Ұрпақ парызы

0
1,519

Сөредегі кітаптарды қарай отырып, «Ұрпақ парызы» кітабын қолыма алдым. Бұл Сүмбе, Шошанай ауылдарындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл ардагерлері туралы жинақталған кітап екен. Осы кітапты жазу барысында Сүмбеде тұратын Қоқымдиев Серік атамның ауылдастарымен сөйлесіп, ардагерлер туралы мәлімет жинақтап, талмай еңбек етіп, ізденгені есіме түсті. Қазір мен 8 сыныпта оқимын. Сол кездегі атамның және ауылдастарының аталары мен апаларын еске алып, олар жайлы кітап шығаруының маңызын түсініп отырмын. Ия бұл – ата алдындағы ұрпақ парызы. Кітапты қайтадан ашып, Қоқымды әулетінен бірнеше азаматтың соғысқа қатысқанын оқып, кеудемді мақтаныш биледі. Себебі мен – Отанын қорғау жолында ерлік көрсеткен аталар ұрпағымын.


«Үлкені кімнің бар болса, жазылып қойған хатпен тең»,- дегендей, мен де Серік атамнан үлгі ала отырып, осы кітапта берілген үлкен аталарым жайлы мәліметтермен бөліскім келіп отыр. Бұл менің де ата алдындағы парызым деп есептеймін.
Қоқымдиев Балтабай Қоқымдыұлы 1907 жылы Сүмбе ауылында дүниеге келген. 1915-1923 жылдары Үлкен Ақсу ауылындағы жеті жылдық мектепте білім алады. 1923 жылы Кекебаева Меджанмен тұрмыс құрып, Үлкен Ақсу ауылында тұрған Байғазы, Дәнегүл және Анаргүл атты үш баланы дүниеге әкелген. 1938 жылы Сүмбе ауылына көшіп келіп колхоздың әртүрлі жұмыстарына араласқан. 1941 жылдың күзінде соғысқа аттанып, Сталинград облысы, Ворошилов ауданы, Антонова-Честакович ауылында 98-СД полкінде атқыш болған. 1942 жылы 25 желтоқсанда қайтыс болған.
Қоқымдиев Шалтабай Қоқымдыұлы 1916 жылы Сүмбе ауылында дүниеге келген. 1923-1930 жылдары Үлкен Ақсу ауылында жетіжылдық мектебінде білім алған. 1931- 1942 жылға дейін «Каганович» колхозында жұмыс істеген. 1942 жылдың күзінде соғысқа аттанып 1944 жылы жараланып елге оралады. Елге келген соң 1960 жылға дейін механизатор, бригадир болып жұмыс істеді.
1947 жылы «1941-1945 жж Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін» медалімен, 1965, 1970, 1975 жылдары 1941-1945 жж Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 20,25,30 жылдығына арналған мерекелік медальдармен және «СССР Қарулы Күштеріне 50 жыл» медалімен марапатталды. 1961 жылы денсаулығына байланысты зейнеткерлікке шықты. Отбасында жұбайы Матбимен Марияхан, Әлімжан, Серік, Манат есімді балалар тәрбиелеп өсірген.
Қоқымдиев Байғазы Балтабайұлы 1925 жылы 18 желтоқсанда Үлкен Ақсу ауылында дүниеге келген. 1933-1940 жылдары Үлкен Ақсудағы жеті жылдық мектепте білім алады. 1940-1942 жылдары Ленин атындағы колхозда әр салада жұмыс істеген.1943 жылдың 21 қаңтарында Ұлы Отан соғысына шақырылады. 1945 жылдың қыркүйегіне дейін 1049 атқыштар полкінде білімін жетілдіреді. 1945 жылы жапон империясына қарсы Отан қорғау майданында 1049 жаяу әскери полкінде қол пулеметшісі болған.1947 жылы жеңіспен елге оралған соң, Талғар қаласында есепшілік оқуды бітірген. 1948 жылдан бастап Кеген, Ұйғыр аудандарында есепшілік қызмет атқарған. 1950 жылдан бастап Ұйғыр ауданының Сүмбе, Дардамты селолық советінің хатшысы, 1958- 1965 жылдары Шонжы селосында Подгорное орман шаруашылығында орманшы, 1965-1966 жылдары Шонжы сельсоветінде инспектор, 1966-1986 жылдары Мәдениет мекемесінде бас есепшілік қызмет атқарып, зейнеткерлікке шыққан.
1947 жылы «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен, 1965, 1970, 1975,1985, 1995 жылдары 1941-1945 жж Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 20, 25, 30, 40, 50 жылдығына арналған мерекелік медальдармен және 1972 жылы «СССР Қарулы Күштеріне 50 жыл» және 1985 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. 1985 жылы «ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденімен, 1988 жылы «СССР Қарулы Күштеріне 70 жыл» медалімен, 1995 жылы «Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков» медалімен марапатталған. 1995 жылы «Ұйғыр ауданының Құрметті Азаматы» атағы берілді. Отбасында жұбайы Күлмариямен 5 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсірді. 2000 жылы Шонжы ауылында қайтыс болды.
Кеудесіне жарқыраған медаль, ордендері тағылған ардагерлерді көргенде өзімнің аталарымды көргендей сезімде болып, оларға бас иемін. Биыл Жеңіске 75 жыл толып отыр. Ардагерлеріміз саны да санаулы ғана. Ендігі уақыттағы біздің, жас ұрақтың міндеті – Ұлы Жеңіске өз үлесін қосқан, ардагерлерімізге құрмет көрсету, олардың ерлігі жайлы естеліктерді оқып, іні-қарындастарымызға үйрету, аталардың аманатын орындау, Жеңіс күнінің қадірін білу, Отаны үшін қызмет ететін жақсы азамат болып өсу. Барша қазақстандықтарды Жеңістің 75 жылдық мерекесімен құттықтаймын.

Әлібек ӘЛІМЖАН,
№ 4 Шонжы орта мектебінің 8 А сынып оқушысы

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

“Ардагерлерді ардақтайық” жобасы

“Ардагерлерді ардақтайық” жобасы аясында 9 мамыр мерекесінде бүгін “AMANAT” партиясы Ұйғыр…