Басты бет Мәдениет және руханият ЖАҚСЫЛЫҚ БӨЛЕКШЕ ӘНШІ ЕДІ

ЖАҚСЫЛЫҚ БӨЛЕКШЕ ӘНШІ ЕДІ

0
35

1971 жылы болуы керек, иә, сол жылы қыркүйек айының аяқ шенінде балалық шақта өмір табыстырған достарымның бірі Елемес:

– Кәдіржанды еңбек жолының басталуымен құттықтап келмейміз бе? – деді, екеуіміз жаз бойы көріспей, енді ғана кездескен сәтімізде.

Елемес сол кездегі атауы бойынша СХИ, яғни ауыл шаруашылығы институтының орман шаруашылығы факультетінің үшінші курсын бітіріп, облыстардың бірінде жазғы практикалық жұмыста болып қайтқан кезі еді.

– Мақұл, – дедім қарсы жауап айтпастан. Жастықтың бір сипаты – досың айтса болды, жоқ демейтін әдетіміз еді ғой.

Ол жылдары мектепті қанша жерден жақсы бітірсең де, оқуға түсу деген нағыз қыр-сібердің өзі-тұғын. Өйткені, қай жоғары оқу орнында болмасын талапкерлердің саны бір орынға бестен кем болмайтын.

Менен бір класс жоғары оқыған Елемес пен Кәдіржан 1966 жылы Алматыға оқуға кеткен. Кәдіржан Ауыл шаруашылық институтының механика факультетіне түсіпті де, Елемес қайсы оқу орнына тапсырғаны қазір есімде жоқ, әйтеуір құлап қалдым деп басы салбырап ауылға келген болатын.

Мен мектепті 1967 жылы тәмамдап, КазГУ-дің филология факультетіне құжат тапсырғаныммен, емтиханнан сүрініп, қайтып келген едім. Содан сол жылы желтоқсан айының басында әскерге алындым. Ал Елемес мектеп бітіруден кейін үшінші жыл дегенде ғана СХИ-дің орман шаруашылығы факультетіне оқуға түскен.

Мен екі жылдық әскери борышымды өтеп келіп, келер жазға дейін Шонжыдағы «Межколхозстрой» өндіріс орнында плотник болып еңбек еттім де, 1970 жылы бұрынғы өзім құлап қалған факультетке оқуға түстім.

Елемес «Кәдіржанға барып келмейміз бе?» деген күзде мен бірінші курстан кейінгі жазғы еңбек семестрінен – Торғай облысында болған студенттердің құрылыс отрядынан енді ғана қайтып оралған бетім еді. Содан екеуіміз «ал кеттік» деп автобусқа мініп жолға шықтық. Барар жеріміз – Алматы облысы Ұйғыр ауданының Дардамты деген ауылы. Бұрын барып көрмеген жеріміз еді. Кәдіржан сонда ауыл шаруашылығы машиналарының инженері деген лауазым бойынша жұмысқа тұрғанын жазысқан хаттарымыз арқылы білгенбіз.

Негізінен Кәдіржан сол аудандағы «Қызылту» колхозының орталығы Кетпен ауылының баласы болса да, сегізінші кластан бастап сегіз шақырым жердегі сол колхоздың №1 бригадасы Кепебұлақ ауылында тұратын Әкебай атасының үйінде жатып, Елемес, Құныпия, Сағатбектермен бірге шығыс жағымыздағы үш жарым шақырым қашықтықтағы «Октябрь» колхозының орталығы Кеңес ауылына қатынасып оқыды. Мен олармен жасты болсам да, сол мектептегі осы аталған достарымнан бір класс кейін оқитын едім. Алдыңғы үшеуі менің бұрыннан келе жатқан достарым болса, енді олармен достасуды бастап кеткен Кәдіржан менің төртінші досыма айналып келе жатты. Ол екеуіміздің танысуымыздан кейін көп кешікпей-ақ өзара тіл табысып, сөзіміз жарасып жүре берді. Жалпы, бұл бесеуіміз әрегіректен қосылатын туыстар екенбіз. Оны кейінірек, есейіңкірегенде білсек те, туыстығымыздан достығымыз артықша болып көрінетін. Ең бастысы – бір-біріміздің көңілімізді жықпауға тырысып жүретін едік.

