Атадан туған — әруақты ер

0
610

Өрені биік, тағдыр тағайындаған табиғи болмысы да ерекше ақын, ол – Хамит Ерғалиев. Ақынның биыл 105 жылдық торқалы тойы. Өмір жолында түрлі тажал кешіп, зардабы мен салмағы мол заманда, болашаққа бой түзеген өр рухты болмысы оны әдебиетіміздің шыңына шығарды. Намысты елдің ұрпағы ретінде өз айбатын Ұлы Отан соғысында дәлелдеген болатын. Мұның өзі айта кетерлік жайт. Қайраты қалың ақын қанды майданда бой көрсетіп сардар атанды. Сол жырдарда Хамит Ерғалиевті ел батыр десе, бейбіт өмірдің шуақты күнінде ақын деп таныды. Жеке өзіне келер болсақ, Хамит Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде білім алған. Алғашқы шабытты өлеңдері мен публицистикалық мақалалары, эпикалық поэмалары Гурьевтің облыстық газеттерінде 1936 жылдары жариялана бастаған. Сол кезеңнен бастау алған ақындық қасиеті – бүгінгі әдебиетіміздің мол қазынасы. Бұрынғы «Социалистік Қазақстан» қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінің әдеби тілшісі ретінде еңбек атқарып, 1950-57 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының секциясының меңгерушісі болып қызметке тағайындалған. Түрлі жыраулар мен күйшілердің шығармаларына ерекше мән беріп, ой толғамдарын жинақтап, мағынасын халыққа поэма, дастан арқылы ашып, жырмен жеткізген. Ақынның шығармашылық тақырыптары әр алуан. Өзінің «Әке сыры» поэмасында совет адамдарының аумалы-төкпелі жылдардағы жанқиярлық ерлігі мен өзінің бастан кешірген оқиғасын жария еткен. Сол жылдардың болмысын айқындап, бейбітшіліктің қандай қиын жолдармен келгендігін әсерлі етіп жеткізген ақын. «Үлкен жолдың үстінде» атты поэмасында социалистік өмірді жаңа қарқынмен қалыптастырып жатқан жұмысшы табының елеулі еңбектерін сипаттады.

Хамит Ерғалиевтің еңбегін бағалап, жазған мақалаларын сүйсініп оқыған жанның бірі – Дінмұхамед Ахмедұлы Қонаев. Ауылы аралас, қойы қоралас ақындармен бірге Қонаевтың атынан пәтер алғаны да бар. Дінмұхамед атамыздың сыртынан тәнті болып жүретін Хамит бір күні Мұхтар Әуезовтің аузынан «Қонаев сенің жазғандарыңды оқиды екен, жақсы көреді екен сені» деген сөзді естіп қуанышы қойнына сыймай қалғанын айтқан. Ұлылардың ортақ байланысы да осыдан басталған екен. Қонаев жайлы көлемді жазған ақынның еңбегі де жоқ емес. Геолог ғалым, профессор, академик Қаныш Сәтбаевпен де жақын араласқан ақын. Ұлы ғалымның рухына арнап «Ғарыштағы Қаныш» атты баллада жазып, Қаныштың өмірдегі көркем мінезін көркем өлеңмен сипаттаған.

Хамит Ерғалиев – өмірін өз қажеттілігіне емес, халық қажеттілігіне сарп еткен ақын. Себебі, жазған еңбектерінің көбісі дерлік ел шындығын таба алмай жүрген оқиғаларға әрі белгілі тұлғалардың қызықты деректеріне арналған. Құрманғазының күйлеріне үңіліп, мағынасын аша білген. Екі ішектің қағысымен, саусағын сырғанатқан ноталары арқылы тілсіз құдіреттің мәнісін аша білу даналықты талап ететіні белгілі. Құрманғазының абақтыдағы күйінен ақынымыз мынадай ой-толғау келтірген:

Темір тор, биік қамал, қара құлып,

Қояр ма үлкен жанын жара қылып?!

Әне жүр надзиратель сап – сарыала,

Иыққа суық қару – жарақ іліп.

Осындай даналық Хамит ақынның бойынан көрінгендігі қазақ халқының тағы бір танымдық қасиетінің шыңы деп бағаласақ артық етпес. Еліне құштарлығы мол, жеріне сүйіспеншілігі зор ақынның аты әдебиет әлемінде және оқырманның санасында алтын әріппен жазулы тұр.

