Бір адамдар болады өмір бойы тырбаңдап еңбектенеді, бірақ ол еңбегінің бар-жоғы білінбейтін, өздері де еленбейтін, көзге көрінбейтіндер. Енді бір адамдар болады түк бітірмесе де дүниені төңкеріп жатқандай «көрерменге» ұсына алатын, ұсынып қана қоймай онысына сендіргісі келетін, бірақ онысының жалғандығы жұрттың бәріне байқалып жатады. Тағы бір жандар бар сөзі мен ісі қабысып, істеген тіршілігі жан дүниесінің айнасындай көрініп тұратын. Дәл осы үшінші анықтамаға лайықты жанның кешіне куәгер боп қайттық. Атақ пен абыройды қалтасының қалыңдығынан немесе қызметінің, лауазымының жоғарылығынан, орынтағының биіктігінен емес қарапайым тірлігімен танытқан, өзіндік ойы мен пікірін халықтың қамы, елінің жайы үшін жасап, үлкенді аға деп құрметтейтін, кішіге іні деп қамқор бола алатын ұлағатты ұстаз, аудандық «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәнет Керімқұловтың зейнеткерлік жасына құтты болсын айтқан Бірлік Сүмбе орта мектебінің ұжымы, өзінің әріптестері арнайы кеш ұйымдастырыпты. Аудан орталығынан да бір топ адам кештің құрметті қонақтары ретінде шақырылған. Зал көрерменге, жанашыр ағайынға, әріптестері мен достарына лық толды.
«Ұстазым» әнінің ырғағымен «Тұрыңыздар, келе жатыр мұғалім» атты өлең жолдары оқылып, кеш кейіпкері Жәнет Керімқұлов сахна төріне шықты. Осы көріністің өзі ұстаз деген мамандықтың қаншалықты құнды екендігін танытты. Кешті алып жүруші жігіт те сахнаның киесін сезініп, еркіндіктің құдіретін түйсініп, жақсы бір әсер қалдырып отырды.
Сүмбе ауылдық округінің әкімі Бақытжан Митанов Жәнет Сәдіұлының өмірі, ұстаздық жолы, шығармашылығы жайында баяндама оқыды. Математика пәнінің мұғалімі болғанымен өнерге, музыкаға, өлеңге деген құштарлығы оны көптеген өнер адамдарымен араласуына себепкер етіп, тек ұстаздықпен шектеліп қалмай биік сахналардан өнер көрсетуге, елге танымал тұлғалар келгенде аудан атынан сөз айтуға жеткізгендігін мақтанышпен айтты.
Аудандағы алғаш рет құрылған отбасылық ансамбльдің көркемдік жетекшісі, басшысы болған ол жан жары Майраш апайды мың бұралтып билетіп, ұл-қыздарын әртүрлі аспаптарға үйретіп, бірі ән айтса, екіншісі өлең оқып аудан жұртшылығының назарын аудартқандары күні кеше ғана сияқты еді. Енді міне, Пайғамбар жасына жетіп, ақсақалдық деңгейге көтеріліп, бірнеше буын ұрпақ тәрбиелеген ақыл айтар атаға айналды.
Алғаш құттықтау сөз алған аудан әкімі Шухрат Нурахунов жылы лебізін жеткізіп, Жәнет Сәдіұлының қоғамдық бастамаларда көшбасында жүретін жанашырлығын, ауданның кез келген игі ісінің басы-қасында жүретін жүректілігін тілге тиек етіп, салтқа сай иығына шапан жауып, алғысын білдірді. Сонан соң облыстық мәслихаттың депутаты Ызғарбек Бектұрсынов өзінің ағалық ыстық ықыласын айтып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде, кейінгі буын балаларға отаншылдық рухты себелеудегі атқарып отырған жұмыстарын тізбелеп, ең бастысы рухы мықты азаматтың зейнет жасына абыроймен жеткен күніне құтты болсын айтты. Қоғамдық жұмыстарды атқаруға уақыт көбейіп, өнерде жүрген жастардың белін буатын, оларға бағыт-бағдар беретін нағыз толысқан шағында шығармашылықпен бірге оқушылардың математика пәніне деген қызығушылықтарын арттыру жолындағы жұмысының жемісті болуын тіледі. Сүмбе ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Қалабай Мерейімов те ізбасары бола білген ауылдың абыройлы азаматының бірегейі Жәнет інісіне ақжарма тілегін өлеңмен төкпелеп, жақсы іні бола білгені үшін