Үйім балабақшаның түбінде болғандықтан сегіз жарымда мемлекеттік Гимн айтылады. Бұл ұжымның бастамасы ма, жоқ әлде, жоғарыдан түскен тапсырма ма, ол жағы маған беймәлім. Бірақ әйтеуір таңғы әнұран көңіл-күйімізді көтеретіні анық. Кейде риза кейіпте аяқталғанша тыңдап жата беретініміз бар. Тәуелсіз елдің ең құнды байлығының бірі – Гимн екені даусыз. Балабақшадағы бүлдіршіндердің айғайлап айтқаны мүлдем басқаша жетеді жүрекке. Іштей мың қайтара шүкіршілік айтып жатамыз, ерекше бір сезімге бөленеміз.
Елдік мақсат қазақты ұлы жолға салғалы отыз бес жылдың жүзі болды. Аз уақыт, бірақ аз деуге де келмейді. Осы жолда талай соқпақтан, кедергілер мен кептелістерден шықтық. Қиналдық, қуандық, марқайдық, рухымызды тіктедік. Елдігімізді танытатын ұлттық белгілерімізді айқындадық. Қазақ мемлекетінің ар-ожданына айналған айналған рәміздеріміздің жөні мүлдем бөлек. Төрткүл дүниенің төрінде көк Туымыз тік шалқып, киелі шаңырақтан күн нұры шашылып, қанатты пырақтарымыз бейнеленген Елтаңбамыз төрден орын алып, оң қолымызды жүрек тұсына шегелеген Гимніміз мемлекеттің символы, бірліктің алтын тұғыры саналғалы қашан.
Мемлекеттік рәміздер – елдің ұлттық болмысын, дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытатын белгі. Қазақстан да өз егемендігін жариялаған кезде оны ең алдымен тәуелсіз елдің саяси мәртебесін білдіретін Тәуелсіздік декларациясын қабылдау арқылы бекітті. Содан кейін күн тәртібінде мемлекеттік рәміздерді қабылдау мәселесі тұрды. Еліміздің тұңғыш рәміздері – Ту мен Елтаңба тәуелсіздігіміздің жариялануының дәл 130-шы күні, яғни 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды. Ал Әнұран мәтіні сол жылдың 11 желтоқсанында бекітілді. Биыл осы рәміздерге 34 жыл толды. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Алғашқы жылдардағыдай емес, қазіргі кезде еліміздің Гимнінің мәтінін білмейтін жан кемде-кем, бұл – насихаттың жемісі.
Рәміздер балабақшаларда да, мектептерде де, жоғары оқу орындарында да, мемлекеттік мекемелердің ғимараттарында да көрнекті орындарға орналастырылған. Балабақша бүлдіршіндері оң қолының алақанын жүрек тұсына қойып «Менің Қазақстанымды» шырқағанда ерекше бір сезімге бөленіп әрі жігерленіп қанаттанатыны рас. Бұл ел болашағы – жастардың өз Отанын, өз жерін, өз елін қорғауға деген сезімін оятып, сенімін нығайтатыны анық. Менің ауылдастарым мемлекеттік Туды ауыл ішінде «Жартас» деп аталып кеткен тауға қадапты. Анадайдан, биіктен менмұндалап желбіреп тұрғанының өзі жаныңа қуат береді.
Біздің көк байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының ғимараты алдында тұр, Қазақстан Республикасының шетелдердегі Елшіліктері ғимаратының маңдайшаларына тігілген. Әлемдік спорт додаларында еліміздің олимпиада жеңімпаздары Әнұранымызбен бірге көк Туымызды биікке көтереді. Сондай сәтте елің, ұлтың үшін мақтаныш сезімі кеудеңді кергізеді. Біздің Гимніміз, Туымыз, Елтаңбамыз жанымызға жалын беріп, жүрегімізге ыстық ұялатып, көңілімізді тыныштыққа бөлейді. Өйткені ол ұлтымыздың ең құнды, баға жетпес байлығы. Рәміздер күні құтты болсын, ауылдастар!
Баян МАМЫРБАЕВА
