Үлкендердің қатары сиреген сайын бір дәуір таусылғандай, бір шежіре жабылғандай күй кешетініміз бар. Адамдар жасарып, заман ағымына қарай көңілдері де жаңғырып отыр дегенімізбен олар өткеннің бір белгісіндей, тарихтың ерекше бір бетіндей. Әсіресе екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, оның отты жылдарын бастарынан өткерген, Ұлы Отан соғысының қанды оқиғасының бел ортасында болған ақсақалдардың жыл өткен сайын сиреп, қолымыздағы он саусаққа да жетпейтіндейі қалғанына бір жағынан өкінсең, екінші жағынан сұм ажалдың тырнағына ілінбей бейбіт өмірдің де жақсылығын көргендеріне шүкіршілік етесің. Жеңіс күні жақындағанда ардагерлердің көзі тірісін іздей бастаймыз, биылғы 9 Мамыр мерекесіне 9 ардагеріміз ғана аман-есен жетіпті. Оған да тәубе делік.
Ақсақалдардың басында нарқасқа боп ғасырдан аса өмір сүрген Күрішбек КӨЖЕКБАЕВ атамыз тұр. Алматы облысының, Ұйғыр ауданының «Құрметті азаматы», «Отан соғысы», «Даңқ», «Құрмет» ордендерінің иегері. Өткен жылғы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстағы жеңімпазы, республикадағы ынталандыру сыйлығына ие болған атамыз Алланың берген қуатымен бүгінгі күнге аман-есен жетіп отыр. 1912 жылдың 5 мамыр күні Тоғызбұлақ ауылында дүниеге келген. 100 атқыштар дивизиясында дайындықтан өтіп, Великие Луки, Варшава, Брест қалалары үшін болған ұрыстарға қатысқан. Соғыстан кейінгі қалыптасу жылдары білім саласында еңбек етіп, ұрпағына саналы тәрбие, сапалы білім берген абыройлы азамат. Пейілінің кеңдігі, адамгершілігінің мықтылығы, мінезінің жұмсақтығы Күрішбек атамызды осы күнге аман жеткізген қасиеттері деуге болар. Атаның батасын алуға алыс-жақыннан толассыз келіп жатқан жандарға мағыналы әңгімесі, мазмұнды өсиеті әлі сарқылған емес. Бір ғасырлық ғұмырында адами қасиеттерінен еш тайқып көрмеген Күрішбектей атаның ұрпағы атанудың өзі бақыт. Біз бақытты ұрпақпыз.
«Даңқ», «Отан соғысы» ордендерінің, 20-дан аса әскери, мерейтойлық наградалардың иегері, КСРО және Қазақ ССР оқу ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз, ауданның «Құрметті азаматы» Павел ЩЕРБАКОВ Шонжы ауылының тумасы. Соғыс өрті тұтанғанда мектептің сегізінші сыныбының оқушысы болған Павел Васильевич ересектермен бірге жаудың бетін қайтаруға майданға сұранады. 1942 жылы әскер қатарына алынып, 147 запастағы полкте арнайы курстан өткен соң 6 гвардиялы атты әскер корпусының миномет батареясының құрамында Воронеж, Батыс және бірінші Белоруссия майдандарында шайқасқан. Ұлы Жеңісті Мәскеуден 20 шақырым жердегі Подольск қаласындағы Новочеркасск атты әскери училищесіне жолдама алып, курсанттармен бірге қарсы алған. 1947 жылы Жоғары қолбасшының қаулысымен туған жеріне оралып, мұғалімдік кәсіпті меңгеріп, зейнеткерлік жасқа жеткенше оқушыларды біліммен сусындатты. Мектеп директоры болып ұзақ жыл қызмет атқарған. Шәкірттері әлі күнге ұстазын ұлағаттап, оның берген тәлім, тәрбиесін айтып отырады. Ұстазға одан артық бағаның керегі жоқ.
