтің де музыкаға, әсіресе музыка аспабына деген қызығушылығы әкесі тыйым салған сайын өршелене берді. Дегенмен үлкеннің сөзін жерге тастамай өскен ұрпақ болғандықтан есейе келе әке-шешесінің ырқына көнеді.
Ташкенттің түрік-татар ағарту институтына түсіп оқыды. «Мұғалім болып асырайды», деп сүйінген әке-шешесінің үміті жеме-жемге келгенде ақталмады. Латиф музыкаға бет бұрды. Оған құлай берілді. Әкесі өз қолын өзі кесе алмады. Амалсыз тосылды. Латиф институтты бітіре сала Москваның бірінші музыка техникумының композиция класына оқуға қабылданды. Профессор Б.Л.Яворскийден дәріс алды. Өзі аңсаған музыка әлемі. Москваның бас айналдырған қызығынан басқа ешқайда кеткісі жоқ. Мұнда жан досы, ақын Мұса Жалил бар. Одан бөлек Александр Затаевич, Мұхтар Әуезов, Ахмет Жұбановпен танысты. Затаевич оған қазақ музыкасының сырлы сарайының есігін ашса, Әуезов оны Абай әндерімен таныстырды. Бұрын келіп көрмеген қазақ деген ұлттың өнерімен осылайша сырттай таныс болды.
Ташкентте оқып жүргенде бір жолы өнерпаздардың тобында Алматыға жолы түседі. Сол кездегі қаланың көрінісі оған Мысыр шаһарындай әсер етеді. Алатаудың асқар шыңы көз алдынан кетпейді. Москваның да шығармашылық ортасына бойы үйренгендіктен, ол қала да бұл үшін өте ыстық. Үлкен қалада араласып, құраласып қалғандықтан Латифтің бойынан үлкен потенциалды байқаған Ахаң атақты Ахмет Жұбанов Латифті Алматы қаласына жұмысқа шақырады. Ол 1933 жыл болатын. Өзінің естелігінен мысал айтар болсақ: «Мен Қазақстанға 1933 жылдың көктемінде келген болатынмын. Алғаш танысқан әншілерім Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Елебеков, Күләш Байсейітова, Рабиға Есімжановалар болды. Сол кездегі Әміре мен Жүсіпбектің салған «Ағаш аяқ», «Көк көбелек», «Балқадиша», Қанапия» әндері әлі күнге құлағымнан кетпейді. Жүсіпбек салған «Қанатталды» әнін алғаш естігенде көзіме жас келгенін де байқамай қалыппын. Бірнеше жыл Жүсіпбекпен филармонияда қызмет етіп жүрдік. Ол кезде жазып жүрген шығармаларым жайлы айтқан Жүсекеңнің сын-пікірлерін өте бағалайтынмын және оның ән салудағы ерекшелігін өз шығармаларыма қолданып та отыратынмын»,– деген еді. Яғни қазақ әндері оны бірден баулып алады.
Тағы бір естелік ретінде айтылып жүрген жайт, дирижер Орынбек Беков Латифты Сәкен Сейфуллиннің үйіне ертіп апарады. Сол жолы Сәкен оған: «Сенде өнерге деген ерекше махаббат бар, қазақ музыкасы даму үстінде, осыған өзің де үлес қосып, ән шығарсаң қайтеді» деп, «Қызыл қырандар» деген жырын ұсынған. Жаңа шыққан ән алғаш атты әскер полкінің мерекелік концертінде тұңғыш рет орындалды. Осыдан бастап Латиф Хамиди ән жанрымен айналыса бастады. Көкірегі мөлдір сезімге толы жас композитор осыдан кейін бірнеше ән жазады. Көрнекті жазушы Сәбит Мұқановтың «Екі той» атты пьесасына Латиф Хамиди ән жазады. Кейін бұл туынды «Қазақ вальсі» болып шырқалады. Қазақстандағы бас оркестрдің бас дирижері Ахмет Жұбанов одан басқа да пьесасы, радиоспектаклі, мерекелік шаралары бар дегендей қолының бос еместігін жоғарыдағыларға айтып жүріп оркестрдегі бас дирижерлік қызметін Латифқа тапсырады. Жұбанов Латифті қызғыштай қорып, жоғарыдағы басшыларға оның білімді дирижер екендігін зорға түсіндірген-ді. Латиф те оның үмітін ақтады. Қазақ музыкасының жаңа қырынан дамуына өзіндік үлесін қосты. Латиф Хамидидің «Балбұлақ» опереттасы, симфониялық оркестрге арнап жазған «Татардың би» сюитасы, «Қобыланды» сюитасы мен «Амангелді» маршы, халық аспаптар оркестріне арнап жазған «Керуен», «Қордай», «Домбыра-прима аспабы мен оркестрге арналған концерті, камералық оркестрге арнап жазған «Қазақ тақырыбына сюита», «Полька», «Романс», «Дәулеткерей» күйі тақырыбына пьеса, балаларға арнап жазған көптеген шығармалары біздің алтын қорымызда сақтаулы.
Қазақтың ұлттық музыкасын кәсіби деңгейге көтеріліп, қарқынды дамуына үлкен үлес қосқан татар халқының өкілі, Қазақстанның халық әртісі, ұлағатты ұстаз, белгілі композитор Латиф Хамидидің есімі өнер өлкесінде мәңгі жасай бермек.Татар жерінде Кайбеиз ауданына қарасты Бували елді мекенінде дүниеге келген Латекең бала кезінде қазақ музыкасының майталманы болам деп ойлады ма екен, сірә, кім білсін?..Талантты тұлғалардың қасында, жақсы адамдардың жанында жүргені оны осындай биіктерге шығарды. Бала кезімізден құлағымызға сіңісті болып қалған Латиф Хамиди есімі мәңгілік елдің мәңгілік есіміне айналғаны айдан анық.
Баян МАМЫРБАЕВА