Бүгінгі қоғамның ойлы-шұқыры көп. «Түлкі болған заманды тазы болып шалғысы» келетіндер де, аузы ашылса, жүрегі көрінетін адамдарды өз ықпалына алғысы келетіндер де, нанын адалынан тапқанды алдап соққысы келетіндер де, оңай жолмен нәпәқа тапқысы келетіндер де көп бұл қоғамда. Заңды белшесінен басып, елге зардабын тигізіп, қан қақсатып жатқандар да жетерлік. Әрине, елімізде оларға қарсы заң да, заңның орындалуын қадағалайтын орын да бар. Солардың бірі – прокуратура.
6 желтоқсан – прокуратура қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. 356 күн мемлекет атынан Республика аумағында заңдардың, нормативтік-құқықтық актілердің орындалуын, тергеу мен іздестіру қызметінің ақтығын, заңсыздықтың жолын кесу шараларының нақтылығын қадағалайтын прокуратура қызметкерлерінің жұмысы қашанда ауызға алып, мақтауға тұрарлық. Оған, сірә, ешкімнің дауы бола қоймас. Аудандық прокуратура да барлық елді мекендердегі келеңсіздіктерді шешу ғана емес, солардың жолын кесу үшін де еңбек етуде. Құрылғанына келер жылы 90 жыл толатын аудандық прокуратураны бүгінде Омаров Арман Найманбайұлы басқарады. Онан басқа прокурор орынбасары Ақынбаев Ерлан, аға прокурорлар Имиров Шахмурат, Атан Мақсат, прокурорлар Жүніс Нұрсұлтан, Олжабеков Ерлан, кеңсе меңгерушісі Қасымжанова Назира, іс жүргізуші Мажитова Маржан тағы басқа кіші қызметкерлер тер төгуде. Заң үстемдігін үздіксіз бақылайтын органды мереке қарсаңында құттықтай отырып, олардың жұмыс барысымен танысып қайтуды жөн санадық.
ҰРЛЫҚҚА ТОСҚАУЫЛ
Дәл осы атаумен аталған жоба аясында аудандық прокуратура ауыз толтырып айтарлық жұмыстар атқарған екен. Біздің өлкенің түгін тартса майы шығатын құнарлы да қасиетті өңір екенін ылғи айтып келеміз. Өрісі малға, қойнауы дәнге толған аймақ. Дән салсаң, егінің еңсе бойы көтеріліп өседі, мал бақсаң, қысы жазы күйі кетпей өседі. Әйтеуір ерінбей еңбек еткен адамға несібе төгіліп-ақ тұр. Өңірдің экономикасын көтеруде де мал шаруашылығының маңызы артып отыр. Бірақ қысы, жазы маңдай терін төгіп, жатпай, тұрмай тірнектеп жинаған малының ұстағанның қолында, тістегеннің аузында, яғни ұры-қарының қанжығасында кететіні қарапайым халықтың ашу-ызасын тудырары хақ. Ал жылқыны үйірімен, ірі қараны табынымен, ұсақ малды отарымен айдап кетуден тайсалмайтын қанды қол қарақшылар да кездеседі. Аудан прокуратурасы аталған жобаның аясында аудан тұрғындарының назарына өздеріне тиесілі малдарын қараусыз қалдырып, иесіз жібермеуін және тиісті құжаттарсыз тасымалдамауын ескертіп, алдын алу жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде ауданымызда 2017 жылдың 11 айында өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда мал ұрлығы 32,4 пайызға, ал жалпы ұрлық құқық бұзушылықтары 28,6 пайызға төмендеген екен. Бұл сандар нақты жасалған жұмыстардың нақты нәтижесін көрсетсе керек.
