Басты бет Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі Ұлылардың рухтары санамызды серпілтсе…

Ұлылардың рухтары санамызды серпілтсе…

0
779

Біреуді сынап, мінеуге бізде қауқар жоқ. Бірақ көзбен көргенді, құлақпен естігенді үн-түнсіз бақылау да «біртүрлі». Күні кеше ғана Парламент Мәжілісінің Пленарлық жиынында депутат Жанарбек Әшімжан Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевке Каспий теңізінің биологиялық ресурстарына қатысты бірнеше сауалын қойған сәтіне куә болдық. Жас министрдің депутаттардың алдында күмілжігеніне қайран қалдық. Өз саласын жетік меңгерген, атқаратын жұмысының жүгін сезінетін адамның күмілжуі тіпті мүмкін емес. Каспий теңізіне қатысты жүзеге асатын шараларға бөлінетін қаржы мәселесі, мемлекетаралық жобалар бар ма деген сауалдарын көлденең тартып, сұрақ қазақша қойылғандықтан жауап та қазақша болсын деген талабын да ескертті халық қалаулысы. Министр мырза мемлекеттік тілде жауап беруге дайын еместігін, яғни ойын толық ашуға мүмкіндігі жоқтығын ескертті. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматуллин мемлекеттік тілде жауап беру керектігін таптады, бір жолға рұқсат беріп, келесі жолы міндетті түрде мемлекеттік тілде жауап беруін өтінді.

«Ойпырым-ай. Өз елінде, өз жерінде, өз ана тілінде сөйлей алмайтын адам неге министр орынтағына отырады?» деген сұрақ өз-өзінен көмекейіңе кептеліп, арғы дүниеңдегі «бірдеңеңді» қоздырғаны тағы рас. Ағылшын, қытай, басқа да тілдерді таза білетін су жаңа министр өз ойын орысша жеткізгісі келетіндігін айтты. Осындайда өз ана тілінде сөйлеуге қауқарсыз, намысы, жігері жоқ министр мырзаның көсегемізді көгерте қоятындығына сенім де азая қалғанын жасырмаймын. «Жетпіс жыл бодандықта орыс тілін білмесең наныңды тауып жей алмайсың» деген нанымда тәрбиеленген аға буын өкілдеріне кешіріммен қарауға болар, ал енді тәуелсіздіктің төл балаларының ана тілінде ақпарат бере алмауын қалай бағаласақ болады. Шетелдің белді оқу орнын тамамдаған азаматтың дәл осы жауабы шамыма қатты тиді. Білдей бір министрді сынға алатындай менде де қауқар жоқ. Дегенмен іштей бір қынжылыс па, өкпе ме әйтеуір бір кедергі тұр. Жай адам министр болмайды, оған дауым жоқ. Басқа да жақсы қабілеттері бар болар, мықты маман шығар, шетелдің озық технологияларын меңгерген білімпаз болар, ол жағын білмеймін. Дей тұрғанмен осыншама күмілжу жанымызды жабырқатқаны рас. «Кінәмшіл, өкпешіл болып алдық» дегенді соңғы кезде көп айтамыз. Айтайын деп айтпайсың. Жерін, елін қорғап, ұрпағы үшін, тілі мен ділі үшін жандарын қиған Алаштың арыстары мынандай ұнжырғасы түскен ұрпағын көрсе не дер еді? Еңіреп жылап жіберер ме еді, кім білсін. Қайран рухы мықты, еңсесін ешкімге еншілетпеген бабаларымыз. Сіздердің алдарыңызда көп нәрседен ұятты боп жүрміз өзі. Мемлекетшіл емеспіз, елдің қамынан гөрі қарнымыздың қамы артығырақ. Еліміздің емес, жеке басымыздың байығаны маңыздырақ. Шыны сол. Ішіп тоймадық, жалап та тоймадық. Қашан тоятынымыз да белгісіз…

