20 желтоқсан күні аудандық «Ұйғыр су құбыры» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында ұжым мүшелерімен «Nur Otan» партиясы атынан депутат болам деген үмітпен жүрген бір топ кездесуге келді. Облыстық мәслихаттың депутаттығына үміткер Әлия Ақжолтаева, аудандық мәслихаттың депутаттығына кандидаттар Нұрәкім Есжан, Гүлзат Орынбаева, Нұргүл Тұрдәлі, Абдуманап Илахунов, Зайнидин Тохсунов, Арлен Османов, Анар Дүйсенбайқызы «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, үгіт-насихаттарын жүргізді.
Әуелгі сөз тізгінін өз қолына алған Нұрәкім Есжан «Nur Otan» партиясының жиырма жыл ішінде атқарған жұмыстарына талдау жасап шықты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтар, экономиканың тұралап қалуы, мәдениет салаларының сансырауы, әлеуметтік жағдайдың төмендеуі сияқты мәселелерді нақты мысалдармен айтып, сол кездегі жағдайды жиналғандардың көз алдына келтірді. Сол мезетте «Nur Otan» партиясының құрылуы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дана көрегендігінің арқасында жүзеге асқандығын түсіндіріп өтті. Партияның құрамына алғашында бюджеттік мекемелер мен мемлекеттік қызметкерлер кірді. Сонан соң оның күшіне, әлеуетіне сенген басқа да тұрғындар бұл партияның қатарында болды. Ел болашағының жарқындығына, оның басқа елдермен терезесі тең болатын күнге жеткізу үшін тұңғыш Президентіміз, Елбасы Н.Назарбаев болашағы зор, халықты соңына ерте алатын партия құруды қолға алғандығы – уақыттың талабы еді. Осындай әңгімелерді өткеніміз бен бүгінімізді салыстыра отырып айтып шықты. Сонан соң үміткерлердің бірі Нұргүл Тұрсынқызы «Nur Otan» партиясының дәл қазіргі бет-бейнесін баяндады. Өзінің осыған дейін басып өткен еңбек жолынан мысал айта отырып, нағыз қолдауды «Nur Otan»нан тапқандығын, өзінің тұратын ауылында жекеменшік балабақша ашып, жеке кәсіпкерлікпен айналысып жатқандығын бүгінгі партияның ұстанған саясатының жемісі екендігін де жасырмады. Қаңтардың 10 күні өтетін сайлауда «Nur Otan» партиясының жеңіске жетуі үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарысып, партияны қолдайық деген үндеуімен аяқтады.
Су құбыры стратегиялық маңызы бар кәсіпорын болғандықтан онда еңбек етіп жатқандардың да айтары көп болып шықты. Озық отыз елдің қатарына кіреміз деген ұмтылыспен жүргендіктен бәрі де заманауи өзгерістерге толы болуы керек еді. Өкінішке орай бүгінгі қолданыстағы техникалардың ескіргендігін, оларды жаңалайтын уақыттың жеткендігін кандидаттардың құлағына алтын сырға деп жеткізгендер де болды.
Тұрғындарды таза ауыз суымен қамтамасыз етіп отырған бірден-бір мекеме болғандықтан, оның көтеретін жүгінің ауырлығы да мәселе ретінде көтерілді. Дегенмен жалақы жағының төмендігі, бүгінгі бағаммен оны айтудың өзі ұят екендігін де жасырмады жұмысшылар. Кандидаттар халық қалаулылары бола қалған күнде осы проблемаларды шешуге мұрындық болса деген тілектер де айтылды. Кәсіпорын жұмысшыларынан түскен талап, тілектерді саналарына түртіп алған үміткерлер осы мәселенің де оңды шешілетін күн туатындығына сендірді. Партияның жақтастары оның әр ісіне ыждаһаттылықпен назар аударып, зейін қойып, бақылап отырған мекеме қызметкерлері өз тараптарынан шешімін тапса деген басқа да ұсыныстарын білдірді. Аудандағы іргелі саналатын мекеме қызметкерлері бас партиямызға сенім білдіріп, оның алдағы сайлауда жеңіс тұғырынан көрінетіндігіне күмән келтірмеді.
Б. ЖАНЫСБАЙҚЫЗЫ