Басты бет Әр қилы Аманаттың ауыр жүгі

Аманаттың ауыр жүгі

0
2,093

Аманат сөзі кішкентай кезімізден құлағымызға құйылып, санамызға сіңісіп, оның үлкен тапсырма, өсиет екендігі қанымызға қалыптасып өскен ұрпақпыз. Аманатқа қиянат жасауға болмайтындығын бұлжытпай орындайтын заңдай қабылдаймыз. Аманаттың түп негізінде сенім жатыр. Сондықтан аманатты орындауға зор мән беріліп, ал оны мойнына алған адамға қарыз саналған. Аманат көнеден келе жатқан біздің ұлттық құндылықтарымыздың бірі деп қарасақ артық кеткендік болмас. Баяғыда жат жерде жазым болған батырлардың ел-жұртына сәлемі, кемел дананың келер ұрпаққа өсиеті, өлім аузындағы адамның сары ауыз балапандарын, ғазиз жарын, кәрі ата-анасын досына аманаттау орындалуға тиісті парыз, қарызға жатқан. Оны орындамау аманатшының алдында ғана емес, құдай, аруақ алдында күнә болып есептелген. 


Біздің ата-бабаларымыз ант-су ішпей-ақ, құжаттап, қаттаусыз-ақ құдай алдындағы, ар-ождан алдындағы міндет деп аманатты басты орынға қойған. Сол аманат ұғымы қазір өз қалпын, қасиетін жоғалтып алғандай болды. Аманат — еш ақысыз біреудің өтінішін орындау. Ал қазір осы аманат сөзі қаншалықты өмірімізде қолданылып жүр деген сұраққа жауап іздер болсақ, нақты ештеңе айта алмайтын сияқтымыз. Бүгінде ақысыз тұяғымыз қимылдамайды, тіпті қарапайым сұрақтарға да ақылы жауап бергіміз келіп тұрады. Неге? Нарық заманының самалы барлық дүниеге тек ақылы қызметпен ғана баға беретіндей халге жеткізгендіктен бе? Осы тұста ертегі іспетті, мүмкін бір ақылды адамның ойдан құрастырған аңызы да болар, үлкендердің аузынан естіген бір әңгіме есіме түсіп отыр.
Бір адам күн батып, қараңғы түскенде моншаға барғысы келеді. Достарының бірін моншаға шақырады. Досы: «бірге ілесіп барайын, бірақ моншаға түсуге уақытым жоқ», — дейді. Сөйтіп әлгі адам досымен бірге моншаға қарай аяңдайды. Екі жолдың айрығына жеткенде жолдасы байқатпай басқа жолға түсіп өз шаруасымен кетеді. Ал әлгі адам моншаға жалғыз өзі бара жатты, бірақ жолдасы артынан еріп келеді деп ойлайды. Кенет бір ұры адам оның ізіне түседі. Бірақ жаңағы адам оны досым деп түсінеді. Оның қалтасында жүз ділдәсі бар болатын. Моншаға жеткенде сол жүз ділдәсін алып, қараңғыда түрін ажыратпай жаңағы ұрыға беріп жатып: «Әй, бірәдар, мен моншаға түсіп шыққанша, бұл ділдәлар сенде болсын, моншадан шыққан соң маған қайтарасың» — деп аманаттайды. Ұры ділдәны алып күтіп отырады. Әлгі адам моншадан шыққан соң үйіне қарай аяңдайды. Ұры артынан айғайлап: «Әй, мырза, мә, алтындарыңды ал, мен сенің аманатыңды орындаймын деп талай шаруамнан қалдым» — дейді. Әлгі адам таңданыспен: «Сен кімсің, қайдағы алтын?», — дейді. Ұры өзінің кім екенін түсіндіреді. Онда неге алтындарымды алып қашып кетпедің деген сұрағына ұры: «Жүз түгіл, мың ділдә болса да ойланбай-ақ алып кетер едім, бірақ сен бұларды маған аманатқа тапсырдың ғой, ал аманатқа қиянат қылу – ерлік емес», — деген екен. Ұры екеш ұрының өзі аманатқа қиянат жасамайтындығын айтқан бұл аңыздың тереңіне бойлар болсақ, бір сөздің қаншалықты құдіретке ие екендігіне көзіміз жетеді.
