Аудан әкімдігінің мәжіліс залында Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі және қызметшілер әдебі жөнінде ауыл әкімдерінің, аудандық бөлім, мекеме басшыларының қатысуымен жиын өтті. Жиынның тізгінін ұстаған аудан әкімінің орынбасары Құралбек Бекмұханбетов жалпы мемлекеттік қызметкерлердің этикасы, әдебі және қызметтері жөнінде сөз қозғап, заң жүзінде түсінік берді. Сонан соң алғашқы сөз кезегін Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Еділ Тезекбаевқа берді.
Ол сөз басын ең алдымен аудандағы тексеру жұмыстарының жүріп жатқандығымен бастап, кеткен кемшіліктерді айтып, мемлекеттік қызметкерлердің құқығы жайында түсінік берді. Аудандағы мемлекеттік қызметкерлердің бірқатары ҚР-ның әдеп жөніндегі кодексінің ескі мәтінін осы күнге дейін пайдаланып келген көрінеді. Яғни бұл жаңа кодекстің баптарын, ондағы басты қағидаларды білмейді дегенді білдіреді. Бас маман Еділ Тезекбаев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жыл 29 желтоқсандағы Жарлығымен жарық көрген ҚР мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы Әдеп кодексімен таныстырды. Онда мемлекеттік қызметкерлердің адамгершілік асыл қасиеті мен ананың ақ сүтімен келген тәлім-тәрбиесі, этика, эстетикасы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлқы, мемлекеттік тіл мен өзге де тілдерге оң көзқараспен қарауы сияқты бірқатар құқықтардың жазылғандығын жіктеп жеткізді. Сонымен қатар жаңа кодекс ел игілігіне қызмет ететіндігі, Қазақстанды дамыған елдердің қатарына қосу да жаңа заң талаптарында көрсетілген. Кейінгі кездерде қағазбастылықты сылтау еткен мемлекеттік қызметкерлердің жұмысына немқұрайлы қарауы да кездескен. Яғни басшылыққа берілетін ақпараттар атүсті қаралатындығын айтқан бас маман Еділ Тезекбаев мемлекеттік қызметкерлердің халық алдында үлкен жауапкершілікті сезінулері керек екендігін түсіндірді. Арнайы тексеру жұмыстарының жүргізілуі қызметкерлерді қорқыту емес, әдістемелік көмек көрсетіп, олардың құқығын қорғау дегенді айтты. Ал ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Бекжан Әзекенов мемлекеттік автокөлікті қызметтік емес уақытта пайдалануға тыйым салынғанын ескертіп, демалыс күндерде, іс-сапарларда арнайы бұйрықпен жүрулері керектігін айтты. Сонымен қатар мейрамханалар мен демалыс орындарына қызметтік көлікпен бармауға кеңес берді. Жиын барысында қонақтарға қойылған сұрақтар мен ұсыныстар да аз болмады. Атап айтқанда, аудандық мәслихаттың хатшысы Нұрәкім Есжан халық арасында қызметкерлерге себеппен де, себепсіз де күйе жағылатындығын айтып, олардың құқығын қорғауға жағдай қарастыруды сұраса, Шонжы ауылдық округінің әкімі Адылжан Құрбаниязов 20 жылға жуық мемлекеттік қызмет саласында жұмыс жасап жатқандығын, осы уақытқа дейін еңбек демалысының толықтай берілмегендігін жеткізді. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлжаһан Әликеева жастарды мемлекеттік қызметке қызықтыру үшін баспанамен қамтып, еңбекақыларының мөлшерін көбейтсе деген ойын назарға қойса, Дардамты ауылдық округінің әкімі Мақсат Мадамилов шалғай елді мекендердегі ауылдық округ әкімдігінде жұмыс жасайтын мамандарға жол қаражаты қарастырылса деген ұсынысын айтты. Ұсыныстар мен пікірлерге, сауалдарға қанағаттанарлық жауап беріліп, жиын өз мәресіне жетті.
Думан
САРТБАЕВ