Еліміз бүгін төтенше жағдайды бастан өткеруде. Ауру айтып келмейдінің кері келіп, бізді ғана емес, бүкіл әлемді коронавирус індеті жайлады. Бір сәт бүкіл әлем басқаша өмір сүру үлгісіне өтті. Өзімізді, жақындарымызды қорғау мақсатымен айтылған шараларды бұлжытпай орындау басты міндетіміз болып қалды.
Күні кеше ғана мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына мәлімдеме жасады. Қазір бүкіл әлем бұрын-соңды болмаған күрделі жағдаймен бетпе-бет келіп отырғанын, коронавирус індеті дүние жүзін жайлап, бүгінде 177 мемлекетте 800 мыңға жуық адам осы дертке шалдыққанын айтты. Бұл жақсылық емес, әрине. Әжуаға, күлкіге айналдыратын да шаруа емес. Өте жеңіл ойлап, бейқамдық танытқан мемлекеттердің бүгінгі жағдайын бәріміз де көріп отырмыз. Сондықтан сақтанып, үйден шықпай, адам көп жиналатын жерлерден аяғымызды тыйып, балаларымыздың үйден шықпауын қамтамасыз етейік. Мемлекет вирустың таралып кетпеуі үшін барлық мүмкіндіктерді қарастырып отыр, оған өзіміз де қолдау көрсетейік. Президентіміз өз мәлімдемесінде карантин кезінде халқының амандығын, саулығын басты назарда ұстап, қиындықтан шығу үшін атқарылып жатқан шараларын түсіндірді. Бұл сырқаттың батпандап кіріп, мысқалдап шығатынын да ескертті мемлекет басшысы. Әсіресе ауру адамдарды емдеп жатқан дәрігерлердің еңбегіне жоғары баға берді. Оларды адам өміріне араша түсіп жатқан бүгінгі күннің батырларына теңеді. Карантин кезінде қиындық көретін отбасылары мен аз қамтылған жандарға да барлық жағдай жасалатындығын ескертті. Өзінің бұған дейін дағдарысқа қарсы алғашқы шаралар топтамасын жариялағандығын, осыған орай, аталған санаттағы азаматтардың табысын арттыру үшін мемлекет тарапынан 200 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінгенін де жеткізді жұртына.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесі бүгінгі қиын кезеңде серпіліс, ертеңгі күнге ұмтылыс берді. Қиындықты бірге көтеру – кісіліктің белгісі.
Баян МАМЫРБАЕВА