Ағымдағы жылы
қараша айының соңында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл агенттігінің жанынан Республикалық ақпараттық үгіт-насихат Штабы
құрылған болатын.
Ақпараттық үгіт-насихат
штабының негізгі мақсаты халық пен мемлекет арасында диалогтық көпір құру,
сондай-ақ өскелең ұрпақтың, халық және мемлекеттік органдар арасында
парасаттылық мәдениетін қалыптастыру бойынша кең түсіндірме жұмыстарын жүргізу
болып табылады.
Осы Республикалық
ақпараттық үгіт-насихат Штабының жетекшісі, қоғам қайраткері, этнодизайнер –
Ырза Тұрсынзада, Штаб мүшесі, ҚР қоғам қайраткері, режиссер, жазушы – Ермек
Тұрсынов, саясаттанушы, жазушы, айтыскер – Арман Бердалин жер жаннаты Жетісу
жеріне ат басын тіреді. Ағарту жұмыстарын жүргізу үшін
Жетісу жеріне екі күн арнаған екен.
Бірінші күні Штаб мүшелері түрлі
тәсілдерді қолдана отырып, ақпараттық-насихаттау жұмыстарын білім беру мекемелерінің бірінші
басшыларымен, Алматы облысының полиция департаментінің жеке құрамымен, І.
Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенттерімен, Көксу
ауданының активімен және Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер
департаментінің жеке құрамымен өткізді. Әрбір қатысушы ерекше әсер алып,
спикерлерге алғысын білдірді.
Сөз кезегінде Ырза
Тұрсынзада «Үйдегі сөз түзелмей, түздегі іс оңалмайды. Сондықтан, әрбір ата-ана
балаларына үлгі болатындай сөз сөйлеп, олардың бойына әділдік, парасаттылық
қасиеттерін тәрбие арқылы сіңіріуі тиіс» — деп атап өтті.
Екінші күннің жоспары да өте ауқымды болмақ. Атап
айтқанда, үгіт-насихат жұмыстарымен облыстық арнайы мониторингтік топ мүшелерін
және қоғам белсенділерін, Алматы облысының активін, бірнеше ауылдық окург
тұрғындарын қамтып, Қаратал ауданына ат басын бұру көзделуде.
«Қазақстанда ең ашық, қолжетімді мемлекеттік органдардың
бірі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және оның аумақтық
департаменттері десем қателеспеймін. Бұл Тұңғыш Президентіміздің, Мемлекет
басшысының және Агенттік Төрағасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіп жатқан
саясатының нәтижесі. Республикалық
үгіт-насихат Штабы облысымызға келіп, ауқымды шаралар өткізуіне қолдау көрсету
біз үшін үлкен құрмет. Айта кету керек, Алматы облыстық Штабы да құрылды.
Жұмысын жандандырып, облысымыздың әр аудан, қалаларын, тіпті шалғай елді
мекендерін қамтитын боламыз», — деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл
агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Данияр Тұрғанбаев.
Қазіргі уақытта
ақпараттық-насихаттау Штабы еліміздің барлық облыстарында құрылып, жұмыс істей
бастады. Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында брифинг өткізу кезінде белгілі болғандай, Штаб құрамына ары таза, әділ әрі белсенді
азаматтар кіре алады.
Сыбайлас
жемқорлықтың алдын алу үшін бұл ағартушылық Штабының құрылуы өте орынды.
Өйткені, ары таза, шыншыл қоғам белсенділері бірлесіп, айықпас дерттің алдын
алуы жоғары нәтиже беретіні анық.