Биыл жеңістің 75 жылдығын үлкен айтулы дата ретінде атап өтеміз деп күтіп едік. Амал жоқ елдегі төтенше жағдайға байланысты шеру де, өшпес полктің шеруі де болмайтын болды. Дегенмен бұл күн – бәріміз үшін аса қастерлі, бабаларды еске алатын, рухтарына тағзым етіп, құран бағыштайтын, олар жайлы ұрпағымызға естелік айтатын күн.
Ұлы Отан соғысының ардагері Қожағұлов Әмет Бұзаубайұлы – менің әкем. Кепебұлақ ауылында 1914 жылы дүниеге келген ол өте зерек, алғыр болып өседі. Отбасының тұңғышы болғандықтан еңбекке ерте араласып, Кетпендегі жеті жылдық мектепті аяқтаған соң Жаркент қаласындағы мұғалімдер дайындайтын курсына оқуға түседі. 1938 жылы Қоғалы ауылына мұғалім болып жұмысқа шығады. Екі жылдан соң сол кездегі Талдықорған облысы, Мұқыры орта мектебінде мұғалім, 1941 жылы ауылшаруашылығы техникумына оқытушылық қызметке алынады. Сол жылы 10 тамыз күні Текелі маңындағы «Қызыл күншығыс» орталау мектебіне директор болып тағайындалады. Ол қызметті төрт ай атқарған соң желтоқсан айында әскер қатарына шақырылады. Әмет Бұзаубайұлы Жамбыл қаласындағы (қазіргі Тараз) 105 әскери дивизиясының құрамында кіші командирлер дайындайтын мектепте бес айлық курстан өтеді. Қару ұстаудың қыр-сырын әбден меңгеріп, танкіні құртудың әртүрлі айла тәсілдерін үйреніп болған соң Мәскеуге аттанады. Одан шығысқа бет алып, танкіге қарсы ататын атқыштар бөліміне жіберіледі. Әмет әкеміз мұнда бір топтың командирі болып, гвардия сержанты шенін алады. Сталинградтың оңтүстігінде жау танкісін жою операциясына қатысып, Панфилов дивизиясына қосылады. Соғыстың нағыз от пен оққа оранған сәтінде Әмет әкеміз қайсарлығын танытады. 1943 жылы қараша айында «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталады. Осыдан соң Украина жеріндегі шайқасқа қатысып, 1944 жылы Бух өзенінен өтіп, Польшаның Хелн қаласын азат етуге қатысады. Әкеміз Әмет соғыс аяқталар соңғы екі жыл бойы партия ұйымының хатшысы қызметін абыроймен атқарады. Соғыстан қолдары қалт еткен солдаттарға саяси тақырыпта лекция оқып, жаңалықтармен таныстырып отырады. 1945 жылдың 9 мамырында қарағай аралас буткалы машинаға рацияға барған тұста немістердің толықтай жеңіліп, өз жеңілістерін мойындағанын естиді. Бұл барлық азаматтардың көптен күткен жаңалығы еді. Қуаныштары қойындарына сыймай бірін-бірін құттықтаған солдаттар соғыс деген тажалдан құтылғандарына мәре-сәре болысады.
Отан үшін от кешкен атамыз Әмет Қожағұлов «Қызыл жұлдыз» ордені, «Сталинград шайқасы үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» медальдарымен марапатталады.
Соғыстан дін аман оралып, еліміздегі қайта қалпына келтіру жұмыстарына белсене араласады. 1950-55 жылдары Түрген ауылына қарасты «Жаңа талап» колхозын басқарады. Матай анамызбен бірге алты бала өсіріп, тәрбиеледі. Олар бүгінгі таңда әке жолын жалғастырып, өз несібелерін еңбектен тауып жүрген өнегелі ұрпақ болып өсті. Әрине Жеңіс күні көзі тірі ардагерлерді көргенде өз әкеміз еске түседі. Биыл сол қуанышты көретін ауданда бар-жоғы бес ардагеріміз ғана қалып тұр. Әкелеріміздің батырлығы арқасында бүгінгідей жайма шуақ бейбіт өмірде тіршілік етіп жүрміз.Тәуелсіз елдің ең бақытты тұрғындарымыз. Жеңіс күнінде әкем жайлы әңгіме айтқанымның еш сөкеттігі жоқ шығар. Барлық соғыстан оралмаған аталарымыздың ұрпақтарын, көзі тірі ардагерлерімізді, олардың отбасыларын Жеңіс күнімен құттықтаймын.
Кәрібай ҚОЖАҒҰЛ
ШОНЖЫ