Басты бет Нұр-Сұлтан - Ұлы дала Елордасы Астана – тәуелсіз Қазақстанның мызғымайтын негізі

Астана – тәуелсіз Қазақстанның мызғымайтын негізі

0
1,149

Елордамыз әлем көзін сүзген, жас болса да көркі ғасырлық тарихы бар қалалармен таласа алатындай дәрежеге жеткендігі еліміздің қаншалықты шарықтап дамып жатқандығын көрсетсе керек. Оның 20 жылдығын атап өту ерекше тарихи оқиға десек болады. Күллі дүние мойындап отырғанындай осының бәрі Көшбасшымыздың көрегендігі, кемеңгерлігі, болашақты болжай білетін бастамашылдығының арқасы екендігі даусыз.


Елордамыз – Елбасымыздың ерен ерлігі. Астана – оның төлтуындысы. Көптеген ғимараттың жобасын өзі сызған. Тіпті тамақтанып отырып-ақ асханалардың ақ майлықтарына сызып, өзі бастап берген. Мәселен Президенттің мәдениет орталығы, «Бәйтерек» сияқты сан алуан сәулет өнерінің туындылары мемлекет басшысының сызбаларынан бастау алғандығы жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарынан, Елбасының кітаптарынан біліп жүрміз. Өзім алғаш 2014 жылы Ассамблеяның жиынына қатысуға барғанда жаңарған Астананы көрдім. Ғимараттарының сәулеті, ерекшелігі бірден көз тартып, жаңа қаланың құрылысы менмұндалап, хас шебердің қолынан шыққан туынды екендігін танытқан-ды. Сосын 2017 жылы халықаралық ЭКСПО көрмесіне қатыстым. Ондағы сұлулықты сөзбен жеткізу мүмкін емес. Талғамы биік, шығармашылықтың шыңырау шегін таңдай отырып жасалынған әр дүниеде ұлттық нақышымыз, ұлтттық рухымыз, ұлттық құндылықтарымыз жатқандай. Астана – тәуелсіз еліміздің мызғымайтын негізі болғандықтан онда ұлтымыздың намысы мен абыройы асқақтап тұрғандай сезіледі. Содан кейін Елордаға жолым ұлттық «Мерейлі отбасы» байқауының қорытындысына ғасырдан асқан Күрішбек Көжекбаев атамызды отбасымен апарған кезде түсті. Ғаламат Қазақконцерт сарайындағы кездесуде мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова атамыздың қасында ыстық ықыласын білдіріп, сый-сияпатын ұсынған кезі әлі көз алдымда. Ерекше есте қалатын сәт.
Биыл Астананың 20 жылдығы мерекесіне аудандағы Чернобыль оқиғасының куәгерлері, мүмкіндігі шектеулі жандар, көп балалы отбасы мүшелері, жалғызбасты қариялар бар, біраз адамдардың баруын ұйымдастырдық. Олар жаңа көпір, «Жетісу» саябағы, «Бәйтерек» сияқты көрікті жерлерді аралап, жас қаламыздың 20 жыл ішіндегі өзгерістерін, гүлденуін тамашалады. Бес күндік саяхаттың олардың өміріне өшпес із қалдырғандығы даусыз. Қол жетпейтін биіктей болған Астананы аралап келген әр жан оның әсемдігіне, ажарына таңданыстарын білдіруде. Бар-жоғы 20 жылдың ішінде әлемді мойындатқан қаламыз үшін біз де мақтанамыз. Ең алдымен Астанамыз достық пен татулықтың, бейбітшілік пен ауызбірліктің орталығына айналғандығы Елбасымыздың ерен еңбегінің арқасы дейміз. Бір-біріне қырғиқабақ танытып, дұшпандық көзқараспен жүрген мемлекет басшылары осы қалада кездесіп, өз ой-пікірлерін ортаға салысып, белгілі бір мәмілеге келгендері де қаламыздың ерекше қасиетінен болар. Әрине Елбасының көрегендігі, бірлікке үндеген пайымынан. Қаламыз тек өз отандастарымыздың ғана емес, шетелден келетін қонақтардың да жайлы орнына айналғаны қанымызда бар қонақжайлылық, жылы-жұмсағын мейманына ала жүгіретін адалдығымыздың арқасы екендігі ақиқат.
Астана – егемен еліміздің мызғымайтын негізі болды. Оның сағат сайын түлеп, ай сайын гүлдеп, жыл сайын жаңғырып отырғандығы ниетіміздің пәктігінен дейміз. Жиырма жасқа толған жан жан-жағын саралап, ержеткендігін танытып, бағыт-бағдарын бағамдап, өзіндік ұстанымын анықтай алады ғой. Астанамыз да дәл сондай өзіндік бағдарын белгілеген, жан-жағына паңдана сұлу бойжеткендей қарай алатын керемет сұлу қалалардың қатарынан орын алды. Сол үшін, мақтаныш сезімі кернейді кеудені. Жаңашыл, бастамашыл, ғылым мен білімнің алтын бесігі болып, Астанамыздың алдағы уақытта әлі талай белестерге шығып, әлем халықтарының аузында жүретін қалаға айналатындығына сенім мол. Тәуелсіз мемлекетіміздің мызғымас негізі болған Астана туралы әлі талай кітаптар жазылып, шығарма арқауы болары анық. Біз оның өркендеу жолының куәгерлеріміз. Кейін ұрпағымызға Астананың әр жылы туралы әңгіме айтуға жазсын.

Гүлжаһан ӘЛИКЕЕВА,
аудандық ішкі саясат бөлімнің басшысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Сарыарқа сардарының мерейлі мерекесі

Алтай мен Атыраудың, Ертіс пен Еділдің арасындағы қазақтың байтақ даласының төсінен орын т…