Осыдан ширек ғасыр бұрын Шығыстың кербұғысы атанған көркемсөздің хас шебері Оралхан Бөкей «Атау кере» хикаятында: «Қазір біз жатыпішер жалқаулықтың бұрын-соңды болып көрмеген жаңа дәуірін кешудеміз. Өзіміз ойлап тапқан жеңілдіктер бойкүйездіктің бесігінде әлдилеген сайын маужырап, бойымыз балқып, апиын ішіп алжасқандай дел-сал, ұйқылы-ояу хал меңдеп барады-ау. Рас, миымыз жұмыс істейді, біліміміз мұхиттай, бірақ бүкіл ағзамыз қимылсыз, қозғалыссыз, тұйық су секілді борсып, бірте-бірте өле бастамағанына кім кепіл…. Біз қатігезденіп барамыз. Біз имансызданып барамыз, біз айналайын анамыздың ақ сүтін ақтай алмай жүрміз, бір күнгі қызды-қызды қызыққа мастанып, тасыраңдап кеттік, көзімізді шел басты, көңіліміз көр, жігеріміз құм болып, құрдым дәуреннің әләуләйін шырқап жүрміз… Ел болудың ең бір оңтайлы сәтінде оспадарлық танытсақ, тегімізді жел көтеріп, еңкейіп шапқылай берсек, берекесіз де бекер ішім-жемнің құлы болсақ, Біз үшін жалғыз жанын садақалаған Ата-баба аруағынан ұят емес пе? Біз күні бүгінге дейін ұлттық адамгершілік, имандық бет-бейнесі мен болмысын, келбеті мен лайықтылығын анықтай алмай жүрміз…»

Жүректі езер есіл сөздер… Қазір де ешнәрсе өзгере қоймаған сияқты. Дәл бүгінгі көрініс.

Ұлтжанды азамат, ғалым, этнограф, жазушы Ақселеу Сейдімбек –ұлтының рухын көтеруге, оның жігерін жануға жанын салған азғантай азаматтың бірегейі. Азғантай дегенге кейбір ағаларымыз өкпелей қоймас. Ол әр сөзін, әр сөйлемін, ойын, пікірін халқына, ұлтына арнады. Биік мінберден бүгінгі жастарымыздың жайы туралы айтқаны есіме қайта түсті. Шетелден білім алған, мұхит асқан, өзге елдің өнерін оқып келген жастардың билік басына келулері, тіпті министр орынтағына отырғандығына қатысты ойы жадымда жатталып қалып қойыпты. «Мықты экономист немесе өз саласының ең жоғары деңгейлі білікті министрлері керек шығар елімізге. Экономиканы көтеруге, әлеуметтік саланы жақсартуға үлестері бар болар. Сол министрлер мен билік тізгінін қолына ұстаған азаматтарымыз халық әні «Елім-айды» біле ме? Егер білмесе онда рухымыздың жойылғаны. Ал рухы жойылған ұлт ұлт болудан қалады. Бұл әнді білмеген қазақ өзінің ұлттық рухын көтеріп, ұлттық мүддесіне адал қызмет ете алады деп ойламаймын» – деген еді. Өйткені ұлттық рухтан гөрі орынтақ, лауазым, материалдық жағдай олардың жанына жақын. Марқұм жатса-тұрса ел жағдайы, ұлт мәселесі, ұрпақтың санасы жайлы айтудан еш жалықпады. Сол жолда жүрегіне салмақ та салды.

Ұлттық рух ұлттық мүддеге қызмет етеді. Сол ұлттық рухты жоғалтып алмасақ деп шырылдаған адамдарға біртүрлі қарайтын қызық заман негізі қазір. Ойын ашық айтатын адамдарды диссидент дей саламыз. Диссидент саясатта жүрген адамдарға қатысты айтылатын сияқты еді. Жүріп тұрған саясатқа қарсы пікір айтатындарды диссидент демеуші ме еді. Қызық заман дейтініміз, өз ойын, пікірін ешқандай саясатсыз-ақ айтатын адамдарды да осы баламаға теңей саламыз. Мықты режиссер, зерделі адам, интеллект өнертанушы Болат Атабаевты да диссидент атандырдық. Шын мәнінде – ол өте дарынды өнер адамы. Тек ойын бүкпесіз айтатыны, өтірікке жаны қастығы оны осындай атаққа ие еткізді. Оқығаны, тоқығаны көп сол ағамызды да есекке теріс айналдырып мінгіздік. Ал енді еліміздің ертеңін сеніп тапсырған жас басшыларымыздың істерінен бөлек, сөйлеген сөздерінен ешқандай жалынды, рухты сезінбей, сезінбек түгілі солардың не айтып жатқанын түсіне алмайтын халге жеткендейміз. Өзімізде өтетін жиындардан да жиырыла бастадық. Онлайн, қашықтан дедік. Енді бас қосулар басталып еді, цифрлаттық. Бәрі керемет, бәрі тамаша. Кейбір кемшіліктер ғана болмаса. Жауыр болған есептер, өз шаруаларымен айналысып отырған жиналысқа қатысушылар, ойлары жан-жаққа шашыраған есеп берушілер. Қашан селт еткізер сөздер естіп, рухымызды көтеретін әрекеттерге барады екенбіз…

