Ұлттың мемлекеттілік дәстүрі ғасырлар бойы қалыптасады. Ол тек тарихи оқиғалармен ғана емес, халықтың басқару мәдениетімен, ортақ шешім қабылдау тәжірибесімен және ел тағдырына деген жауапкершілігімен өлшенеді. Қазақ халқы үшін сондай құндылықтардың бірі – Құрылтай институты. Бұл – халықтың тағдырлы мәселелерді ақылдасып шешуге негізделген саяси мәдениетінің айқын көрінісі.
Бүгінгі Ұлттық құрылтайды жаңа институт ретінде қарастыру біржақты пікір болар еді. Оның түп-тамыры қазақ мемлекеттілігінің терең тарихында жатыр. Ежелгі дәуірден бастап қазақ даласында елдің бірлігіне, жердің тұтастығына, сыртқы қауіпсіздікке қатысты маңызды мәселелер кеңес арқылы шешіліп отырған. Осындай алқалы жиындар кейін Құрылтай деген атаумен ел басқарудың маңызды тетігіне айналды. Қазақ тарихында Құрылтайдың орны ерекше болған кезеңдердің бірі – әз Тәуке ханның дәуірі. Бұл уақыт ел ішіндегі ынтымақтың нығайып, мемлекеттік басқарудың жүйеленген кезеңі ретінде белгілі. Тәуке хан жеке билікті күшейтуден бұрын, елдің сөзін сөйлейтін тұлғалардың пікіріне сүйеніп, маңызды шешімдерді көпшілік талқысына салуға басымдық берді. Осындай ұстаным қазақ қоғамындағы кеңесіп басқару дәстүрін қалыптастырып, халықтың мемлекет ісіне деген жауапкершілігін арттырды.
Құрылтайларға хандар мен сұлтандардан бастап билер, батырлар, ру басылары мен ақсақалдар қатысқан. Олар елдің ішкі бірлігі, сыртқы саясат, қорғаныс, құқықтық тәртіп және мемлекеттік басқаруға қатысты мәселелерді бірлесе талқылаған. Бұл кеңестерде әр адамның мәртебесінен бұрын елдің мүддесі жоғары қойылды. Сондықтан Құрылтай – тек саяси институт емес, ұлттық келісімнің, өзара сенімнің және ортақ жауапкершіліктің мектебі болды.
Түркістан өңіріндегі Күлтөбеде өткен құрылтайлар қазақ мемлекеттілігі тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі саналады. Дәл осы жиындарда елдің қауіпсіздігіне қатысты шешімдер қабылданып, қазақ жасақтарының іс-қимылы үйлестірілді, мемлекеттің болашағына қатысты ортақ ұстанымдар қалыптасты. Мұндай тарихи тәжірибе қазақ қоғамында демократиялық дәстүрлердің де ежелден қалыптасқанын көрсетеді.
Бүгінде Құрылтай мүлде басқа қоғамдық-саяси жағдайда жұмыс істегенімен, оның негізгі мақсаты өзгерген жоқ. Ол бұрынғыдай халықтың үнін тыңдау, елдік мәселелерді талқылау және қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыру міндетін атқарады.
Қазіргі Ұлттық құрылтайдың басты ерекшелігі – түрлі саладағы азаматтарды бір алаңға жинап, мемлекет үшін маңызды мәселелерді ашық талқылауға мүмкіндік беруінде. Қазақстан үшін мұндай ашық диалог мәдениеті ерекше маңызды. Қоғамның сұранысын ескермейтін саясат ұзақмерзімді нәтиже бере алмайды. Сондықтан Ұлттық құрылтай мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы байланысты нығайтып, түрлі пікірдің естілуіне жағдай жасайтын маңызды қоғамдық институтқа айналып келеді.
Конституциялық реформалар аясында еліміздің саяси жүйесі де жаңарып келеді. Соның ішінде сайлау институтын жетілдіруге ерекше көңіл бөлінуде. Парламент депутаттарының партиялық тізім арқылы сайлануы қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтардың заң шығару үдерісіне қатысуына мүмкіндік береді. Бұл жүйе азаматтардың саяси белсенділігін арттырып, ел басқару ісіне жаңа буынның келуіне жол ашады.
Конституция әрбір азаматқа саяси таңдау жасау еркіндігін береді. Азаматтың қандай да бір саяси партияға кіруі немесе тәуелсіз көзқарасын ұстануы – оның заңмен қорғалатын құқығы. Ең бастысы – қоғам өміріне белсенді араласып, мемлекет тағдырына бейжай қарамау.Себебі елдің болашағы тек мемлекеттік институттардың жұмысына ғана емес, әр азаматтың азаматтық ұстанымына да байланысты.
Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ халқы ең күрделі кезеңдердің өзінде бірлік пен кеңеске сүйеніп, маңызды шешімдер қабылдай білді. Бүгінгі Ұлттық құрылтай да сол дәстүрдің заманауи жалғасы. Ол ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, қоғам мен мемлекетті жақындастыратын, азаматтардың үнін ел дамуының маңызды тетігіне айналдыратын институт ретінде өзінің тарихи миссиясын жалғастырып келеді.
Марат АБДИКАРОВ,
Үлкен Ақсу ауылдық округ әкімі
