Басты бет Ауылшаруашылығы ЕГІС НАУҚАНЫ ЕКПІН АЛДЫ

ЕГІС НАУҚАНЫ ЕКПІН АЛДЫ

0
15

Ауыл шаруашылығы — аудан экономикасының негізгі тірегі әрі тұрғындардың басты табыс көзі. Қала мен ауыл өмірінің айырмашылығы азайғанымен, ауылдың басты ерекшелігі — еңбекпен өндірілетін өнім. Дүкен сөрелеріндегі азық-түліктің артында ауыл еңбеккерлерінің маңдай тері тұрғанын ұмытпаған жөн.

Көктемгі дала жұмыстары — саладағы ең жауапты кезеңдердің бірі. Биыл ауданымызда егіс науқаны уақытылы басталып, диқандар еңбекке қызу кірісті. Осыған орай көктемгі жұмыстардың барысымен танысу мақсатында аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне барып қайттық.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Садықовтың айтуынша, көктемгі егіс жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Қазіргі таңда 1865 гектар жер жыртылды (жоспар – 12 363,7 га), 5200 гектар алқапта ылғал сақтау шаралары атқарылды. Сонымен қатар 316 гектарға жаздық бидай, 225 гектарға жаздық арпа, 545 гектарға көпжылдық шөп және 28 гектарға бақша дақылдары егілді. Егіс жұмыстарына қажетті 1098,2 тонна тұқым қоры толық қамтамасыз етілген. Минералдық тыңайтқыштарды енгізу көлемі биыл 5100 тонна болып жоспарланған. Қазіргі таңда 30 шаруа қожалығы 700 тонна тыңайтқышқа өтінім беріп, оны толық алған. Өткен жылы жоспарланған 3100 тоннаның 2900 тоннасы игеріліп, жоспар 93,5 пайызға орындалған.

Егіс алқаптарындағы жұмыстарды техникасыз елестету мүмкін емес. Ал техниканың үздіксіз жұмыс істеуі үшін дизель отынының жеткілікті болуы аса маңызды. Биыл ауданға көктемгі және күзгі дала жұмыстарына 1623,7 тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінген. Қазіргі уақытта 470,2 тоннаға өтінім берілген. Оның ішінде 13 шаруашылық көктемгі жұмыстарға 290,2 тоннаға, ал 4 шаруашылық күзгі науқанға 180 тоннаға сұраныс білдірген. Мамандардың мәліметінше, 5 наурызда «Петрофон» ЖШС жеңілдетілген дизель жеткізуші болып анықталған. Бір литр дизель отыны 277 теңге болса, жеткізу құнын қосқанда Шонжы ауылында 290 теңгеден сатылуда.

Ауданда 771 ауыл шаруашылығы техникасы тіркелген. Оның 303-і 25 жылдан астам уақыт пайдаланылған, 18 техника есептен шығарылған. Соңғы екі жылда 987 миллион теңгеге 85 жаңа техника сатып алынып, техникалық жаңару деңгейі 60,7 пайызға жеткен. Бұл көрсеткіш бойынша аудан облыста Іле ауданынан кейін екінші орында. Биыл тағы 55 техника сатып алу жоспарланса, жыл басынан бері 318,6 миллион теңгеге 25 техника алынған. Қазіргі таңда көктемгі дала жұмыстарына 456 трактор, 151 соқа, 66 сепкіш, 27 культиватор және 626 тырма жұмылдырылған.

Биыл агроөнеркәсіп саласында су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылмақ. «АА Агро Конаев» және «QS Logistics Systems» LTD компаниялары бірлесіп, 4500 гектар жерді игеруді жоспарлап отыр. Оның ішінде 1000 гектарға жаңбырлатып суару жүйесі орнатылуда. Сонымен қатар «Хошаллиқ» шаруа қожалығы да 1000 гектар алқапқа осы технологияны енгізуді көздеуде.

Суармалы егіншілікке дайындық жұмыстары барысында магистральдық каналдардың жағдайы тексеріліп, жөндеу және тазалау жұмыстары атқарылған. Атап айтқанда, К.Исламов атындағы магистральдық канал мен Шарын өзені бойындағы су алу құрылғылары қалпына келтіріліп, бөгеттер тазартылыпты. Сонымен қатар Тастықарасу ауылдық округіндегі Рх-1 және Рх-2 каналдары бойындағы су алу нысандары жаңартылған.

2026 жылы зиянкестерге қарсы өңдеу жұмыстары 9 456 гектар алқапты қамтиды. Оның ішінде саяқ шегірткеге қарсы 5 417 гектар, үйірлі шегірткеге қарсы 4 039 гектар жер өңделмек. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 347 гектарға артық. 2025 жылы 9 109 гектар жер өңделіп, оның 4 819 гектары саяқ, 4 290 гектары үйірлі шегірткеге қарсы бағытталған.

Мал шаруашылығы саласында да оң өсім байқалады. 2026 жылдың ақпан айының қорытындысы бойынша 6,0 мың тонна ет өндіріліп, жоспар 121,3 пайызға орындалған. Сонымен қатар 1,7 мың тонна сүт өндіріліп (102,2%), 409,3 мың дана жұмыртқа алынған (84,5%). Мал басы да артып келеді: ауданда 78 807 бас ірі қара, 192 355 бас ұсақ мал, 16 620 бас жылқы және 2 078 025 бас құс бар.

Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бағытында 8 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Олардың иелігінде 739 бас асыл тұқымды ірі қара және 1 555 бас асыл тұқымды қой бар. Дегенмен, бұл бағыттағы көрсеткіштер әлі де төмен деңгейде: ірі қараның үлесі – 8 пайыз (облыста – 19,5%), ал ұсақ малдың үлесі 1 пайыздан төмен (облыста – 16,7%).

Мемлекеттік қолдау шараларының бірі – «Кең Дала» бағдарламасы. 2025 жылы бөлінген 588 миллион теңгенің 53 миллион теңгесі (9%) ғана игерілген. Ал 2026 жылға 783 миллион теңге қарастырылған. Қазіргі таңда 8 шаруа қожалығы 460,1 миллион теңгеге өтінім беріп, оның 5-еуі 435,0 миллион теңге несие алған. Сонымен қатар «Асем Қалжат» ЖШС 550 миллион теңгеге қосымша өтінім тапсырған. Бағдарлама аясында СПК «Манай агро», «И.Адилжан», «Иван», «Аққайнар», «Сембек 2», «Чарын», «Максат», «Мадалиев» секілді шаруашылықтар қаржылай қолдауға ие болды.

Түйін

Жалпы, ауданның ауыл шаруашылығы саласында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Егіс науқаны, зиянкестермен күрес, мал шаруашылығын дамыту және мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру бағытындағы шаралар сала дамуына оң әсерін тигізуде. Ендігі нәтиже — уақыт еншісінде.

Сабирям ӘНВӘРОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА САҚМАН БАСТАЛДЫ

Алматы облысында мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді.  Ата кәсіптің өркендеуіне жер жағд…