«Үшінші дәрежелі Даңқ», «Қызыл Жұлдыз», «Отан соғысы» ордендерінің иегері, ауданның «Құрметті азаматы» Рахман НҮСІПОВ 1922 жылы Тоғызбұлақ елді мекенінде дүниеге келген. Жаркенттегі техникумда оқып жүрген кезінде соғыстың басталғаны жөнінде хабарды естиді. Оқуын аяқтамай көппен бірге әскер қатарына шақырылып, Жаркенттен Сарыөзекке дейін жаяулатып, өзі қатарлас жігіттермен бірге пойызбен Алматы қаласына барады. Естігені болмаса көзі көрмеген қалалар арқылы Мәскеуге жетеді. Өте сауатты, білімді жігіт оқыту орталығында қару ұстаудың қыр-сырын үйреніп, соғыс тактикаларын да тез қабылдайды. Училище қабырғасында оқу-жаттығудан өткеннен соң Сталинградты қорғауға аттанады. Командирдің көмекшісі бола жүріп, жастардың жігерін жанып, нағыз көшбасшылық қабілетін танытады. Берлинге дейін барады. Туған ауылына аман-есен оралған соң құрылыс саласында ұзақ жыл жұмыс атқарып, басшылық қызметтерде болады. Құдайдың бұйыртқаны болар бүгінде тоқсанның алтауын артқа тастап, отбасының қазынасы болып отыр.
Юнус ХАМРАЕВ — Үлкен Ақсу ауылындағы абыройлы ақсақалдардың бірі. Балалық шақтары соғыспен тұспа-тұс келсе де жігерлері жасымай Отанын дұшпаннан қорғау ісіне арпалыса араласқан, жаймашуақ заманның да дәмін татқан ардақты жандардың бірі. Сол кездегі аудан орталығы Подгорное қазіргі Қырғызсай ауылына жасы 17-18 дегі жігіттер әскер қатарына алына бастайды. Үшінші мәрте шақыртылғанда ғана оның жарамдылығы анықталып көппен бірге сұрапыл соғысқа аттанады. Алдын ала дайындықтан өткен соң Белоруссияның Гомель қаласында жасақталған 244 атқыштар полкінің, 41 дивизиясының пулеметшілер ротасына түседі. Қарудан еш хабары жоқ жас аз уақыт ішінде оның қалай қолданылатындығын үйреніп алады. Қан майданда үш рет жарақат алып госпитальде емделгенімен, соңғы рет ол ұрысқа жарамсыз деп танылады. 1944 жылы отбасына оралған Юнус қария сауда саласында ұзақ жыл абыройлы қызмет атқарады. Бейбіт өмірде жан жары екеуі он бала сүйіп, одан немере, шөбере, шөпшек көрген бақытты шаңырақ иесі.
Абдужалил ШАРИПОВ соғыс басталғанда әлі мектеп қабырғасында жүрген оқушы болатын. Ер-азаматтар белдерін бекем буып, бала-шаға жанұяларын тастап, майданға аттанғандар ішінде оның әкесі болады. Ауылдағы колхоз жұмысына қолғабыс жасап жүрген жас баланы 1942 жылы әскер қатарына шақырады. Әкесі соғыста, артынан баласы да аттанады. Әкесі жарақат алып соғыс аяқталмастан ауылына оралады. Ал Абдужалил ата 1943 жылдың наурыз айынан 1945 жылдың мамырына дейін 93 атқыштар бригадасының құрамында дұшпаннан елді азат ету ұрыстарына қатысады. Отбасына оралып, үйленіп, балалы-шағалы болып, аудандағы көптеген мекемелерде есепші, бас есепші лауазымдарында болады. Қазір бала-шағасының ортасында немере-шөберенің қызығын қызықтап отыр.