Бізге ең қымбаты – ұлттық намыс. Жалаңаш жүрсек те, аш жүрсек те, ұлттық намыс болса көңіліміз тоқ болары хақ. Тіліміз, рухымыз, қайсарлығымыз сақталса, қазақтың намысы биік болатын болса халық аштыққа да, суыққа да, жалаңаштыққа да төзе біледі. Мықты жазушы, драматург Дулат Исабековтың бір басылымға берген сұхбатынан үзінді алайын. «Жазушыға қажет қасиеттер – азаматтық, ұлтжандылық, әділдікке араша түсу. Алайда қаламгерлерде осы жағынан келгенде жасқаншақ­тық басым. Ең арысы, көзге көрініп тұрған қиянатты көрмегендей өте беретін болды. Қоғамдағы ащы шындықты бәрі біледі. Біле тұра өзі бас көтермейді. Басқаның бас көтергенін қалайды. Қоғамдық пікірге атсалыспайтын жазушылар көбейді. Тілдің мәселесі көтерілген кезде, кешегі доктринаны талқылаған сәтте, бір жазушылар, ғалымдар аштық жариялап жатқанда, тілді, жерді, шекараны қорғап шыр-пыр болып жатқан уақытта жазушылар­дың бәрі бірдей білгенділік танытпа­ды. Бес-алтауы ғана араласты. Біреу­ле­рі тайқып шықты. «Мен қол қойған жоқ едім. Мен аштық жариялаған жоқ едім» деп. Бұл ұлтты сату деген сөз. Мұндай адамдар кез келген уақытта ұлт мүддесін сатып жібере алады. Менің қорқатыным осы. Принцип, көзқарас деген болады адамда. Мен жазушылардың бәрінде тұрақты көзқарас бар деп айта алмаймын. Өмірдің биігін, аласасын, оңын, солын, бәрін ой елегінен өткізіп жүр­­ген, әдебиетті оқып жүрген, әлемде не болып жатқанынан хабардар адамның міндетті түрде өзінің көзқарасы болады. Ал жағымпаздық пен жал­пақшешейлікті көзқарас деп айта алмаймын. Көзқарас, талғам, таным парасатты адамдарға ғана тән. Біздің көп жазушыларымыз азаматтықтан да, парасаттықтан да алыс қалған ба деп қорқамын. Әлде біліп тұрып солай істей ме, әлде білмей істей ме? Сосын немқұрайдылық жөнінде. Ең жаманы осы немқұрайдылық. Қоғамдағы қауіпті адам осылар. Ана жаққа да шығып кетеді, мына жаққа да шығып кетеді. Өзіндік көзқарасы қалыптаспаған. Бірақ олар өздеріні­кін жөн санайды. «Менің де өз ойым бар» дейді. Әрине, өз ойы бар болуға тиіс. Бірақ бір нәрседе – ұлттық мүд­де­ге келгенде ойымыздың бір жерден шыққаны дұрыс. Көрініп тұрған әділетсіздікке айқай салмау, араша түспеу – бұл әділетсіздікті қолдау деген сөз.

Міне адамдардың барлығы осындай оймен, осындай түйсікпен өмір сүрсек, қоғамымыз жақсы жағына қарай өзгерері ақиқат. Өз ойым бар дегенде жеке қарақан басының қамы емес, елінің, ұлтының болашағы айшықталып тұрса көкіректе. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына жеттік. Жеңістеріміз бен жеңілістеріміз, жетістіктеріміз бен кемшіліктеріміз болды. Озық 30 елдің қатарына кіреміз деген үлкен дәмеміз бар. Ол жолға тек біліммен, елім, жерім үшін жаным садаға деген рухты сезіммен ғана жетуге болады. Мәдениетіміз өркендеп, экономикамыз қарыштап алға басып, халқымыздың әл-ауқаты жақсаруы үшін біздің жерде бәрі бар. Тек соны ұлтымыздың мақсатына, ұлтымыздың пайдасына жұмсай білсек. Бірін айтып біріне кеттік. Намысымыз жаншылмай, ұятымыз тапталмай, жігеріміз құмға айналмай ұлттық Рухымыз бойымызды түгелдей бойлағанда ғана қатарына кіреміз деген отыздыққа алшаңдай басып жететініміз хақ. Рухты елдің ұрпағының рухсыздануынан сақтасын Жаратушы ием. Орақ тілді Оралханның, рухы биік Ақселеудің, көзі тірі, намысы жоғары Дулаттың жан дүниесіндегі ұлттық құндылықтардың шапағаты ұрпағына там-тұмдап болса да тисе екен деген ниет қана біздікі…

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

МУСТӘҚИЛЛИК ПАРАВӘНЛИГИМИЗНИҢ АСАСИ

Әтә елимиз Қазақстан хәлқиниң «Жумһурийәт мәйрими» күни нишанлиниду. Мәзкүр сәрләвһә әтрап…