ПРОБАЦИЯ ҮЙІ
Бүгінгі қоғамда адасушы да, адастырушы да көп. Біреулер жаза басып, жазықты болады. Енді біреулер аңдамай жүріп арандайды. Тағы біреулер тайраңдап жүріп шоқ басса, енді бірі қасақана қылмыс жасап, қармаққа ілінеді. Ал жасалған қылмыстың жазасыз қалмасы анық. Бірақ оларды айыпты болған екен деп қоғамнан аластатып жіберуге тағы болмайды. Міне, осы мақсатта аудан прокуратурасы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын басшылыққа ала отырып, пробация қызметінде есепте тұрған адамдарға әлеуметтік қызмет көрсету мақсатында мемлекеттік қызметкерлерден жұмыс тобын құрып, «Пробация үйі» жобасын қолға алған. Жобаны жүзеге асыру мақсатында аудан прокуратурасының ұйымдастыруымен ауданымыздағы пробация қызметінің есебінде тұратын барлық азаматтарды тезірек қоғамға оңалтуға жақсы көмек көрсету үшін жуырда спорттық шара ұйымдастырылған. Аталған шараға 40-тан астам пробация қызметінде есепте тұрған азаматтар қатысып, олар футбол, турник, қол күрес және зіл темір көтеру секілді спорт түрлерінен жарысып, нәтижесінде жеңіске жеткендер әртүрлі марапаттарға ие болған. Сонымен қатар пробация қызметінде есепте тұрған 5 адамға қатысты құқықтық көмек көрсетіліп, 8 адам жұмысқа орналасқан. Осылайша «Пробация үйі» жобасының негізінде пробация қызметінде есепте тұрған адамдардың тезірек қоғамға оңалтуға, бейімделуіне бар мүмкіндіктер жасалуда.
ЖАУАП АЛУДАҒЫ ЖАҢАЛЫҚ
Прокуратура органдарының басты мақсаты ол азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз ету екені айдан анық. Сондықтан аудан прокуратурасының бастауымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау және тергеу әрекеттерін ашық ету мақсатында бейне камералармен жабдықталған жауап алу кабинеті ашылды. Қазіргі таңда барлық жауап алу, беттестіру және т.б. тергеу амалдары аталған кабинетте жүргізіліп, кейіннен бейнежазбаға түсірілген күйде қылмыстық іске дәлелдеме ретінде тігіледі. Жауап алу кабинеттерінің камералармен жабдықталуы ең әуелі құқық қорғау органдарына көңілі толмайтын, тергеуді дұрыс жүргізбеді деп шағымданатын жандар үшін қолайлы болды. Жазбаларды күдіктілердің туған-туыстары қарап, жауап алу сәтінде ешқандай заң бұзушылықтың болмағанын аңғара алады.
ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНДА
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасындағы «Архивтер сөйлейді» жобасын іске асыруға бағытталған шараның бірі ретінде 2017 жылдың 28 қарашасында Алматы облысы әкімдігінің, Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, Алматы облысының мемлекеттік архивінің бастамасымен «Үздік ведомстволық архив» атты байқаудың қорытындысы белгілі болды. Аталмыш байқауға республикалық және жергілікті бюджетке қарасты 21 мекеме қатысты. Солардың ішінде құқық қорғау органдарының арасынан 1-ші орынға Ұйғыр ауданының прокуратурасы ие болды. Бірінші орынға ие болған аудандық прокуратураның іс жүргізу инспекторы Қасымжанова Назира Қасенханқызына бағалы сыйлық табыс етілсе, ведомстволық архивті талапқа сай жабдықтап, архив саласын дамытуға үлес қосқаны үшін жүлделі 1-ші орынға ие болған аудан прокуроры Омаров Арман Найманбайұлы алғыс хатпен марапатталды. Аудандық прокуратураның төл мерекелері қарсаңындағы бұл жетістіктері мақтауға тұрарлық. Біз де құтты болсын айтып, әрдайым алдыңғы қатардан көріне берулеріне тілектеспіз.
Заң мен құқықтық тәртіптің сенімді қорғаушылары, азаматтардың бостандығы мен конституциялық құқын қорғау, қылмыс және сыбайлас жемқорлықпен күресте заңдылықтың сақталуына, жалпы мемлекетте құқықтық саясатты жүзеге асыру бойынша міндеттерді ойдағыдай атқарып, азаматтардың мүддесін қорғауда қолұшын беруден жалықпай, қайырымдылық көрсетуден де тарықпай келе жатқан Прокуратура қызметкерлерін төл мерекелері қарсаңында қалай мадақтасақ та жарасар. Өйткені уақыт пен заман өзгерсе де, шенділердің міндеті өзгермеуі керек. Айқын жұмыстан айнымай, түбегейлі бағдардан танбай, уәдеден жаңылмай, заңсыздыққа бағынбай, адалдықтан аттамай, арамдарды жақтамай, қарапайым халықтың қамын күйттегенде ғана прокуратура саласы қызметкерлерінің абыройы асқақ, беделі биік болады. Лайым солай болғай! Сенім бізден, ақтау сіздерден, құрметті прокурорлар!
А.ҚАБИ