Басты бет Таза Қазақстан ТАЗАЛЫҚ САНАДАН БАСТАЛСА…

ТАЗАЛЫҚ САНАДАН БАСТАЛСА…

0
48

Осыдан екі жыл бұрын Президентіміз бас болып «Таза Қазақстан» жобасы өмірімізге енді. Бұл өте қажетті дүние болатын. Тазалық тек қана көшені немесе ауылды сыпырумен, қоқыс шығарумен шектелмеуі керектігін мемлекет басшысы баса айтты. Мемлекет басшысы тазалықтың мәні мен мағынасы жайындағы пікірімен бөлісіп, ойдың да, бойдың да, қоршаған ортаның да тазалығын сақтау әр адамның ішкі мәдениетінің көрсеткіші деп баға берді. Сондықтан тазалық халқымыздың болмысына сіңген қасиет болуы қажет екенін үнемі айтып келе жатқаны жайдан жай еместігін әрқайсысымыз есімізде сақтауымыз хақ. Қасым-Жомарт Тоқаев табиғатты аялау, тазалық мәдениетін әрбір азаматтың, әсіресе, жас ұрпақтың санасына сіңіру өзекті деп санайды. Яғни туған жердің тазалығы, амандығы – күн тәртібінен түспейтін шаруалар.

Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Туған жерімізді ешкім сырттан келіп тазалап, көркейтіп бермейді. Отанымызды таза ұстау – әр азаматтың қастерлі парызы. Соңғы жылдары елімізде көптеген маңызды өзгерістер болды. Әділетті мемлекет болу үшін біз заң мен тәртіпке бағынатын қоғам құрып жатырмыз. Сондай-ақ ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, өскелең ұрпақ үшін, яғни, біз үшін жасалуда.

Табиғат – тіршілік атаулының құтты қоныс-мекені, тіршіліктің түлеп өсуіне қажет, жер бетіне көрік берген сәні. Халқымызда табиғат деген сөз жер, туған жер, атамекен ұғымдарымен қатар тұрады. Әрбір азамат табиғат алдында өзін жауапты, барлық жануарды киелі санап, өзен, көл жағалауларын таза ұстап, бұлақ көрсе көзін ашып, жастайынан балаларының санасына сіңіріп, бойларын жақсылыққа үйретуі керек. Жалпы, Қазақстан топырағы киелі, құнарлы. Қоршаған ортаның бүтіндігін сақтау үшін, адамның, оның моральдық, этикалық дағдыларын өзгертіп, табиғат пен адам арасында жаңа көзқарас қалыптастыру қажет. Әрбір қоғам мүшесі табиғат құбы­лыс­тары заңдылықтарымен таныс болуы керек-ақ. Экологиялық сауатсыздықты жою Үкіметіміздің халық арасында жүргізетін маңызды мәселелеріне айналуы тиіс.

Табиғатты қорғау қарапайым дүниеден басталады деп ойлаймын. Мәселен, жас ұрпақты табиғатты қорғауға тәрбиелеу ұлттық негіздегі балабақшадан басталады. Табиғат пен қоршаған ортаны қор­ғаудың жолдарын ұғындыру, жалпы халықтың экологиялық сауатын ашу, жас­тарға үздіксіз білім беру нәтижесінде ғана шешіледі. Біз бәріміз де табиғатты қорғауда, сақтауда және оны дұрыс пайдалануда ұрпақ алдында, тарих алдында жауаптымыз.

Міне, осы тұрғыдан барлық жеткіншікке экологиялық тәрбие мен білім беру – олардың дұрыс дүние тану көзқарасын қалыптастырады. Қашан да табиғатты аялайық. Ол өктемдікті көтермейді. Та­биғатқа адал болайық, ал адалдық табиғат үйлесіміндегі қатынастардың шынайылығы мен табиғилығын айқындайтын категория екені сөзсіз. «Табиғатсыз адамзаттың күні жоқ, оны айтуға табиғаттың тілі жоқ» деп халық даналығында айтылғандай, табиғатты қорғау біздің міндетіміз, болашақ ұрпаққа қалдырар байлығымыз. Ауылымыз орманды, таулы болғандықтан біздің басты жұмысымыз бар байлықты сақтап қалу. Табиғаттың тазалығы – өміріміздің кепілі. Ағаштарымыз көп болса ауамыз да таза. Ал таза ауамен тыныстаған адамдардың денсаулығы да мықты болары анық. Әр ұлт пен ұлыстың табиғатты пайдалануда, қорғауда ғасыр­лар бойы қалыптасқан өзіндік дәстүрлері, нанымдары, құн­ды­лықтары болатыны белгілі. Бұл әкенің қанымен, ананың сүті­мен ұрпақтан-ұрпаққа үздіксіз дарып отыратын асыл қасиет. «Адам – табиғаттың ажырамас бөлігі» демекші, қазақ халқының дәстүрінде «Жер-Ана» деген егіз ұғым қалыптаскан. Жерді өз анасындай көру, ал анасын күндей қастерлеу – ұлтымыздың нанымы­на тереңінен енген салт. Олай деуге себеп, «Жер шоқтығы – Көкше­тау», «Жер жәннаты – Жетісу», «Жазиралы Жаркент», «Қасиетті Қарадала» сын­ды бірауыз сөздер арқылы бабаларымыз туған жерге, табиғатқа деген ыстық махаббатын, құрметін білдірген.

Жергілікті экологиялық мәсе­лелер – тұрғындардың тіршілік ету салтының ерекшеліктеріне байланысты туындайды. Демек жер­гілікті қоршаған ортаның жағ­­дайы, ерекшелігі, табиғат заң­ды­лықтары мен құбылыстары ғасырлар бойы сол аумақта ме­кен­деген тұрғындарға ғана жете түсінікті. Олардың тірші­лік ету салты, дәстүрі, наным-сенім­дері сол аумақтың табиғи, гео­графиялық ерекшелігі негізінде қалып­тасады. Жаратушының біздің аймаққа берген табиғат сыйын көздің қарашығындай сақтау – басты міндетіміз. Сондықтан табиғаттың жанашыры болу әр адамның міндетті борышы екенін біліп жүрейік!

Еділ ТӨЛЕГЕНОВ,

Жоғарғы Іле орманшылығы 46 шы айналымның орман күтушісі

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ТӘРТИП ТАЗИЛИҚТИН БАШЛИНИДУ

         ХХІ әсирдә амалини тапсаң йоқтин бар ясашқа болиду. Адәмниң әқлигә кирип чиқмайди…