Егеменді ел болғалы бері халқымыздың тарихы күннен күнге толыға түсуде. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында тарихи құндылықтарымызды жұртшылыққа жан-жақты таныту әрі ұлттық рухты көтеру мақсатында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы Райымбек ауданының орталығы Нарынқол ауылында аталып өтті. Поэзияның мұзбалағы М.Мақатаевтың еңселі ескерткіші бой көтерді.
Мұқағалидың 90 жылдығына арналған той болады дегенді естіп, бір орында дегбіршіп тұра алмадық. Нарынқолға баруды өзім де көптен бері көздеп жүрген едім. Ақынның ауылына құмартып жүрген менің бүгінде тілегім орындалды. Ауданымыздан таң атпай Райымбек ауданына аттандық.
Біздің ауданға күз мезгілінің көрінісі енді орнаған болса Мұқағалидың ауылына жапалақтатып қар жауып жатты. Бейне бір ақынның «Бозарып тұрған ақ таңда, бозарып тұрып ақпанда, есіңе мені алғайсың…» деп айтқан сөздеріне үйлесіп тұрғандай. Аталмыш іс-шараға Республикамыздың түкпір-түкпірінен айтулы ақындар мен ел ағалары қатысты. Кимешек киген әжейлер тобы ескерткіштің ашылу рәсімі басталған сәтте шашу шашып, қалың елдің мерейін ата-салтымызбен тағы бір үстем етті. Мүсін ашылған сәтте гүл шоқтары қойылып, ҚР Мемлекеттік хатшысы, Мемлекет және қоғам қайраткері Көшербаев Қырымбек Елеуұлына сөз беріліп, ақжарма тілектер ағылды. Ақынның шығармалары бүкіл түркі тектес халықтардың қазынасы, тірі кезінде аманат еткен өлеңдері бүгінгі біздің құнды мұрамыз екендігін баса айтты. Қара өлеңнің хас шебері болған Мұқағали атамыздың ұлт руханиятына сіңірген еңбегінің өлшеусіз екендігін сөз етті. Облыс әкімі Амандық Баталов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы жолдаған ықыласты хатын оқып, ақынның құрметі қашанда біз үшін жоғары екенін ескертіп, халықты қуанышымен құттықтады. Сөз кезегі жалғасын тауып, ел алдына ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев және М.Мақатаев қорының төрағасы әрі ақынның келіні Бақыткүл Айдарова сынды ел азаматтары ақ тілектерін жаудыртып, ағынан жарылып жатты. Нарынқол аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен бұл концерттік шарада арнайы Мұқағалидың рөлі сомдалып, өлмес жырлары ел алдында тағы да жаңғырды.
Иә, біз білетін Мұқағали өлеңдері – ұлт қазынасы. Тіршіліктің барлық саласын қамтыған ақынның өлеңдері домбыраның күмбірімен көңілімізге көктем ұялатып, мағыналы қара өлеңдері жатқа айтылып жатты. Заманның ақыны десек қателеспейміз. «Кей жерлерде Мұқағалиды ғасыр ақыны деп жатады, ол әбестік әрине. Мұқағали тек ғасыр ақыны ғана емес, ол – әлем ақыны», – деп Бақыт Беделхан да сөзін топшылады. Осы қуанышқа орай түрік шайырлары да ортақтасып келіп, ақынның абыройын тағы да асқақтатты. Себебі ақынның шығармалары әлем бойынша жеті тілге аударылып, түрлі әдеби кітаптарда оқырмандарына ұсынылған. Әрине, бұның өзі қазақ әдебиетінің тағы бір шыңы деп айтуға болады. Мұқағалидың 90 жылдығы тек елімізде ғана емес, сондай-ақ Түрік мемлекетінде де аталып өтпек. Түрік елінен келген шайырымыз ақынға өзінің арнаған өлең жолдарын ел алдында мәнерге салып айтып берді, ақынның нағыз қасиетті тұлға екенін тағы бір мойындады. Бала күннен мұзбалақ ақынның өлеңдерін жастап өскен Мақпал Мыса өз қоржынынан кәделі өлеңін тарту етті. Осылайша ескерткіш алдына жиылғандар кезек кезек естелік суреттерге түсіп, бір-бірімен айтулы мерекеде қауышқандарына мәз-мейрам болып жатты. Мүсіннің ашылуынан кейін орталық алаңда гала концерттік бағдарлама ұсынылып, түрлі қойылымдармен ән-күйлер шырқалды.
