Бие сүтінің пайдасы жөнінде айтпаса да білеміз. Қазақ халқы оны түрлі ауруға ем қылып, ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып келеді. Дамыған елдер түрлі әдіспен өңдеп, жарысып сатып жатыр. Біздің елімізде де бие сүтін құрғақ күйінде өндіретін «Saumal» зауытының пайда болғанына 3 жыл болды. Зауыттың үлесіне Қарағанды облысындағы 25 мың га жайылым жер тиесілі. Онда 1500-ден аса бие тәулігіне 2,5 тонна сүт береді. «Saumal» жұмысының тағы қандай ерекшелігі бар? Дәрігерлер саумалдың пайдасы туралы не дейді? Осы және өзге де маңызды ақпаратты BNews.kz тілшісі анықтады.
Саумал зауытын ашу кімнің идеясы?
«Зауыт тарихы – өте қызық. Мейрамбеков Қыдырбек – осы кәсіпорынның негізін қалаушылардың бірі. Оның ұлы Ғалымжан Қыдырбекұлы Австрияда оқып жүргенде немістердің саумалды құрғақ қылып шағарытындығын естиді. Сөйтіп, ол әкесіне бұл хабарды жеткізгенде, Қ.Мейрамбеков бірден қолдау көрсетеді. «Неге өзімізде осындай зауыт ашпасқа?» деген тұжырымға келеді де, ұлына осы технологияны ойлап тапқан адамды тап деген өтініш айтады. Технологияның авторы – бие сүті өндірісін қолға алып, Еуропаға танытқан неміс Рудольф Шторх екен. Кейін ол өз ісін күйеу баласы Ганс Цольманға табыстайды. Қыдырбек Мейрамбековтің ұлы да дәл осы Ганс Цольманмен танысып, қазақ жерінде де осындай зауыт ашқысы келетінін айтады. Неміс азаматы алғашында қарсы болады. Бірақ «айтқанынан қайтпайтын» қазақ баласы оны көндіреді. Сөйтіп Ганс Цольман өзінің технологиясын Қазақстанға әкеледі. «Saumal» басшылығымен 2017 жылы 5 жылға келісім-шартқа отырады. Содан бері зауыт бие сүтін құрғақ күйінде шығарып жатыр», – деп таныстырды зауыттың Астанадағы филиаланың басшысы Күдеринов Азамат Тасболатұлы.
Сублимация әдісі арқылы таза саумал алынады
«Мен – осы зауыттың технологымын. Ганс Цольман неміс техникасын әкеліп орнатты, қалай жұмыс істеу керектігін үйретті. Соның нұсқауы бойынша жұмыс істейміз. Барлығы 12 лаборант бар. Енді өнімге келетін болсақ, жылқыларға арналған жайылым жердегі шөп, жем, басқа да азығы – ешқандай дәрі немесе химиясыз өсірілген табиғи өнім. Сондықтан саумалдың құрамында ешқандай химия жоқ екендігіне кепілдік береміз. Әр биені сауғанға 2 минут уақыт кетеді. Сауынға келген биелер арнайы таза майлықтармен сүртіледі – гигиена сақталады. Сауыншылар емес, арнайы аппарат сауады. Адам қолы биеге тимейді, яғни саумалға ешқандай микроб түспейді. Содан соң сүт 4 градусқа суық температурада салқындатылады. Кейін пастерленеді де, келесі танкке барып тағы салқындатылады. Сол танктен сублимациялау арқылы саумалдың құрамындағы су буланып шығады да, вакуум оны сорып алады. Нәтижесінде таза саумал қалады. Кейін оның құрғақ күйін арнайы стерильденген пакетке саламыз. Ол саумал 1 жылға дейін құрамын өзгертпей тұрады», — деп түсіндірді технолог маман Қайназаров Бауыржан.
Ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылды
«Зауытымыз 3 жылдан бері еліміздің нарығына қызмет етіп келеді. Қазіргі уақытта 130-дан аса адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Ауыл тұрғындары 15 күндік вахталық әдіспен жұмыс істейді. Жататын орны мен тамағы – тегін. Қалада өскен балаға қарағанда, ауылда қой мен жылқы бағып өскен бала жылқыны бағып-қағуға икемді, қыр-сырын біледі. Сондықтан, олардың еңбегі зор. Ал технологияға қатысты айтарлықтай ақаулықтар туындамайды. Яғни, қазір неміс азаматының бас-қасында жүруі қажет емес. Өзіміздің мамандар толық меңгерді. Зауыт жылына 10 тонна өнім шығаруға қауһарлы. Біз өнімімізді республикамыздың кез келген өңіріне жеткізе аламыз. Интернет дүкен арқылы да сатамыз. Қазақстан бойынша сатылым өте жақсы. Бүгінде өнімді Қытай мен Ресейге экспорттау келісімдері жүргізіліп жатыр», – деді зауыт басқарушысы Елшін Баян Даниярұлы.
Зауыттың алғашқы өнімін сатушылардың бірі – дәріханалар
«Мен – Қарағанды қаласының орталығында орналасқан дәріхананың иесімін. 15 жылдан бері нарықта жүрміз. Біздің дәріхананың басты принципі – қазақстандық өнімді сату және жаңа өнімді бірінші болып жеткізу. Көбіне 3 жасқа дейінгі балалар тауарын ұсынамыз. Бие сүтін сұраушылардың қатары көп. Себебі, саумал – ана сүтін алмастыра алатын, дәруменге бай тағамдардың бірі. «Saumal» өнімін сенімділікпен сата аламыз. Баласының дені сау болып өсуі үшін ата-аналар аянып қалмайды. Зауыттың шарты да икемді. Олар тауарды сатқаннан кейін ақшасын қайтаруға мүмкіндік береді», – деді қарағандылық дәріхана иесі Любовь Кананнихина.
Саумалдың балаларға пайдасы
«Үйде жиенім бар еді. Белгілі бір себептермен оған қосымша тамақ беруге мәжбүр болдық. Өзінің ішек-құрылысы дұрыс болмай, көп ауыра берді. Содан мен педиатр ретінде төрт айлық балаға зияны жоқ тағам іздедім. Ойыма бірден саумал келді. Өйткені, соны ішіп өстік. Астанадан әрі-бері іздедім де, сауын бие таппадым. Сөйтіп интернет арқылы «Saumal» зауытының өнімін таптым. Балаға берген күннен бастап, іш кетуі тоқтады, жақсы салмақ қосып, «ет жинай» бастады. Жиенімнің аллергиясы да басылды. 100 г құрғақ саумалды суға араластырып бердік. Сөйтіп, ана сүтін алмастыра алды. Қазір жиенімнің денсаулығы өте жақсы. Тез жүрді, ақыл-ойы зерек, тісі де қиналмай шықты. Анемиясы аз балаларға, гепатитке, өт, бауыр, асқазан және т.б. аурулардың бірден-бір емі — саумал», – дейді Астананың №1 қалалық ауруханасының дәрігер-педиатры Оразалиева Эльмира Жандарқызы.
Туберкулездің емі – саумал
«Эпидемиолог дәрігер ретінде айтарым туберкулездің емі – саумал. Себебі ол ағзадағы зат алмасу процесін жақсартады, бактерицидті қасиеті бар – бактериялардың белсенділігін басады, инфекцияның өсуін тоқтатады. Қазіргі кезде антибиотикпен туберкулез таяқшаларын жойып, саумалды диспансер емделушілеріне беруді көздеп отырмыз. Сол мақсатта мен «Saumal» өнімін зерттеймін. Диспансер басшылығының тапсырмасымен өнімнің тиімділігін анықтау мақсатында негіздемелерді даярлап жатырмын», – деді Астана қаласының туберкулезға қарсы диспансерінің эпидемиолог дәрігері Сәрсенова Айтжамал.
Медицина мамандары табиғи емес тағамдар рак клеткаларын туғызады деп дабыл қағуда. Сондықтан, «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» демекші, қымыз сапырып, саумал ішіп, шұбаттың пайдасын кеңінен насихаттап, ата-бабамыздан мұраға қалған шипалы өнім өндірісін неге қолдамасқа?!