Кәдіржан еңбек жолын бастаған Дардамты ауылын сол күні кеште-ақ тауып бардық. Сол жылы үйленген Панар екеуі бізді құшақ жая қарсы алды. Панарды бұрыннан жақсы білетінмін. Елемес пен Кәдіржан мектептің соңғы класын аудан орталығы Шонжыда оқығанда, Шарын ауылының қызы дейтін Панар да бұлармен бір класта оқыған. Үшеуі мектепті бірге бітірді. Және Кәдіржан институтты тамамдаған жылы Панар Қыздар педагогикалық институтын бітіріп, осы ауылда мұғалімдік жұмысын бастаған. Негізінде Кәдіржан екеуі Шонжыда бірге оқыған кездерінде-ақ көңіл жарастырып, әп-әдемі болып жүретін. Сүмбе ауылында оқитын мен анда-санда ескі достарыма барып жүріп, Панармен де жақсы танысып кеткенмін.

Жастық деген бөлек қой, шіркін! Кәдіржандарға қонақ болып барған Елемес екеуміз кезек-кезек ауыз жаппай ән салумен болдық. Мен – домбыра тарта алмайтын әншімін. Дауысым жақсы болғандықтан шығар, өзгелер айтқан әнімді сүйсіне тыңдап, риза болып қол соғатын. Ал Елемес болса домбыра тартады. Ииститут оркестрінің белді мүшесі. Дегенмен, әннен де қаражаяу емес. Дауысы бұзып-жарып тұрмаса да, тыңдаушысын бірден баурап алатын құлаққа жағымды, сондай бір жылы-шуағы бар еді. Ол өлең жазбаса да, ақындардың, онда да өзіне ұнайтын «жекеменшік ақындарының» өлеңдерін беріліп оқитын ақынжандылығы бар болатын.

Біз алғаш жоғары оқу орындарына барып жүрген кездерімізде Елемес бір күні: «Бүгін мен кітап дүкеніне барып, мына бір кітаптың алғашқы өлеңін оқып, ұнатқан соң сатып алдым. Күшті жазатын ақын екен!» – деп, жұқалтаң ғана кітапты бізге ұсына берді. Онысы Тұманбай Молдағалиевтің «Зулайды күндер» деген өлеңдер жинағы екен. Кітапты бізден қайтып алған ол бетін ашып: «Зулайды күндер», – деді де, әлгі өлеңді мәнерлеп оқи жөнелді.  Біз – Құныпия, Кәдіржан үшеуіміз тыңдап отырмыз. Өлең шынында да жақсы екен, бізге де ұнады. Көп уақыт өтпей Елемес сол өлеңге ән шығарып, әуендетіп айтып жүретін болды. Сөйтіп, оның «әншілігі» мен ән шығарғыштығы біртін-біртін өріс алып жүре берді.

Дардамтыдағы екінші күні түскі астан кейін Елемес «Көп отым өшті, көп жанды қайтадан» деп Тұманбай ақынның әлеміне бір сүңгіп шыққаннан кейін Кәдіржан: «Енді сендер Жақсылықты тыңдап көріңдерші», – деді мұртынан күлгендей болып.

Елемес екеуіміз бірден төменіректе отырған оқушы балаға аңтарыла қарадық. Оны кішкентай кезінен көріп келе жатсақ та, мына жымиысы сүйкімді, әдеміше келген қызылшырайлы жасөспірім ән сала қояды деп ойламаған едік. Өйткені ағасы Кәдіржан аздап домбыра тартатыны болмаса, әнге әуестігі жоқ еді.

Менің мектепте оқып жүрген кезімде қысқы демалыста Іле бойында отыратын қойшы әкемдікіне барғанымда Кәдіржан мен Жақсылықтың әке-шешесі Мырқай қария мен Қанымжан шешеміз қойда, бізбен көрші отырады екен. Жақсылық сонда төрт-бес жастағы кекіл шашы желбіреген жас бала болатын. Өздері еркелетіп Жақатай деп атайтын. Мырқай қария менің әкем Қожақынмен құрдас екен де, екеуінің әзіл-қалжыңдары жарасып, жақсы сыйласып тұратынын көріп жүргенмін

Қазірде сегізінші класта оқиды деген бүгінгі Жақсылық не айта қояр екен деп қарап отырмыз. Мен пендешілікпен «Бұл жас жеткіншек сонша бір айды аспанға шығара қоймас» деп те ойлап қойдым.

