Басты бет Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі Ерекше балаларды қоғамға бейімдеу

Ерекше балаларды қоғамға бейімдеу

0
1,125

Тәуелсіздіктің қоғамға берген жақсылықтары мен жаңалықтары көп. Тәубе етуіміз керек. Бұрындары тек ірі қалаларда болатын, құлақ естігенмен көз көрмеген көптеген дүниелер қазір шалғай аудандарда тіпті тұрғындары аз ауылдарда да бар. Байланыс жүйесі жақсы дамыды. Ірі қалаларда ғана болатын баспаханалар ауылдарға да қанатын жайды. Жақсылықтар ұшан-теңіз. Солардың ішінде ерекше атап өткім келетіні ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін көптеген бағдарламалар жасалып, олардың жүзеге асуы. Мәселен бұрындары мүмкіндігі шектеуі балалар тек орталықтардағы, яғни үлкен қалалардағы арнайы мектептерге жіберілетін. Онда да оған лимит жетіп жатса. Орналастыруға да кез келген сәтте мүмкіндіктер жете бермейтін.

Ал қазір ондай орталық өзіміздің аудан орталығында бар. №5 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті аудандағы мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істейді. Бүгінгі таңда мұнда 3 логопед, 3 дефектолог, 2 психолог, 2 емдік дене шынықтыру нұсқаушысы, 1 әлеуметтік педагог ерекше білім беруді қажет ететін балаларға түзету-дамыту жұмыстарымен айналысуда. 18 жасқа дейінгі 139 бала аңғарымы бойынша түзету көмегін алуда. Оның ішінде тірек-қимыл әрекеті бұзылған 65, зияты зақымдалған 16, есту қабілетінде ақауы бар 1, тіл кемістігі бар 52, психикалық дамуы тежелген 2, аутизм аңғарымымен 3 бала түзеу көмегін алуда. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау үдерісін өз уақытында, дұрыс, жүйелі жүргізіп отырса ғана белгілі бір нәтиже шығары анық. Ерекше білімді қажет ететіндіктен олардың әрқайсысымен жеке жұмыс істеу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан әр маман ең алдымен өзінің бойынан ерекше қабілетті іздеу керек. Бір айтқаннан қабылдай қоймайтындықтан кейде бір нәрсені ұзақ уақыт қайталауға тура келеді. Сондай тұста сабырлылық пен шыдамдылық аса қажет. Мысалы түстерді ажырата алмайтын балалар бар. Оларға ақ пен қараны ажырату үшін апталап уақыт кетеді. Дегенмен нәтиже бар. Ата-аналардың көмегімен біраз балаларымыз сабақ оқуға, сурет салуға, айтқанды түсінуге дейінгі деңгейге жетіп қалды.

Ең бастысы ерекше білім беруді қажет ететін балаларды сәби кезінен анықтап, олардың ортаға бейімделуіне жағдай жасауымыз керек. Жалпы ерекше баланы қоғамға бейімдеу мен оқытуда ерте диагностикалау мен түзету маңызды. Оларға берілетін тәрбие де ерекшелікті талап етеді. Бұл тәрбиенің негізгі мақсаты еңбекке баулу, сондай-ақ қоғамда өзіндік орындарын табуға бағыт беру, өмірге икемдеу. Олардың еңбек дағдылары бірден қалыптасып кетпейді. Мұндай балаларға мамандармен бірге ата-аналардың да көмектері ауадай қажет. Сонда ғана белгілі бір нәтиже болары анық. Мүмкіндіктері шектеулі болғанымен бойларында дарындары бар балалар көп. Тек соны дер кезінде байқап, қол ұшын бере білу біздің басты міндетіміз. Баласының қалаған ісімен еркін шұғылданып, қоршаған ортаны тануына, олардың толыққанды тұлға ретіне сезінуіне көмек бере алсақ сол міндет үдесінен шыққанымыз.

Мақпал АБДРАЗАҚОВА,

 №5 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің дефектолог мұғалімі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

МУСТӘҚИЛЛИК ПАРАВӘНЛИГИМИЗНИҢ АСАСИ

Әтә елимиз Қазақстан хәлқиниң «Жумһурийәт мәйрими» күни нишанлиниду. Мәзкүр сәрләвһә әтрап…