Қасірет әкелген сұрапыл соғыстың жеңіспен аяқталған күні барлығының жадында сақталған. Бұл күні бейбіт өмір мен мамыражай тіршілік үшін күрескен ардагерлерімізді ардақтап, сұм соғыстың ауыр жүгін арқалаған батырларымызға алғыс айтамыз. Ең өкініштісі жеңісті жақындатып, қан майданда жан алысып жан беріскен арыстарымыздың қатары сиреп бара жатыр. Соғыс аяқталып, әскери міндеттері толық өтелген соң туған жеріне оралып, тіршілігін жалғап, ұрпақ өрбітіп өнегелі өмірлерімен көпке үлгі болып отырған майдангерлердің саны бүгінде аудан көлемінде бесеу ғана.
Олар – Тасқарасу ауылының тұрғыны, небәрі 17 жасында қолына қару алып майдан даласына аттанған Иван Думанов, тиірмендік Акрам Авалов, Бахар ауылының тұрғыны Алим Кебиров, Польшадағы 132 дивизия, 528 атқыштар полкінің құрамында болып жеңіс таңын Берлинде қарсы алған қалжаттық Өмәр Қасимов, 1943 жылы соғысқа аттанып, 1947 жылдың ақпан айында ғана туған ауылына оралған шонжылық Абдужелил Шариповтар. Талай жанды жер жастандырған қантөгісте оқ пен оттың ортасында жүріп күрескен батырларымыз қандай құрметке болсын лайықты. Биыл еліміздегі төтенше жағдайға байланысты Жеңістің 75 жылдығын думандатып, салтанатты түрде атап өтуге мүмкіндік болмады. Бірақ келер ұрпаққа жеңіс сыйлап, бейбіт күнді орнатуға елеулі үлес қосқан батырларымызға құрмет көрсетілді. 9 мамыр күні аудан әкімі Шухрат Нурахунов, аудандық мәслихаттың хатшысы Нұрәкім Есжан, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбіләкім Есуянов және аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы, майор Султанмұрат
Гаппаровтар ардагерлердің үйлеріне арнайы барып, жағдайларын біліп, құттықтап қайтты. Аудан басшысы Шухрат Турдахунұлы ардагерлерімізге Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың құттықтау хаттары мен сыйлықтарын табыстады. Ал бейбіт күнде құрметке бөленіп отырған батырларымыз болса, ескірмейтін, естен мәңгі кетпейтін естеліктері мен сыршыл әңгімелерін баяндап, ат басын арнайы бұрып келген азаматтарға ақ баталарын беріп, ризашылықтарын жеткізді.
Сол сұм жылдардың аяқталып, Жеңіс туының желбірегеніне 75 жыл толса да ардагерлеріміздің жүрегінен соғыс салған сызаттың әлі де өшпегені хақ. Қан майданда көрсеткен олардың өшпес ерліктері мәңгі ел жадында. Жігіттік шақтарын майдан даласында өткізіп, Отан үшін от кешіп денсаулықтарын құрбан еткен оларға айтарымыз алғыс, тілеріміз тек қана амандық. Талай жанның тағдырын тас талқан қылған бұндай қасіретті күндер қайтып айналып келмесін. Тәуелсіздігіміз мәңгі болып, бейбіт күннің шуағына бөленіп жүруді Алла баршамызға нәсіп етсін.