Домбыраны қолына алып, құлақ күйін келтіре бастағанда маған «Мына Жақатайдың домбырадан кәдімгідей сауаты бар сияқты ғой» деген ой келді. Еңсесін тіктеп, екі иығын қомдағандай қозғап-қозғап қойған ол ай-шай жоқ халық әні дейтін «Аңшының әніне» бір-ақ басты дейсің! «Жығылсаң нардан жығыл» дегені ме екен, ешбір тайсалмастан бірден әуелетіп әкетті. Басқалар қандай ой, қандай күйде отырғанын кім білсін, ә дегеннен-ақ менің тұла-денем дір етіп, шымырлап ала жөнелді. Әннің басындағы қалықтата келіп созатын жерінде Жақсылық тынысым жетпей қалады-ау деп жасқанбастан барған сайын әуелетіп барады.

«Жүзіне тура қарамайын, еркінше көсілсін» деп, көзімді жұмып қана әннің әуен-ырғағына іштей қосылып және Жақсылық бала әннің сөзі мен мақамынан мүлт кетіп қалмаса екен деп, соны ғана тілеп отырдым. Бір кезде қарсы алдымдағы Жақсылық көз алдымнан өше қойып, орнына Дәнеш Рақышевтің осы әнді айтқан кездегі бейнесі келе қалды. Бұл, мүмкін, Жақсылықтың орындауы Дәнештің айтуына ұқсап бара жатқанына байланысты болды ма екен деймін.

Енді бір кезде Жақсылықтың аузынан Мотан ағаның ән орындау тәсілінің кейбір ерекшеліктері құлағыма келгендей болды… Мотан (Молдасан Шәпиев) бізден бес-алты жас қана үлкен, өнерін өзіміз үлгі тұтқан әнші ағамыз еді. Өнерге, ән салуға бейімдеу болған мен де, менің достарым да о кісінің артынан жүгіріп жетіп, сәлем беруге, ыңғайын тауып тілдесе қоюға, сәті келіп жатса әнін тыңдауға құштар болып тұратынбыз.

М. Шәпиев ағамыз осыдан үш-төрт жыл бұрын КазГУ-дің филология факультетін бітіріп келіп, өзіміздің «Қызылту» колхозының орталығы Кетпенде мұғалім болып қызмет істеп жүрген. «Біз анау бір жылдары Мотан ағаға сырттай тамсана табынып жүрсек, осы оқу жылына дейін о кісі Жақсылыққа сабақ берген мұғалімі, көркемөнерпаздар үйірмесінде ән айтуға баулыған тәлімгері болыпты. Сөйтіпті де, Жақатай баланы бізден ілгері оздырып жіберіпті. Осылай деп ойласақ та, мен «Жақсылықтың өз бойындағы ән салуға деген бейімділік пен артықша қабілет, дауыс күші мен үнінің әуезділігі, ынта-ықыласы мен орындау шеберлігі, мүмкін, бізден  әлдеқайда ілгері шығар» деп ойладым. Тегінде солай болуы керек.

Әншінің әншісі ғана тәуекел етіп айтатын «Аңшының әнін» Жақсылық аса бір қиналмай-ақ орындап шықты. Ол айтқан осы бір әннен кейін Елемес екеуіміз ән айтқанды бірден доғардық. «Кеме келсе, қайық судан шығады» деген осы болса керек. Ертесі Алматыға қайтқанға дейін оқушы Жақсылыққа жиі-жиі ән салғызып, оны айызымыз қанып тыңдаумен болдық. Сөйтіп, Жақсылықта болашақ әншінің шынайы белгілері бар екенін көргендей болып кеткенбіз.

* * *

Жақсылық кейін Жүсіпбек Елебеков атындағы Алматы эстрада-цирк өнер студиясында оқыған кездерінде біздің әнші, әдебиетші досымыз Құныпия Алпысбаевпен жақын байланыс орнатып, екеуі әншілік өнерде үйір-сүйір болып жүрді. Оны кезекті бір тыңдағанымда студент Жақсылық анау бір жылғы «әнші деген мына менмін» дейтін өрекпіген албырт балалықтан іргесін аулақ салғанын байқадым. Бұл кезде әрбір әннің өзіндік табиғатына, ішкі сыр-сипатына тереңірек бойлап, оны баппен, байыппен орындайтын ойлы шәкіртке айналыпты.

