Ауданымыз шағын және орта бизнесті дамытуда біршама істерді алға қойған. Соған қарай құтты мекеніміздің көз тартар аймақтары туризм мен кәсіпкерлік саласын жетілдіруде ерекше мәнге ие болып отыр. Нақтырақ айтсақ, Шарын шатқалы, ерен тоғай, ыстық су, ағашты көл (деревянное озеро) сияқты қазыналарымыз – нағыз туризмнің қайнаған ортасы. Бұл аймақтарда әр күні шеттен келген қонақтардың үзілмейтіндігі тағы бар. Осы орайда көз тартар көрікті аймақтарда кәсіпкерлікті қолға алып, жұмысын өрге домалатып жатқан кәсіпкерлеріміз де аз емес. Олар келушілеріне заман талабына сай қызмет көрсетіп, тынығуларына жағдай жасап отыр. Бұларға мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған көмектер мен мүмкіншіліктер де біршама. Олардың барлығын тиімді пайдаланып, істерін ілгерілетуде. Ал аудандық кәсіпкерлік бөлімі аталған аймақтардағы кәсіпкер азаматтармен тығыз байланыс орнатып, Елбасының салиқалы саясатын жүзеге асыруда, бағдарламаларындағы мақсат-міндеттерді орындауда оларға жол көрсетіп, аудан экономикасының көтерілуіне біршама ықпал етіп келеді. Қазан айының басында Қазақстан Республикасы ұлттық экономика Министрлігі және жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен Алматы облысы кәсіпкерлік және индустриалық-инновациялық даму басқармасы, Қазақстан сауда кәсіпорындары ассоциациясы мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесіп «Сауда Үздігі» республикалық конкурсын өткізді. Атырау қаласында өткен аталмыш конкурста еліміздегі облыстардың әр ауданынан келген азаматтар жұмыстарының сапасы мен заман талабына сай көрсетілетін қызмет түрлерін ұсынған. Алматы облысынан жеті аудан әр номинация бойынша ниет білдірген. Соның ішінде біздің ауданның кәсіпкері, «Премиум СПА Ресорт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Нұржамал Құрманбекова «Үздік демалыс орны» атты номинация негізінде арнайы презентациясын жасап, видеороликтерін көрсетіп бірінші орынды иеленген. Аталмыш серіктестіктің негізгі бағыты Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиялық бағдарламасын, жыл сайынғы Жолдауларын жүзеге асыра отырып, бәсекеге қабілетті озық елдермен терезені теңестіру. Сол мақсатпен «Премиум СПА Ресорт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мемлекеттік қолдауларды тиімді пайдаланып, 2012 жылдан бері жұмысын жандандырып келеді. Бүгінгі таңда 36 адамды жұмыспен қамти отырып, халыққа сапалы қызметтерін ұсынуда. Бұл біздің ауданымыздың экономикасының ілгерілеуіне едәуір үлес қосқан демалыс орны десек артық айтпаймыз.
Әрбір кәсіпкерлік халықтың игілігіне жарап жатқандығы ақиқат. Бірі демалуға, енді бірі тұрмысқа қажетті дүниелерді шығарып, тұтынуға жұмыс жасап келеді. Бұл ретте аудандық кәсіпкерлік бөлімі кәсіпкерлерге өріс ашып, мемлекеттік бағдарламалар жайында хабар беріп, әр істің сапалы болуына жағдай туғызуда. Осындай игі жұмыстардың нәтижесінде ауданымыз біраз белестерге көтерілгендігі шындық. Ендеше сапа жағын басты назарға алып, ел мен жердің, экономиканың өркендеуіне барынша талпыныс жасап жүрген азаматтарымыздың еңбегі өрге жүзсін дейміз.
Думан
САРТБАЕВ