Басты бет Әр қилы ЖОМАРТ ЖІГІТ ДЕГЕН КІМ?

ЖОМАРТ ЖІГІТ ДЕГЕН КІМ?

0
3,397

Соңғы кезде қыздар туралы ер-азаматтардың немесе керісінше жігіттер туралы қыздардың аузынан жақсы сөздер шықпайтын болып барады. «Сонда жақсы адамдары азайған бұл қай заман?» – деп өзімізге өзіміз сұрақ қоятынды шығардық. Үйленбей жүріп қалған бойдақ жігітке қыздар жөнінде әңгіме айтсаң, ат тонын алып қашып, «қой, керегі жоқ, ондай қыздан аулақ» деп қашса, отырып қалған қыздарға да көзтаныс жігіттер туралы айтсақ «ондай байым болғанша жалғыз жүргенім әлдеқайда жақсы» деп кердеңдейді.

Қыздардың айтар наздары «Бүгінгінің жігіттері ұсақталып кеткен, бір шоқ гүл сыйласа соның қарымтасын күтіп тұрады. Қонаққа дәмханаға шақырып, жеген тамағының жартысын төлесе деп дәметеді. Ондай жігіттің не керегі бар, өзіміздің күнімізді өзіміз көре береміз. Жомарт жігіт қалмаған», – деп қамығады. Ал жігіттер: «Қыздардың саналарында көлік, көп ақша, дайын үй. Ондай мүмкіндігіміз жоқ. Сондықтан олар да әке-шешелерінің қолында бар жігіттерге өздері жүгіреді» деген сыңайлы пікірлер айтады. «Жомарт – жүрек» деген облыста байқау өткендігін естіп қуанып қалдық. Сосын оның мақсатын сұрастырдық. Сөйтсек қолында бар, қалталы азаматтардың мемлекеттің көмегінсіз ауылы, туған жері үшін жасайтын жақсылығы екен. Идеясы жақсы, енді оның нәтижесі болса игі…
«Жомарт дос көбейтеді, сараң мал көбейтеді»,– деген тәмсіл бар. Жомарттық деген барын шашу емес, әрине. Жомарт тек бай адамдарға ғана тән қасиет те емес. Жомарттық өзіңізде барды зәру адаммен ақ пейілмен бөлісу. Ұлықпан Хакімнің «Жомарттықтың шегі қандай?» деген сұрағына уәзірі: «Барын беру» деп жауап берген екен. Дүние-мүлік көп болмауы мүмкін. Ешқашан мыңғырған байлар да «болдым, толдым, жетпейтінім жоқ» демейді. Алайда ештеңеңіз жоқ болса да жомарт болуыңыз мүмкін. Сіз танымайтын адамның жанынан өтіп бара жатқанда, жылы жымиып қарай аласыз ба, яғни танымайтын адаммен өзіңіздің жылы шырайыңызды бөлісе аласыз ба? Егер бөлісе алсаңыз, сіз-жомартсыз. Біреудің қапалы көңілін көтеріп, ән айтып, әңгіме айтып, көңілдендіре аласыз ба? Онда сіз жомартсыз. Демек ақшаға бағаланбайтын жайдары жүзіңізбен-ақ жомарт бола аласыз. Сіз біреудің кемшілігін кешіре аласыз ба? Онда сіздің жомарт болғаныңыз. Қазақтың «Жақсылыққа жақсылық – әр кісінің ісі, жамандыққа жақсылық – нар кісінің ісі» деген тамаша мақалы бар. Мұндағы нар кісі де жомарт деген мағынаны меңзеп тұр.
Тіршілік болғасын біреуге күнің түседі, біреуден бірдеңе сұрау керек болады, әйтеуір адамдар бір-біріне тәуелді. Ондай жағдайлар басыңнан күніне мың қайталануы да ғажап емес. Қырық шақырымдық Шарын ауылынан біреудің аманаттаған бұйымын алдырту керек болып қалды. Жеке көліктерімен жолаушы тасымалдап тұрған жігіттердің қасына келіп, жөн сұрастым. Бірден қолымдағы 500 теңгені лып еткізіп ала қойғанын да байқамай қалдым. Елпілдеген жігіт келісе кетті. Ішім қатты жылыды. Қазағымның осындай жігіттері тұрғанда бізді қай жау алар дейсің деп бағасын асырдым. Жүзі жылыдан түңілмеген халықпыз. Айтқан уәдесінде тұрып ертесі аманатымды әкеп тұр, бірақ тағы 1000 теңге беруімді талап етті. «Өй, бұл қалай» деп сасқанымды жасырмаймын. «Алматыдан осындай аманатты 500 теңгеге жіберіп жүрміз ғой, мынауың ұятсыздық енді» дегеннен басқаға тілім келмеді. Қалтамда қасарысқанда сол 1000 теңге де табылмай қалды. Күйіп-піскенімді өзім ғана білемін. Біраз намысқа тиер сөздер айтылды сол арада. Жыларымды, күлерімді білмедім. Шындығында жігіт дегенім мынау болса жетіскен екенбіз. Екеуміз де бір-бірімізді мінеп, сынап айтыстық. Содан бері өзіме өзім келе алмай жүрмін. Әлгі жігітті күнде бұрылыста кездестірем, жауларша арбасамыз. Жалақымды алған күні бірінші кезекте соған 1000 теңгесін беріп «байытқым» келеді. Жігіттердің ұсақталғаны деген осы болар. Содан арада екі-үш күн өткенде Жаркенттен бір бас малды тірідей ауылға әкелу керек болды. Ет сатып жүрген Бақытжан деген жігіт кездесе кетті. Жағдайымызды айтып едік, бір ауыз сөзге келместен өзінің малдарының қасына біздікін де қыстырып ала кетті. Ақысын да сұрамады. Келген соң өзіміз берген 1500 теңгені қанағат тұтып, рақметін айтты. Риза болып, батамызды жаудырдық. Бұл ұсақ-түйекті не үшін жазып отыр дерсіз, оқырман? Мүмкін осындай ұсақ-түйектерден үлкен қоғамдық мәселелер, жағдайлар туылып жатыр ма деген ой ғой. Рухани байлығымыздың рухы сынбаса екен. Ерлеріміз жігіттік мінез танытып, қыздарымыз қылығымен қуантса екен. Азаматтарымыз адал болып, еліміздің абыройын асқақтатса екен. Жомарт-жүрек жандар көбейіп, зәру жандар азайса екен…

Баян
МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

УНИҢ ҺАЯТИ ӘМГӘК БИЛӘН ЖУҒИРИЛҒАН

Кеңәш дәвридики өтмүшни әскә алидиған болсақ, түрлүк иш қойнида әмгәк әткән инсанларниң қи…