Ақынның әншілігі де бір төбе, халық әндерін керемет әуезділікпен орындайтын жанның бірі болған. Халқымызға тән, ұлтымыздың құнды аспабы болған домбыраны арқасынан тастамай, әсем әуенменен сүйемелдеп талай әнді шырқаған деседі. «Хамит ақынның бір сырласы қалам болса, екінші сырласы домбыра»,  – дейді халқымыз.

Аудармашылық бағытқа да әуестігі бар Хамит көптеген шет ел ақындарының еңбектерін, оның ішінде Д.Байронның, В.Шекспирдің, П.Неруданың, Н.Хикметтің, орыс жазушыларынан А.Пушкиннің, М.Лермантовтың т.б шығармаларын қазақ тілінде сайратып, салыстырма жұмыстарын да жүргізген. Сонет жанрын қалыптастыру кезеңінде де қосқан үлесі өте мол ақынның.

Ерғалиевтің жалпы жұрт көңіліне сақтай бермейтін ерлігі де жетерлік. Хамит жайлы сөз қозғасақ «Құрманғазының мәйітін кім тапты?» деген ой бірінші қозғалары анық. Ақын оны былайша баяндаған еді «Ол зиратты мен 1952 жылы Бозан, Қиғаш бойларын жаяу аралап жүріп əрең тапқам. Сол сапарда əйелінің, шешесінің аттарын анықтап, бұрын белгісіз бірсыпыра күйлерін біліп қайтқам. 1954 жылы Құрекең басына Ахметті ертіп апарғам. Күмбез мəселесін сол жолы қозғап, Гурьев Облаткомына қаржы бөлгізгенбіз. Күмбез көтерілетін жылы Алматыдағы Артилерия көшесі күйші атына көшірілді. Бұл да өзінше оңғарылған ара-қатынастың куəсіндей еді. Есімі ұлттық мақтанышымыздың  бірі болған суретші-мүсінші марқұм Молдахмет Кенбаев Құрманғазы ескерткішіне жарияланған бəйгеде бірінші жүлдені баяғы бір жылдары алудай-ақ алып еді-ау!.. Автор он ойланып, тоқсан толғанып, Алматының тау беткейіндегі қай жеріне орнықтырарын табудай-ақ тауып еді-ау!.. Ахмет Жұбанов пен автор үшеуміз ол ескерткішті қиялымызда қызықтап, оған құшақ-құшақ гүл шоқтарын да қойғанбыз. Өз басым осы болашақ іс əлі-ақ шындыққа айналар деген сеніммен Молдахметті жетелеп талай жерге кіргенімді енді айтуға да ұяламын», – дейді. Одан кейінгі ерлігі ретінде Ақан серінің мазарын қоршағандығы мен биік мола тұрғызғандығы естелік беттерінде жазулы тұр. Аталы ұлдың басты міндетінің бірі де осы емес пе? Аты өшпестей еңбек қалдырған бабаларын халық жадынан шығармауға ат салысып, қалың жамағат жүретін орталықтарға мүсінін тұрғызу нағыз ардың ісі.

Зейнолла Қабдолов ақын жайлы «Өмір жасы сексенге, өнер жасы алпысқа толғанша «Хама, Хама» деп бәріміз қадірлеп жүрген Ерғали баласының әкесі қойған аты – Хамит, Құдай жаратқан заты – ақын, мағынасы мығым метафора: Хамит – ақын, болды, мұның бұдан басқа баламасы яки ауыстырмасы да, салыстырмасы да жоқ», – деп нақтылады.

Мені ақын еткен халық өмірі дейтін ақынның туған жері – Атырау. Осы өлкеде сөз маржанын мирас тұтқан жандарға арналған экспозициялық музейлер өте көп. Соның ішінде жәдігерлерге бай, елеулі еңбектерге толы Хамиттің мұражайы.

Тағдырын қаламмен түйістірген ақынның аты мәңгілік санамыздан өшпейтініне кәміл сенімдімін. Келешегінің кірпішін кемеңгерлікпен қалаған жазушының еңбектері шаң баспасын дейміз. Әдебиет әлемінде орны бөлек, шоқтығы биік Хамит Ерғалиевтің болмысы әлі күнге көз алдымызда. Енді тек ақынның аманат еткен құнды жазбаларын насихаттау ел ұрпағының атқаратын ісі.

Айдар ҚИСАБАЕВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

МУСТӘҚИЛЛИК ПАРАВӘНЛИГИМИЗНИҢ АСАСИ

Әтә елимиз Қазақстан хәлқиниң «Жумһурийәт мәйрими» күни нишанлиниду. Мәзкүр сәрләвһә әтрап…