Бүгінгі күннің бір көрінісін баяндайын. Екі дос қалаға барған күннен бірге жұмыс жасап, қиындықтарын бірге бөлісіп, балалы-шағалы болысып, бизнестері де бірге дамиды. Тағдыр кейде ойламаған жерден бүтінді жарты етіп, жартыны жалқы етіп тастайтын сәттері болып жатады. Екі достың бірі аяқ астынан жаман дертке шалдығып, дәрігерлер де, қаржы да көмектесе алмады. Сондағы достың досына айтқан аманаты әйелі мен балаларын басқаның қолына қаратпау. Шамаң келіп жатса өзіңнің отбасыңдай көріп, қаңғытпа деген соңғы сөздері досының жүрегіне салмақ емес, жара салғандай естіліп тұрды. Тірі адам тіршілігін істейді. Бизнестері бірге болғандықтан оны бөлу тиімсіз. Жесір әйел, жетім баланың қамы достың мойнына түсті. Одан бері бірталай жыл өтті. Әлі қырыққа жете қоймаған, материалдық жағдайы жасалған үлбіреген келіншекке көз сүзгендер де, сөз салғандар да көбейе бастады. Өмірдің жазылмаған заңдары кейде адамдарды сансыратып, тығырыққа тірейтіні бар. Досының өзіне аманаттаған әйелі мен балаларын басқаға қимағандығы соншалықты өз әйелімен ақылдаса отырып, онсыз да екі үйдің азық-түлігі, коммуналдық шығыны, балалардың киімі бәрі-бәрі өз мойнында болғандықтан, екінші әйел ретінде некелесуге рұқсат сұрады. Әйелі түсіністікпен қабылдады, тек досының жары ондай опасыздыққа бара алмайтындығын айтып, қасарысты да қалды. Ең соңында өз әйелінің «Байлығы, сымбаты бар еркек саған да, маған да жоқ болып, басқа сылқымдардан ләззәт іздеп кеткенше екеуіміздің ортамызда жүрсін» — деген сөзі тоқтау болып, бүгінде екі шаңырақтың барлық қамқорлығын мойнына алған жігіт екі отбасы үшін тер төгіп жүр. Ортақ бизнестері, ортақ балалары, ортақ басиелері бар екі шаңырақ тәп-тәуір тіршілік кешіп отыр. Аманаттың бір түрі деуге болар. Кез келген ер-азаматтың қолынан келе қоймайтын мұндай әрекеттер сирек те болса кездесіп отырады.
Қараңғы тұманнан жол таппай тұрғанда Құдай қарасып, тәуелсіздік, егемендік заманы туды. Ендігі бар міндет — жоғалтқанымызды түгендеу, ұлттық қасиеттерімізді қалпына келтіру. Оны кіршіксіз таза сақтай білу, келер ұрпаққа шығынсыз жеткізу бізге аманат болса, қорғау, дамыту, өркендету — жас буынға аманат. Ал аманат сөзінің құндылығын ұрының әңгімесінен ұғуға болады. Сондықтан оның қадір-қасиетін жоғалтпасақ. Бабалар аманатына қиянат жасамай, жерімізді, тілімізді, ділімізді қызғыштай қорысақ. Аманаттың ауыр жүгін бірлесе көтерсек деген арман ғой біздікі.

Баян
МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

УНИҢ ҺАЯТИ ӘМГӘК БИЛӘН ЖУҒИРИЛҒАН

Кеңәш дәвридики өтмүшни әскә алидиған болсақ, түрлүк иш қойнида әмгәк әткән инсанларниң қи…