Басты бет Рухани жаңғыру АҚЫЛДЫ ҚАРИЯ — АҒЫП ЖАТҚАН ДАРИЯ

АҚЫЛДЫ ҚАРИЯ — АҒЫП ЖАТҚАН ДАРИЯ

0
4,392

Тектіден текті туады,
Тектілік тұқым қуады.
Тектілердің тұяғы,
Таңдайды құз-қияны, — демекші тектіліктің таңбасы бар көпті көрген данагөй қарттарымыздың өнегелі өмірін ұрпаққа үлгі ете отырып, ғибрат боларлық сөздерін бойларына сіңіріп, үлкенге құрмет, кішіге ізет ете білетін инабатты, ақылды, ата — баба аманатына адал, ұлттық тәлім-тәрбиені бойына сіңірген, еңбекқор тау тұлғалы қарттарымыздың орны қашанда төрде. Қарттарымыздың өмірлік тәжірибесін үлгі ету, үйрену де қоғамдық маңызы зор істердің бірі болып саналады. Аудандық мәдениет үйінде мәдениет қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қарттарымызды кейінгі ұрпаққа таныстыру, үлгі ету мақсатында қарттар «Ақылды қария — ағып жатқан дария» атты байқау ұйымдастырылды.
Байқауға әр ауылдық округтің өнерлі, үлгілі деген ата- апалары қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Атап айтар болсам, Дардамты ауылының тұрғыны Қарасаздың топырағынан нәр алып өскен Бағила Әкімбаева апамыз оқыған өлең жолдарының әр сөзіне жан беріп, тарихи оқиғаны суреттейтін «Қарасаздың түйетабаны» өлеңін оқып, жүрек түбіне жеткізіп, ерекшелігімен топ жарды.
Ал, Қырғызсай ауылдық округінен келген бір ауылдың ұйытқысы, ескінің көзін көрген Жәнәбіл Смадиев атамыз өмірден көрген-білгенімен бөлісіп, өз өмір жолындағы тәрбиелеген шәкірттерімен мақтанса, Нұрғалық Қисаев атамыз қолына қара домбырасын алып, өзінің жүрек жарды «Сүмбені аңсау» әнін орындап халықтың ықыласына бөленді.
Бірлігіміз баға жетпес бас бәйге,
Ешбір жүйрік бірлігімнен аспайды.
Төртеу түгел болған жерде бірлікте,
Төбедегі несібеміз қашпайды.
Алтау ала болған жерде дүрдараз,
Тұнығыңды ластайды,
Жүйрігіңіз ақсайды,
Байтал түгіл болады онда бас қайғы,
Бірлік қана алға бізді бастайды. — деп жырлаған Тасқарасу ауылының тұрғыны Әбдіғали Асанқожа атамыз «Бірлігіміз баға жетпес – бас бәйге» атты өлеңін ұсынып, ақындығымен көрермендерді тәнті етті.
Қазақ қашанда дуалы ауыз шешенді, дарыны тасқан ақынды, күміс көмей әншіні, көкірегі кеніш күйшіні, жауырыны жерге тимес балуанды халық болған. Сол ата-бабаларымыздың жұрнағы болған асыл қарияларымыздың кейінгі жастарға берері көп. Құдай қазаққа қырын қарамаған: жер де берген, кен де берген, ел де берген, сол елді қорғайтын ер де берген дейді. Қазақстан егеменді ел болып, бейбітшілік кемесіне мінгелі тек қана биіктерден көрінуде. Елбасымыз тәуелсіздіктің ақ кемесін ұстағалы, Алашымыздың аспаны бір бұлттанған емес. Осындай дербес мемлекетте өмір сүріп, ата-бабаларымыздың, абыз қарияларымыздың еңбектерімен сусындап жатқан біз нағыз бақытты ұрпақпыз. Жер жүзін жеті рет айналып шықсаң да таба алмайтын дарыны даңқын асырған қарттарымызға материалдық көмек көрсетумен қатар рухани қамқорлық таныту, әрдайым назарда ұстау, қамкөңіл қарттар мен ардагерлерді ардақтау — қанымызға сіңген қасиет. Оны жоғалтып алмау, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу — біздің борышымыз. «Баталы ер арымас, батасыз ер жарымас» демекші қадірлі қарияларымыздың батасына бөленіп отырсақ, еліміздің іргесі сөгілмей, ірге тасы мығым болмақ.

Лаура АЛИПОВА,
аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АЛАМАН БИ МӘМБЕТҰЛЫ

Ата тарихын және шежіресін білу – әр ұр­пақтың парызы. «Жеті атасын білмеген же­тесіз» деп…