Иван ДУМАНОВ — Жеңіс мерекесін тың күйде қарсы алып отырған қарияларымыздың бірі. Тасқарасу ауылында тұрады. Қарттыққа мойынсұнбаған, үйдің ұсақ-түйек шаруасынан қол үзбеген ақсақал да соғыс басталғанда мектеп оқушысы-тұғын. Соғыстың аяқталуына таяу, яғни 1944 жылы әскер қатарына алынып, 854 атқыштар полкінде үшінші Беларусь майданында, одан соң Қиыр Шығыс майдандарына қатысқан. Байкалдың жағасында жүргенде неміс басқыншыларының толықтай жеңіліс тапқандығын естіп, қасындағы майдангер достарымен жеңісті қарсы алады. Иван Павлович үшін бұл соғыс аяқталғанымен, Жапонияға қарсы соғыс басталады. Манчжурия, Мудоджян, Гирин, Харбен қалаларында болады. Иван Павлович үшін соғыс тек 1951 жылы ғана бітеді. Алматы қаласындағы ең ірі құрылыс саласы СПМК да қызмет етіп, 1983 жылы зейнеткерлікке шығады. Ұл, қыздарынан бүгінде немере, шөбере сүйіп отыр зиялы қарт.
Әкрәм АВАЛОВ — Тиірмен ауылының тумасы, қазір де осы ауылдың қазыналы қариясы атанып, соғысты көрген жалғыз куә ретінде өткені мен бүгінін таразыға салған абыз ақсақал. 1942 жылдың маусым айында жасы 18 ге жаңа толған жігіт әскер қатарына алынып, әскери әзірліктен өткен соң 104 запастағы атқыштар полкіне түседі. Пулеметші ретінде жауға қарай оқ боратып, дұшпанның баса-көктеуіне жол бермеген көп жауынгердің бірі ретінде кеудесін оққа тосқан қаһарман қария. Немістің офицерін қолға түсіру операциясына қатысып, жарақат алған жауынгер туған жеріне аман-есен оралған аздың бірі. Соғыстан кейінгі жылдары ауданның өркендеу жолына өзіндік үлес қосқан, мал шаруашылығы, құс шаруашылығы, есепшілік жұмыстарды адал атқарды. Он баланың әкесі, 50 ге тарта немере-шөберенің атасы. Әлі де ұрпағына айтар әңгімесі таусылмаған жан.
Алим КЕБИРОВ — Бахар ауылында тұратын соғыс зардабын тартқан жалғыз өкіл. 1 Беларусь майданында дұшпанға қарсы ұрысқа қатысушы. Украинаның көптеген қалаларын азат етіп, бір шайқаста аяғынан ауыр жарақат алып, 1944 жылы еліне кері қайтарылады. Жастық жігерлерін жауға қарсы бағыттаған олар туған жерге оралған соң да қызу еңбектің ортасына түседі. Дардамты ауылдық кеңесінде, одан соң Карл Маркс атындағы колхозда жеті жылдай салық инспекторы, бригадир, мал фермасының меңгерушісі сияқты лауазымдарды атқарды. Балалы-шағалы үлкен отбасының тірегі болып, қарттықтың құрметін сезініп жүрген екі ғасырдың ауыртпалығын бірдей көрген көнекөз қария.
Омар ҚАСИМОВ — Қалжат ауылының тұрғыны. Соғыс оты тұтанғанда ойын баласы болғандықтан ауылда қалған қыз-қырқын, әйелдермен бірге егістік жұмыстарына араласады. 1944 жылы қараша айында шақырту қағазы келіп, Семей қаласындағы әскери дайындықтан өтіп, 209 резервтік полкта Беларусь майданында, Польшаны жаудан азат етуде, Братислава қаласына бекінген неміс басқыншыларын кері қарай қайтару ұрыстарына қатысады. Аяғына оқ тиіп, оны емдеп алған соң қайтадан майдандастарымен бірге Берлин қаласына дейін барады. Чехославакия, Брест қалаларындағы соғыстың белортасында жүреді. Реактивті ұшақтар қонатын аэродром құрылысына қатысады. Соғыс ол үшін тек 1950 жылы қараша айында аяқталады. Алматы қаласында қалып, үлкен зауыттарда еңбек етеді. Туған ауылына 1955 жылы оралады. Жүргізушілік, ауылдың әртүрлі жұмыстарына араласып, бала-шаға өсіріп, бүгінде жастай көрген бейнетінің зейнетін көрі отырған берекелі қария.
Баян
МАМЫРБАЕВА