Басты бет Заң және қоғам «ӘКІМ КУБОГЫ – 2026»: ЗИЯТКЕРЛІК ДОДАДА ЗАҢ МЕН ТӘРТІП ҚАҒИДАТЫ ТҰҒЫР БОЛДЫ

«ӘКІМ КУБОГЫ – 2026»: ЗИЯТКЕРЛІК ДОДАДА ЗАҢ МЕН ТӘРТІП ҚАҒИДАТЫ ТҰҒЫР БОЛДЫ

0
18

Іле ауданында мемлекеттік қызметшілер арасында өткен «Әкім кубогы – 2026» аудандық пікірсайыс турнирі жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Мемлекеттік қызмет – тек міндет пен жауапкершілік емес. Бұл – елдің дамуына серпін беретін білім, ойлау, кәсіби ұстаным мен азаматтық жауапкершілік тоғысқан ерекше қызмет саласы.
23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында Іле ауданында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында мемлекеттік қызметшілер арасында «Әкім кубогы – 2026» аудандық пікірсайыс турнирі өтті.
Зияткерлік дода мемлекеттік қызметшілердің кәсіби әлеуетін арттыруға, шешендік қабілетін шыңдауға, құқықтық мәдениетін нығайтуға және заманауи басқару дағдыларын дамытуға бағытталды.
Іс-шараның ашылу салтанатын Іле ауданы әкімі аппаратының басшысы Данияр Сарымбеков ашты.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Ділмұрат Сунатиллаев, Іле ауданы прокуратурасының прокуроры Әзілхан Нұрқалиұлы және мемлекеттік қызметшілер қатысты.
Турнир барысында ауданның ауылдық округтері мен мемлекеттік мекеме өкілдерінен құралған командалар заң үстемдігі, қоғамдық тұрақтылық, тиімді басқару, мемлекеттік қызметтің беделі мен заманауи келбеті бағыттары бойынша өз ойларын ортаға салды.
Пікірсайыс алаңы қатысушылардың тек шешендік шеберлігін ғана емес, сонымен қатар терең талдау жасау, дәлелді пікір білдіру, сыни ойлау және көшбасшылық қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік берді.
Финалдық кезеңге өткен командалар арасында «Бұл палата Қазақстанда сыбайлас жемқорлықты азайтудың ең тиімді жолы – әділ бәсекелестікті дамыту деп есептейді» тақырыбында пікірталас ұйымдастырылды.
Аталған қарар аясында қатысушылар мемлекеттік басқару сапасы, экономикалық ортадағы ашықтық, адал бәсекелестіктің қоғамдағы рөлі және сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы тиімді тетіктер жөнінде өз ұстанымдарын білдірді. Тараптар нақты дәлелдер келтіріп, мәселені жан-жақты талдап, құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан сараптай білді.
Мемлекеттік қызметші – халық сенімін арқалаған тұлға. Сондықтан оның кәсіби білімімен қатар, ой еркіндігі, құқықтық сауаттылығы және қоғам мәселелеріне жауапкершілікпен қарайтын азаматтық ұстанымы маңызды.
Тартысты өткен пікірсайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды: І орын – Өтеген батыр ауылдық округі; ІІ орын – Ащыбұлақ ауылдық округі; ІІІ орын – Байкент ауылдық округі иеленді.
Сонымен қатар, арнайы номинациялар бойынша: «Үздік спикер» – Баймұханбет Данияр; «Үздік фракция» – Қараой ауылдық округі атанды.
«Әкім кубогы – 2026» – мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дамуына, өзара тәжірибе алмасуына, жаңа идеялар қалыптастыруына және көшбасшылық қасиеттерін жетілдіруге мүмкіндік берген маңызды алаңға айналды.
Бұл дода – жай ғана пікірталас емес, мемлекеттік қызметтің жаңа сапалық бейнесін қалыптастыруға бағытталған бастама. Себебі сапалы басқару – сапалы ойдан басталады.
Заң мен тәртіп қағидатын берік ұстанған мемлекеттік қызметші – халықтың сенімін ақтайтын, ел дамуына нақты үлес қосатын негізгі тұлға.
«Әкім кубогы – 2026» – ойы озық, сөзі салмақты, ел мүддесіне қызмет етуге дайын мемлекеттік қызметшілерінің зияткерлік алаңы болды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

Әлеуметтік желілерде арандатушылық пен алауыздықты қоздыруға мүлдем жол берілмейді – Бас прокуратура

Құрметті қазақстандықтар! Әлеуметтік желілерде қоғамда алауыздықты қоздыруға бағытталған а…