Осы студияны бітірген кезінде ме екен, әлде сәл кейіндеу ме, Алматыда Әміре Қашаубаев атындағы жас әншілер байқауында Жақсылық Садықожа Мошанұлының «Сарыбидай» әнін алғаш рет орындап, екінші орын алғанын теледидардан көріп, бір марқайып қалғаным бар.

Жаңылмасам, Жақсылық еңбек жолын Талдықорғанда – белгілі әнші Дәнеш Рақышевтің басшылығында бастады. Бұның өзі Жақсылықтың ішкі жан қалауымен болған нәрсе деп ойлаймын. Өйткені біздің ауылдарымыз Кетпен (№2 бригада) мен Кепебұлақтың (№1 бригада) үлкен кісілері Дәнештің әншілік өнерін анау арғы кез – Қытай жерінен бастап көріп-біліп келе жатқандарын ауыздарының суы құрып отырып айтатын. Дәнештің әншілік дақпыртын біз сол кісілердің аузынан естіп өскенбіз. Оның үстіне Д. Рақышевтің Кеңес одағындағы (Қазақстандағы) тұрып жатқан жері Іле өзенінің арғы бетіндегі көрші аудан (Жаркент) болатын. Дәнеш асқақтата келіп шырқағанда қарсыдағы Кетпен тауының етегіне қоныс тепкен біздің ауылымызға емін-еркін келіп жетпесе де, ол әнді біздің жас-кәрілер алғашқылардың бірі, тіпті бірегейі болып естіп, тамсана әңгіме етіп жүретін-тұғын.

Жақсылық ініміз де жезтаңдай әншінің қасына жетсем деген жан қалауынан бөлек, Дәнештей парасатты ақыл-ой иесінен үйренерім де, алар үлгім де көп деп ойлағанына ешқандай күмәнім болған емес. Өйткені біздің ауылдың адамдары Дәнешті жақыннан көріп, әнін қасында тұрып тыңдағанды үнемі армандаумен жүретін. Ал оны әнші Жақсылық неге армандамасын?!.

Біраз жылдан кейін Жақатай ініміздің өз қалауы болды ма, болмаса Дәнеш ағасы солай ұйғарды ма, әйтеуір кіші бұлбұлды соңына ерткен үлкен дүлдүл астанамыз Алматыға – өнердің асқан майталманы, «Отырар сазының» бас дирижері Нұрғиса Тілендиевтің өзіне барып аман-сәлем жасаудан кейін Дәнеш Рақышев:

– Сіздің көңілімізден шыққандай әнші алып келдім. Өз қарауыңызға алсаңыз өкінбейсіз. Дегенмен, тыңдап көріңіз, – депті, шәкіртіне сенген ұстаз масайрай күліп.

– Тыңдасақ тыңдайық!..

Аспан-көктегі ақ қаздармен ән жарыстырған Нұрғиса ағамыз Жақсылыққа осылай деп құлағын түрген екен. «Ақ қаздармен ән жарыстырған» деп отырғаным – Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар әнін» елітіп тұрып тыңдамаған, жақсы көріп тұрып айтпаған қазақ жоқ шығар деймін. Тіпті, 1973 жылы күздің алғашқы айында КазГУ-ден бір топ студент Болгарияның София университетіне білім мен тәжірибе алмасу сапарымен барғанымызда, болгар студенттері бізден «Құстар әнін» естіп, ұнатқандары сонша, сол күні-ақ үйреніп алған. Ертесі күні олар бізге қосылып шырқап жүре берді. Ол оқиға біздің жүрегімізге соншалықты жылы тиіп, бойымызды мақтаныш сезімі билеп еді. «Құстар әні» екі елдің студенттерін бірдей әлдилеп тербеген сол күндер күні бүгінге дейін есімнен кетпейді.

