О-о-о Дүние-ай! Сағындым, Жексенқұлым, Қосшығұлым, Өзекті жарып шыққан қос шыбыным – деп басталатын Алтынбек Қоразбаевтың «Қара кемпір» әнінің зарлы әуенін естігенде балалық шағым, ауылдағы шүйкедей кемпір Ибалы апа есіме түседі, жарықтық. Үш бірдей ұлын, күйеуін төрт бірдей боздағын соғысқа аттандырып 30 жылдан аса жалғыз өзі жолға қарап телмірумен өмірі өткен. Ару ана өмірден өткенде ауылда күңіренбеген ел қалмады. Үлкен кісілердің «Байқұс-ай, өмірі өксумен өтті-ау» деген аянышты сөздері әлі құлағымда. Ол кездерде «Байқұс» деген сөздің мағынасын түсінбесек те соншалықты аянышты сөз екенін бала көңіліміз сезетін. Сол жағдай менің бала санама әсер еткені соншалықты әлі күнге жадымда. Ибалы апаның үйінің жанынан ары-бері өткен сайын оң аяғымызды көтеріп, «Балаңыз келсін, Апа» десек марқұм қуанып, қалбалақтап, не берерін білмей қуанып қалушы еді. Соғыстың кесірінен жас өмірін өксітіп, өмір бойы қу тізесін құшақтап, қаншама аналарымыз өмірден өтті. Қаншама бала балалық шақтың бақытын сезіне алмай, жастайынан еңбекке араласып, ерте есейді…
Биыл – Жеңістің 75 жылдығы. 75 жылдық мерекенің қарсаңында көптен сұрау салып, іздегеніміз табылып қуанып жатырмыз. 1942 жылы із-түзсіз жоғалды деп «Қара қағаз» келген нағашым Ақшалов Әбдіқалық атамыз туралы мәлімет алдық. 1914 жылы Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Сүмбе ауылында туған Ақшалов Әбдіқалық 1939 жылы аудандық әскери комиссариаттан Фин соғысына аттанғаннан елге қайта оралмаған. Лейтенант Ақшалов Әбдіқалық 1941 жылдан Ұлы Отан соғысының қайнаған ортасында Т-70 117 танк батальонында, 58 бригадада взвод командирі, танкист болған. Архивтен табылған қағазда 1941 жылы Ленинград майданында, 1942 жылы Сталинград майданында фашистермен кескілескен соғыста өзінің танкісі жанып кеткенде, басқа танкіге ауысып мініп, жаудың бірнеше танкісін қиратып, осы соғыста ерлікпен қаза тапқандығы туралы жазылған. Қайтыс болғаннан кейін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында із-түзсіз кетті деп жүрген нағашымнан осындай хабар алып артындағы ұрпақтары қуанып жатырмыз. Бәтима анамыз да ұлын өлді деуге қимай жолына қарап, үмітін үзбей өмірден өтіп еді. Әбдіқалық атамыздың артынан қалған ұрпақтары жоқ, бірақ соғыс кезінде орыс әйелге үйленген, баласы болған дегенді естігендер бар екен. Ендігі мақсатымыз – артында қалған ұрпақтары болса іздестіру. Халқымыздың бейбіт өмірі үшін жан аямай соғысқан батырларымыздың ерлік істері мәңгі жадымызда сақталады…
Нұршаш ІРГЕБАЕВА