Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның директоры Құрамысов Данияр мәлімдеді.
Жоба мақсаты шалғайдағы ауыл-аймақтарда тегін қойылымдар мен концерттер өткізіп, ауыл тұрғындарының мәдени әлеуетін арттыру. Халықты рухани-мәдени дамуға бағыттау, өнер ұжымдары мен халық арасында байланысты орнату.
Аталмыш жобаны Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры, «Алатау әуендері» концерттік бірлестігі мен Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы ұжымдарының қатысуымен іске асыруда.
Жоба аясында облыстық театр Қарасай, Жамбыл, Кербұлақ аудандарын гастрольдік сапармен аралап, шалғайдағы 23 ауылға «Хақ жолы» әлеуметтік драмасын қойғанын айтты.
2017 жылдың 18-22 қыркүйек аралығында аталмыш керуенмен облыстық филармония сапарға шықты. Панфилов ауданының Басқұншы, Алмалы, Бөрібай би, Еңбекші, Надек, Сарытөбе, Әулиеағаш, Сұптай, Сарыбел, Айдарлы ауылдарында концерт өткізсе, 25-29 қыркүйек күндері Жамбыл ауданы жұртшылығы алдында өнер көрсетті.
Сондай-ақ, «Алатау әуендері» концерттік бірлестігі де Алакөл ауданының түкпір-түкпіріндегі 10 ауылға «Жетісу керуенімен» сапарлады.
««Туған жерге туыңды тік!» жобасы аясында бірқатар өнерпаздар өз туған еліне барып, өнерлерін көрсетті. Атап айтсақ, ҚР мәдениет қайраткері, танымал композитор, М.Төлебаев атындағы халық аспаптары оркестрінің аспапшысы Өмірсерік Араповтың 60 жылдық мерейтойына орайластырылған шығармашылық концерттері 2017 жылдың 26 қыркүйек күні сазгердің туған жері Алакөл ауданы, Үшарал қаласында жоғары деңгейде өтті», — деп қорытындылады Д.Құрамысов.
ОРАЛБЕКОВА Айжан Талғатқызы