Дирижер Н. Тілендиев оркестрді әп-сәтте үйіріп әкететіні сонша, алдындағы топты адамды (оркестр мүшелерін) бір тарының қауызына сыйғызып жібере жаздайтын еді ғой! Құдіретті дарын иесі шалқып бір кеткенде, алдындағы аспап ұстап отырған әрбір орындаушыны өз қазанына салып, қуырып алатындай көрінетін. Жаратылысы бөлек сондай өнер иесін ел қатарлы мен де мойындап, сыртынан сүйініп, үнемі қадір тұтып жүретінмін. Сондықтан да болар, ол кісі өмірден өткенде қойын дәптеріме «Құстар әнінің» ізімен мына төмендегідей өлең шумақтарын жазып қойыппын.

Құстар қайтып барады

«Құстар, құстар сызылтып ән салады,

Сол әнімен тербетеді даланы.

Ал адамдар күліп бастап өмірін,

Кетерінде жылай да алмай қалады».

 

Құстар неге сыңсып кетіп барады?

Көзден жасы ыршып кетіп барады.

Құстың тілін жеткізетін адамға

Қимай ма екен Нұрғисадай ағаны?

 

Жылы жаққа қаздар қайтып барады,

Сән-жұптарын жазбай кетіп барады.

Ақырғы рет көкке қадап жанарын,

Ұлы сазгер қақты дейді қабағын.

 

Жылы жаққа аққу қайтып барады,

Өмір дейтін гәккуді айтып барады.

Нұрағадан тыңдай алмай өз әнін,

Өкінішпен өксіп кетіп барады.

 

Қанаттарын қағып кетіп барады,

Тау мен дала қалып кетіп барады.

Сыңсу әнін салып кетіп барады,

Көзден жасы ағып кетіп барады.

Қанымжан анасының Жақатайы Н.Тілендиевтің сынынан сүрінбей өтіп, «Отырар сазына» әнші ретінде жұмысқа сол күні алынған еді.

 

***

Егер қателеспесем, Жақсылық жоғары білім алу үшін педагогикалық оқу орнына түсіп, оны тамамдағаны бойынша жұмысын да сол салаға қарай ауыстырды. Шынымды айтсам, оны әнші ретінде жақсы біліп, солай бағалайтын мына мен Жақсылық педагогика саласына неліктен бет бұрғанын, Алматы облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институтында қандай мақсатпен қызмет істеп жүргенін осы күнге дейін анық-қанық білген емеспін.

Жақсылықтың алғашқы оқушы кезінде салған әнін көзімді шарта жұмып отырып тыңдағаным бойынша оның өзі елу жасында өмірден өткенге дейін айтқан әндерін бар ынта-шыншыммен рақаттана тыңдап жүрдім. Алайда екеуіміздің екі басқа жұмысымызға, күнделікті күйбең тірлікке, өзге де себептерге байланысты осынау өмірде Жақсылықпен үнемі және етене жақын қарым-қатынаста болдым деп айта алмаймын. Шыны керек, ол екеуіміз сиректеу кездесіп, алысырақтан ғана ұғынысып жүрдік. 50 жылдық мерейтойын Жазушылар одағының үйінде дүркіретіп тұрып атап өткенде шақырғаны бойынша барып, қуанышына ортақтасқанмын. Әншінің айналасы да толған әншілер ғой. Өзінің және өзгелердің әуелетіп салған әндеріне құлағымның құрышын бір қандырған едім.

Жалпы, Жақсылықтың ән салуы – өзінше бір әлем. Көмейінен әуелеп шыққан ән әуезі тұла-денеңді шымырлатып, жүрегіңе терең бойлап, жаныңды алақанына салып әлдилеп отырғандай әсер қалдыратын. Көкке шырқап шығатын тұнық әуен бір үзілместен, еш ентікпестен, барған сайын қарқын алып қалықтағанда, «Ойпыр-ай, қандай күш-жігермен тоқтаусыз төгілтіп жатыр?!» деп, жүзіне анда-санда ғана таңырқай қарап қояр едім. Сонда Жақсылықтың екпіндеп, еселеп шыққан дауысы дауыл ма дейін десем, нәзік, ал үлп еткен самал ма дейін десем, қиялай өрлеп, тау шыңына еркіндеп барып жеткенде, қара боранның арындаған екпінін еске түсіретін. Мен сонда әуен мен әуездің «сиқырлы» шырмауынан сытылып шыға алмай, соның тереңіне шым-шым батып, ән құрсауында біржола қалып қояр едім. Әсірелеп айтып отыр екен демеңіз. Оның дауысында сондай бір өзгеше леп, тыңдаушысын еріксіз елітіп әкететін өзгеше бір құдіретті күш бар еді. Бұл, мүмкін, әнді орындаушының шынайы шеберлігі шығар…

Жақсылық ән айтқанда, ол әннің мән-мазмұнына бар болмысымен еніп кететін де, тыңдаушысын өзімен бірге ілестіріп әкететін. Сол кездегі алған әсерлерім, міне, сексенге таяған осы кезімде де есімнен ешбір шықпай келеді.

