Алматы облысы Талдықорған қаласында «Патриот» реалити-шоуы өтіп, жеңімпаз анықталды. Қаратал ауданынан Мирас Ертанов бірінші орынды қанжығалап, АҚШ-қа жолдама ұтып алды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жетісу жерінде «Патриот» реалити-шоуы тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» мақаласы аясында жүзеге асқан ауқымды жарыстың мақсаты жастарды спортқа баулып, салауатты өмір салтын насихаттау. Түрлі жат әрекеттерден олардың бойын аулақ ұстау.
Шаршы алаңда қарсыластарын шаң қаптырған Мирас — Талдықорған қаласындағы политехникалық колледждің 4-курс студенті. Дене тәрбиесінің болашақ мұғалімі 10 жасынан бастап бокспен айналысады. 20 жастағы жігіт АҚШ-тың Лас Вегас қаласындағы Фредди Роучтың залында жаттығуға мүмкіндік алды.
Екінші орынды Райымбек ауданының тумасы Жақсылық Қырғызәлі, үшінші орынды Сарқан ауданының намысын қорғаған Саят Құдайберген жеңіп алды.
«Екі аптаның ішінде ең мықтылары іріктелді. Олар осы уақыт аралығында Талдықорғанның көрікті жерлерімен танысып, ағылшын тілін оқыды. Домбыра шертіп, рухани жаңғырды. Айта кету керек, бұл қатысушылардың барлығы кәсіби спорт шеберлері емес, әуесқой спортшылар», — деді жоба ұйымдастырушысы, облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев.
Өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған шара көрермендер үшін қызыққа толы болды. Олар түрлі ойындарға қатысып, бірі Түркия еліне екі адамға жолдама ұтып алды. Сонымен қатар, түрлі сертификаттар ойнатылып, жанкүйерлер көңілінен шыға білді.
Айта кетейік, «Патриот» реалити-шоуы болашақта дәстүрлі түрде өтеді деп жоспарлануда.