Экспо-2017 аумағында «ақылды қала» технологиясы бойынша жобалар жүзеге асырылып келеді. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық компанияның Басқарушы Директоры – Жаңа технологиялар мен IT департаментінің директоры Владимир Соболев хабарлады. Ол өз сөзінде Халықаралық мамандандырылған көрме аумағында энергиялық шығындарды азайтуға мүмкіндік беретін арнайы жобалар енгізілетінін айтты, деп хабарлайды BNews.kz тілшісіне сілтеме жасаған Kazgazeta.kz.
«Көрме аумағында қолданылатын жобалардың бірі «Ақылды энергожүйелер – Smart Grid» жүйесі болмақ. Жүйе апатты жағдайларды жоюға жұмсалатын уақытты азайтуға, жұмыс мөлшерін автоматты түрде таратуға, электр энергиясын жеткізудегі жүйелердегі шығынды 30% төмендетуге мүмкіндік беретін 42 қосалқы станцияны бір жүйеге бірыңғай орталықпен біріктіреді. «Ақылды жарықтандыру» жобасы көрме аумағында жарықдиодты 1200 шамды қамтиды. Электр қуатын пайдалануда түнде шамдардың жарықтығын 10-20% дейін төмендету арқасында қосымша үнемдеуге қол жеткізіледі. Алайда жол бойында көлік пайда болса, жарық толық жағылатын болады», — деді Владимир Соболев.
Өкілдің айтуынша, Экспо-2017 павильондары мен кеңсесінде «Ақылды ғимарат» технологиясы да енгізілуде. Бөлмедегі адамдардың санына қарай желдету жүйесі автоматты түрде ауа беруді реттеп отырады.
«Көрме кезінде адамдардың көптеп келуі күтілуде, сондықтан желдету, кондициялау, жарықтандыру мәселелері өзекті болып отыр. Оларды шешу үшін ғимараттар мен павильондардың инженерлік жүйелерін басқаруды орталықтандыру көзделген. Инженерлік жүйелерді басқарудағы энергиялық тиімді тәртіп кондициялау, желдету, жылытуға кететін шығындарды оңтайландыруға жағдай жасайды», — деді Жаңа технологиялар мен IT департаментінің директорының орынбасары Данияр Әшіров.
Тиімді ынтымақтастық мысалы ретінде Ұйымдастырушы кеңсесі ғимаратындағы қызмет көрсетушілермен ұялы байланысының ұйымдастырылуын келтіруге болады. Қазақстанда алғаш рет ұялы байланыс операторлары ҚР Байланыс және ақпараттандыру комитетінің көмегімен жабдықтарды бірлесіп қолдануға мүмкіндік жасап, орнатылатын жабдықтар мен коммуникацияларды өткізуді 4 есе қысқартты.
Халықаралық мамандандырылған көрмесінен кейін кейбір арнайы жобалар қала балансына беріледі. Ұйымдастырушылардың пайымынша, көрме кешенінің нысандары жаңғыртылатын энергия көздерін қолдану, энергиямен қамтамасыз ету технологиялары секілді бағыттардың ары қарай дамуына түрткі болады.