Қобызшы қызым Бота асүйдегі радионың үнін бір сәтке де өшірген емес. Кей-кейде Жақсылықтың орындауындағы қайсыбір ән естіле кеткенде, ол да, мен де елең етіп бірі-бірімізге қараймыз. Басқа дүние бірден ойымыздан өшіп, ән сазына берілетініміз сонша, мен ыстық оттың қызуынан балқыған қорғасындай біржолата еріп бара жатамын. Әншінің көзі тірі кезінде салған әндерінен алған әсерлерім санамда қайта жаңғырып, осы тұрғанда әнді радиодан емес, оның өз аузынан естіп тұрғандай, әнші дауысының арғы жағынан оның өз бейнесін көріп отырғандай күй кешетінім бар.

Ән аяқталғанда әлгі лепірген көңілім су сепкендей басылып, осы қазір әлдеқандай бір құнды дүниемді жоғалтып алғандай жабырқап қаламын. Қайтадан өткен кездерді еске алып, айнала-төңіректен әнші Жақсылықты іздегендей боламын. «Е, сағыныш деген осы шығар» деп ойға кетіп отырамын. Бұның өзі Жақсылықты сағыну ма, әлде оның тамылжытып салған әнін аңсау ма, ол арасын дәл басып айыра алмаймын. Бұл, әсілі әнге әншінің дарытқан құдірет-күші болар деп тамсанып қоямын. Шынайы әншінің дауысы қайталап естіліп тұрса, оның өзі де ойдан өшпейді екен.

***

Жоғарыда айтып кетткеніміздей, 2006 жылы қысқа қарай Жақсылық 50-ге толып, мерейтойын өткізді. Сол қарсаңда «Әнші інім Жақсылыққа» деп мына бір өлең шумақтарын қағазға түсірген екем, артықтық етпес деп, эссе түрінде жазылған осы жазбама қосып қойғанды жөн көрдім.

Әнші інім Жақсылыққа

 Жақсылық, маған Жақатай дейтін баласың,

Қия өтпей алдан сыйлаумен өткен ағасын.

Басқаны әнші десем де, сені туыс деп,

Әншілігіңнің біле бермеппін бағасын…

 

Естідім бүгін, естідім сені жақыннан,

Шаңқылдап ұшқан шағала даусың шарқ ұрған.

Қалықтап барып, құйқылжып қайта төгілдің,

Бүлкілдеп көмей, шалқыды кеудең ән тұнған.

 

Домбыраң бебеу – қос қолың тұрса қамшылап,

Төгіліп жатса кәусардай үнің тамшылап.

Сезімнің нәзік пернесін тұрсаң дәл басып,

Толқымай қалай тұрады жүрек, жан шыдап?!

 

Тыңдаумен сені Әсетпен барып үндестім,

Тыңдаумен сені Дәнешпен бүгін тілдестім.

«Сарыбидайды» саулатып өзің салғанда,

Ауылыма барып, жігіттік шақпен күй кештім.

 

Артымдағы інім, сілтесем – қылыш-қанатым,

Жаныңның нәрі – әніңмен тербеп барасың.

Әнші дегенің осындай болар, сірә да,

Өзің мен елдің қосып бір кеткен арасын.

Жақсылық әнші 2006 жылдың соңғы күні кеште пәни дүниеден бақи дүниеге аттанып кеткен еді. Бақыл бол деп қала бергенбіз. Әннен артық өнер, әншіден асқан өнерпаз бар ма екен, сірә?!.

Жұмабай ҚАЙРАНБАЙ,

 Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері

2026 жыл

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

БИРЛИККӘ ҚОШУЛҒАН ҮН

 Сәнъәтниң тили ортақ. У милләт таллимайду, тил вә чегара билән чәкләнмәйду. Бир сәһнидә я…