Басты бет Жастар саясаты КЕЛІНІ ЖАҚСЫНЫҢ КЕРЕГЕСІ АЛТЫН

КЕЛІНІ ЖАҚСЫНЫҢ КЕРЕГЕСІ АЛТЫН

0
1,509

Осы біз кейіпкерлер қасымызда жүрсе де оларды неліктен аспаннан іздейтін әдетімізден арыла алмай келе жатқандығымызға таңдандым. Арай алғашқылар қатарында жекеменшік балабақша ашып, басқаларға үлгі бола білген іскер келіндеріміздің бір емес пе? Сонан соң көршіміз, балалары көз алдымызда ержетіп жатыр. Жекеменшік балабақшалардың қарасы көрінбеген кезде бәсекелестік ниетте өзінің бағын сынаған, сөйтіп бүгінде көп-көрім жақсы деген атқа лайықты болған жан туралы неге жазбасқа деген ойға тоқтадым. Зікірия Шәймерденов атындағы балабақшаның меңгерушісі Арай Сейдахметова атасының атын аспандатып жүрген ибалы келіндер қатарында мен үшін. Зікірия ағаммен талай дастарқандас, сұхбаттас болғандықтан бұл шаңырақтың адамдары мен үшін жат емес. Шәймерденовтер шаңырағы шабыт дарыған, өнермен сусындаған, шығармашылықпен шыңдалған ауданда дардай аттары бар әулиелі шаңырақ. Ал отағасы Зікірия аға Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы ауданға алғаш ат басын бұрғанда жырдан шашу шашып қарсы алған, үлкен кісінің қолын, батасын алған ерекше жан еді. «Орнында бар оңалар» демекші сол ағамыздың аруағы қолдап бүгінде ұрпағы ата есімін ардақтап отырған жайы бар. Арайдың шыққан тегін, ата-анасын білмеймін, бірақ оның да осындай шаңырақққа келіп, шаруасын дөңгелетіп отырғанына қарап тектілігін байқаймын. Іштей ағам үшін Аллаға алғыс айтамын. Жақсының аты өшпейді деген осы болар. Жалғыз ұл Ержұмадан бүгінде арыстай үш ұл Дінмұхамбет, Жанмұхамет, Аяндар ұрпақ сабақтастығын жалғастырып келеді. Арайдың аяғы құт болып келген келін. Балабақшадан бөлек ененің жайы, жардың бабы деген күнделікті тіршіліктегі жұмыстарға да үлгеруде. Іскерлігі бір төбе, келіндігі бір төбе бола алатын Арай туралы қолыма қалам алдырған нендей нәрсенің құдіреті екендігін білмеймін, әйтеуір осы қыз менің жүрегімнің түкпірінен етжақынымдай орын алатыны ақиқат. Ақжарқын мінезі, көпшілдігі, бауырмалдығы болар. Осындай келіндеріміз әр шаңырақтың шырағын жағып, отын өшірмей, ұрпағын көбейтетін болса, онда алдағы күндеріміздің кемелдігіне шүбә болмас. Мінезді отбасына түсіп, оның әрқайсысының тілін тауып, жағдайын жасап, сыртқа шыққанда басшы болып, үйге келгенде күтуші бола білу де үлкен жүректі адамдардың ғана қолынан келер. Арайды өз басым осылайша бағалаймын. Балалармен жұмыс істеу, олардың еркелігін көтеру, басын жарып, көзін шығарып алмау үшін сәт сайын бақылауда ұстау аса жауапты іс. Сол жауапты істің үдесінен шығып, ата-аналардың алғысына бөленіп жүрген Арайды мерекесімен құттықтап, балалар мекенін ғажайыпстанға айналдырып, ауданның көсегесін көгертетін келіндердің көшбасында жүруіне тілектеспіз. «Келіні жақсының керегесі алтын» дейді халқымыз, керегемізді алтындайтын Арайдай келіндеріміз көп болғай…

Баян
МАМЫРБАЕВА

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

«ҚАРАДАЛАНЫҢ» ҚАРА НАРЫ

Қасиетті өнердің өз көрерменіне жол тартатын сахна дейтін киелі мекені болады. Ол жер әркі…