алғысын айтты. «Ағаларым» әнін тарту еткен Бірлік Сүмбе орта мектебі технология пәнінің мұғалімі Гүлзира Туғамбаеваның өнері де аға көңілін аспандатты. «Ақынжанды болмаған адам математик те бола алмайды» деген қағиданы берік ұстанған ағамыз көңілдің кейбір сәттерін өлеңмен өрнектеп, қамыққан тұста қанатты сөзбен қайрайтын кездері жиі болады. Сөзбен кімді болса да қамшылап отыратын әдеті. Өнер оның балаларына да қонған. Ұлы Айдос Сәді әкесіне арнаған өлеңінде шынайы балалық тілегін жеткізіп, әкенің отбасындағы орынын дәл тауып, отырғандарды бір сәт ойлантты. Баласының керемет жыр туындысынан артық қандай баға керек әкеге. «Бәрекелді!» дестік. Кезінде «ЖәнМайСа» отбасылық ансамблінің ең мықты әншісі атанған Айдос әдемі жырынан соң әуезді әнін сыйлады. Жәнет ағаның тағы бір қыры өлең жазуға талпынып, шығармашылық жолын таңдаған жастарға қашанда қолдау көрсететіндігі. Ол рухани жағынан, материалдық жағынан да байқалып тұрады. Сондай шәкірттерінің бірі Санжар Келеке де ағасына арнау өлең жазып келіпті. Жүректен шыққан жанды сөз жүрекке бірден жетіп жатады. Санжардың да жыры ерекше, екпінді, нағыз, шынайы. Артық мақтау, аса дәріптеу емес нағыз бейне жасаған. Марқайыстық. Ақындық Алладан келетін аманат десек, Санжар соның соны үлгісін көрсетті. Аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Кәрібай Қожағұл да Жәнет Сәдіұлымен білім саласында қырық жылдан аса қызметтес болғандығын мақтанышпен айтып, шапан жауып, сый-сияпатын көрсетті. Жәнет ағаның кіші шешесі Бақтыхан жиылған қауымға ризашылығын білдіріп, аналық ақ тілегін айтып, ауданнан келген басшыларға рақметін жеткізді. Ауылдың алтыауыз қара өлеңін арнады. Арасында Бірлік Сүмбе орта мектебі оқушыларының әзірлеген арнайы концерттік бағдарламалары кеш көрігін қыздырып, олардың оқыған өлеңдері кеш кейіпкерінің мерейін аспандата түсті. Жәнет Сәдіұлы келген қонақтарға, өзінің мектебіне ризашылық сезімін айтып, кезінде ағаларынан көрген шапағатына, алған тәліміне, олардың ағалық ақылдарына алғысын жеткізіп, «Рухани жаңғыру» атты өлеңін көпшілік назарына ұсынды.
Ресми бөлім аяқталған соң сыртқа дабырласып шыққан жұрт тағы бір көріністің куәсі болды. Ауылдың азаматтары Жәнет Сәдіұлының зейнеткерлік жасына құтты болсын айта келіп, шапан кигізіп, ат мінгізіп жиылған жұртты мәре-сәре күйге түсірді. Жүрекке жылы тиетін жағымды әрекет барша жұрттың қолдап, қолпаштауымен дүрліге түсті. Азаматының мәртебесін асқақтатқан ауыл жұртының мәрттігіне, көңіліне риза болыстық.
Ертесі күні ауыл жұрты Жәнет Сәдіұлының құрметіне көкпар берді. Жүлдені той иесі қойса, ауылдастары оған тай мінгізіп, жарыс көркін қыздырды.
Шындығында атақ, абырой, беделді ақшаға сатып алуға болмайтындығына осы кеште тағы бір мәрте көз жеткіздік. Бәрі шынайы. Тілектер де, ән мен жыр да ерекше бір тазалығымен, табиғилығымен баурады. Кейде жақсы сөз айтудың өзі қиналыспен, зорлықпен шығып жататыны бар ғой, бұл кеште оның бірі жоқ. Бәрі риясыз пейілдерін жаттанды сөздерсіз-ақ ақтарып жатты. Жәнет Сәдіұлының ниет, пиғылынан да болар. Ауданның әр қырынан бірі Кетпен тауының етегінен шапқылап жетсе, бірі Іленің бойынан, енді бірі қаладан қауғаласып келіпті. Үлкен тойлары алда болар, дей тұрғанмен мектеп ұжымы, әріптестері ұйымдастырған бұл кештің өзі үлкен алқалы жиыннан еш кем түскен жоқ. Жүрген жері әзіл, қалжың, тапқыр сөз бен орамды ойлар болғандықтан да болар, кеш те керемет рухани дем берер деңгейде өткендігі.
Баян
МАМЫРБАЕВА