Көркімен көз тартар бас қаланың әсем ғимараттары шетелден келген қонақтарымен қатар қазақстандықтарды да әлі күнге дейін таңғалдыруда. Әр ғимарат өзіндік ерекшелігімен салынып, оның бой көтеруіндегі мәні мен мағынасы тереңде жатыр. Солардың бірі – пирамида тәрізді салынған «Бейбітшілік және келісім сарайы». Ол 2006 жылы 2 қыркүйекте салтанатты түрде ашылған. Болат пен тастан тұрғызылған сарай бүгінгі таңда өзара түсінушіліктің жаһандық орталығына айналды. Сарайдың орталық күмбез залы Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің холлы тәрізді етіп жасалған. Сарай құрылысы құбылмалы ауа райын ескере отырып салынып, оның кіре берісі жер астында орналасқан
Бейбітшілік және келісім сарайы әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының сьездері өткізілетін орын ретінде әлемге әйгілі архитектор Норман Фостердың жобасымен «Сембол Иншаат» түріктік құрылыс компаниясы салды. Осы кешеннің ең басты ерекшелігі – ғимарат Фибоначчидің алтын қима принципіне сәйкес салынған. Бұл жерде көрме залдары, конференция залы, қысқы бақ, 1500 көрерменге арналған концерт және опера залы орналасқан. Интерьерлері күрең-алтын тонда жасалып, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілгендіктен сапалы жұмыстар жүргізуге мүмкіндіктер көп. Сахна жанында 80 музыкант қашақталған 2,8 метрлік оркестрлік орын орналасқан. Мерекелік зал 2000 шаршы метрден астам аумақты қамтиды және бір уақытта 1000 адамға дейін қабылдай алады. Ауданы бойынша ең үлкен зал – 2000 шаршы метрді алып жатқан «Хеопс атриум» залы. Осы залда Елордамыз Астана қаласын 2030 жылға дейін дамытуға арналған басты жоспар құрамы орналасқан. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының сьезі өтетін зал Қазақстанның Мемлекеттік туы түстеріндегі витраждармен безендірілген. БҰҰ қауіпсіздік кеңесі залының үлгісіне ұқсатып салынған пирамиданың ең жоғарғы жағында орналасқан дөңгелек залда сьезд өтеді. Оны әлемнің қолын бейнелейтін төрт тірек ұстап тұр. Бір қабат төменінде үлкен кітапхана яғни әлемдік діндердің зерттеу орталығы бар. Пирамиданың ортасына қарай иілген қабырғаларда Астананың аспабақтары орнатылған. Бұл ғимарат әртүрлі діндердің, ұлт өкілдерінің бірлесетін жері екеніне тағы бір дәлел бола алатын факт ол – пирамиданы Қазақстандағы халықты, соның ішінде бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан түрлі ұлт өкілдерін көрсететін 130 ұшып бара жатқан көгершіндердің тобы бейнеленген үлкен шыны күмбез. Түнгі уақытта күмбез жанып, маяк секілді әртүрлі мәдениеттердің, діндердің, халықтың бірлігін бейнелейді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Сарайымыздың төрт тағаны дүниенің төрт бұрышына бірдей айқара есік ашқан. Бұл ғимарат әлемнің әр тарабындағы барша ұлттар мен дін өкілдеріне дос құшағын ашқан тәуелсіз Қазақстанның символы іспеттес» деп ғимаратты сипаттаған болатын. Сол сияқты «Бейбітшілік және келісім сарайы» Қазақстан жеріндегі бірлік пен достастықтың, бейбітшілік пен ынтымақтастықтың белгісі. Мұны пирамида тәріздес етіп салу Елбасының идеясы. «Елордада Пирамида тәріздес сарай бой көтерсе, әрі онда түрлі ұлт, дін өкілдері бас қосып, барша адамзатты бейбітшілік пен жақсылыққа жетелейтін шешімдер қабылдаса» деген идеяны Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2003 жылы Астана қаласында өткен әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының І-ші съезінде ұсынған болатын. Осы съезге әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған түрлі конфессия көшбасшылары Мемлекет басшысының идеясын қолдаған. Содан кейін әлемнің ең жас елордасы Астана қаласында 2006 жылы қайта қауышқан съезд делегаттары екінші бас қосуын жаңа, бірегей ғимарат – Бейбітшілік және келісім сарайында өткізді.
Думан
САРТБАЕВ