Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы мектебімізде оқушылар арасында кеңінен насихатталып жатыр. Кез келген кешімізде, тәрбие сағаттарында баланың бойына жақсылық дәнін сеуіп, оның рухани жан дүниелері тарихи тұлғаларымыздың өнегесімен толығуларына және өткеніміздің әр соқпағын тарих беттеріндей жеткізуді мақсат етіп қойдық. Сондықтан әр сабағымызды бастамас бұрын рухани құндылықтар жайында әңгімелеуді дәстүрге айналдырдық.
Мектеп директоры Махаметжан Исмаиловтың мұрындық болуымен, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ардақ Ескерместің ұйымдастыруымен жерлес ақынымыз Мамытхан Құдайбергеновпен «Ақынның сөзі жүректе» атты жыр кеші өтті. Жанымызда жүрген жақсы адамдарды кейде байқай білмейтін, қадіріне жете алмайтын сәттеріміз болып тұрады. Сондықтан әдебиет айдынында өзіндік қолтаңбасы қалған, ондаған талантты шәкірттерді дайындаған, ақын, тіл жанашыры, ұлағатты ұстаз Мамытхан ағаға таңдауымыз түскені жайдан жай емес. Алғашқы сөз алған мектеп басшысы М.Исмаилов Мамытхан ағаның жүріп өткен жолы мен шығармашылығы жөнінде біраз сөз саптады. Сөз қадірін сезінген, талай танымал ақындарды балапан кездерінен мәпелеп баптаған ақын ағаның біздің мектебімізге келуі үлкен айтулы оқиға болды. Әдебиет жанашыры өз шығармасынан гөрі азулы ақындар шығармалары жөнінде көбірек айтты. Балалардың талабын ұштауға ұстазға қажетті дүниелерді санамалады. Сөз құдіретінің терең тылсымына батырды. Өзінің жас буынға арнаған бірнеше өлеңдерін оқыды. Талабы бар балалардың өлеңге құмарлығын зерттеді. Бұл кеш басқалардан өзгешелеу өте тартымды өтті. Балалар да өздерінің дайындаған концерттік бағдарламаларын ұсынды. Ақын ағаларының өлеңдерін жатқа оқыды. Мамытхан ағаның өмір жолы туралы слайд көрсетілді. Кештен оқушылар тағылымды дүниелермен қауышып, рухани азық алғандықтары сөзсіз. Қаламын қару еткен ақынның өмірі, шығармашылығы, отбасындағы бейнесі өнеге боларлықтай. Оқушылардың әдебиетке құштарлықтары оянғандары даусыз.
Гүлстан ТОХТАСУНОВА,
№5 Шонжы орта мектебі директорының тәрбие жөніндегі орынбасары