Тәуелсіздіктің отыз жылдығында тоқсанға толған мұзбалақ ақынымыздың мерекесі ұланасыр тойға ұласты. Үш күнге созылған бұл мерейтойда ауызы дуалы ақындар мен ел ағаларының қарасы көбейіп, ескерткіштің ашылу рәсімінен кейін ақын өлеңдеріне жазылған әндер шырқалып, өмірдегі образынан алынған қойылымдар тамашаланды. Мұнда Алматы облысының аудан, қалалалры қазақтың ақшаңқан киіз үйлерін тігіп, дастарқан әзірлеп, тойға өз үлестерін қосты. Біздің ауданның тұрғызған киіз үйіне Ж.Ерман, Б.Беделхан, Б.Жағыпар, С.Қалиев, Б.Әйткәрім сынды тұлғалар келіп дәм татты. Келген қонақтарға ауданымыздың атынан шапан жабылды. Қонақ кәде ретінде айтыскер ақын Серік Қалиев ағамыз домбырамен әнін төкпелеп жіберді. Үстел басына жайғасқан жұрттың бәрі ағынан жарылып өз ниеттерін білдіріп, Мұқағали тірі шақта қасында бірге жүргендер естеліктерін айтып, сағынышын сездіртті. Қазақ үйлердің әрқайсысынан қазақтың қасиетті домбырасы күмбірлеп, әуезді әндері шырқалып, қазақы тойдың қасиетін қадірін биіктетіп, барлығымызды тәнті етті. Аттан жығылсақ та салттан жығылмаған халықпыз ғой. Қазанында сорпасы қайнап, керегесінен күмбірлеген күй ойнап тұрған шақтағы қазақтың ықылас пейілін айтып жеткізу қиын. Киелі Хан Тәңірдің топырағынан жаралған ұлы ақынымыздың атын аспанға көтерген жамағаттың жүзінен жылылық сезілді. Шынайы қуанышқа ие болған ағайын бірін-бірі қолтықтап, «біздің үйге қонақта» дегендей мәрттік танытып жатты. Қазақтың жерінің кеңдігінен бұрын көңілінің дархандығын айтсаңызшы. Дастарқаны жанға толыспайынша, көңіліне шуақ толмайтыны хақ.
Алты алаштың басы қосылған бұл мереке мұнымен шектелмеді. Дәстүр бойынша бәйге ұйымдастырылып, түрлі жүйріктер аламанда бақ сынасты. Палуандар өзара күш сынасып, боз кілемнің шаңын шығарып тастады. Шалғайдан келген қонақтар арасынан қарт Каспий жағалауынан арнайы келген Светқали Нұржан ағамыз құры келмей айырқалпақты қырғыз ағайындарының ұлттық аспабы қомызды алып келіпті. Осы қомызды Мұқағалиға тиесілі деп Қарасаз ауылындағы ақынның мұражайын тағы бір жәдігермен толыстырды. Ал осы құнды қомызды аманаттап тапсыруды өтінген ғалым Мекемтас Мырзахмет ақсақалымыз екен. 45 жыл сақталған осы құнды аспапты қырғыз ақыны Қожагелді ағамыз шертіп, жиылған жұртқа керемет әсер сыйлады. Мың жасайтын пенде жоқ, адам ұрпағымен мың жасайды. Жер жаннаты Жетісудың құт дарыған өлке екендігінің тағы бір дәлелі осы. Тәуелсіздікпен түрленіп, егемендікпен бірге көркейіп келе жатқан киелі жеріміздің қадірі қашанда биік. Мұқағали жайлы айтатын дүние өте көп. Қысқаша айтқанда Мұқағали – қасиеті бөлек ақын. Қазақ әдебиетінің ең биік шыңы. Халқымызға аманаттаған жырларын келешек ұрпаққа дәріптеу біздің ата жолындағы азаматтық парызымыз.
Айдар ҚИСАБАЕВ