Күні кеше ғана арнайы шақырумен аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында өткен «Ашық есік» күніне қатысып, төбеміз көкке жеткендей болдық. Шығармашылық орталық деп аты айтып тұрғандай затына да лайықты болып шықты. Бұрынғы білім бөлімінің ғимаратына кіре берістегі аула қызылды-жасылды, көрген көз тоятындай мерекелік көрініске бөленіпті. Жоғары талғаммен безендіріліп, кез келген жанның көңіліне қуаныш сыйлайтындай-ақ жасалыпты.
Аталмыш орталықтың шәкірттерінің қолынан шыққан дүниелерді көріп таңдай қағыстық. Балалардың ғажайып қиялдарынан шыққан суреттерінің, әртүрлі бейнелерден жасалған мүсіндерінің, әралуан қолдан тоқылған бұйымдарының, ұлттық киімдерінің тағы басқа заттарының әсемдігі көңілімізді шаттыққа, көзімізді қуанышқа бөледі. Шынында оқушылардың қолынан шыққан бұйымдар ертегілер әлеміне жетелегендей, өзгеше бір ғаламға енгізгендей күй кештірді.
Шығармашылық орталығының директоры Ғазиз Матайбекұлы балалардың жасаған дүниелеріне жеке-жеке тоқталды. Оның сөйлеу мәнері мен шешендігіне, көрерменге жеткізу шеберлігіне, қойылған әрбір сұраққа нақты да тұщымды жауап беру әдісіне шыны керек тәнті болдық. Көптен бері нағыз өнердің ортасына түспей қалғандықтан ба, бүгінгі таныстырылымға өз басым риза болдым.
Келесі кезекте шығармашылық орталықтағы жұмыс атқаратын 20 және қосымша негізде еңбек ететін 22 тәлімгердің жұмыс бөлмелерін аралап, «Баян», «Домбыра», «Жетіген», «Актерлік шеберлік», «Саксафон», «Барабан», «Эстрадалық вокал», «Хореография», «Ағаш қолөнері», «Тігін және бисер», «Тоқыма», «Фортепиано», «Шахмат», «Тоғызқұмалақ», «Жас эколог», «Математика және логика», «ІТ және робототехника», «Қосымша аспап» (ұйғыр халық аспаптары), «Бейнелеу өнері және мүсін» үйірмелерінің жұмыстарымен танысу бақытына бөлендік. Әр бөлменің, өткізілетін үйірмелердің өзіндік ерекшеліктеріне сай жабдықталып, безендірілгенінің куәсі болдық. Әр үйірмедегі балалардың өздері таңдап алған аспаптарына деген қызығушылықтары мен білсем, үйренсем деген құштарлықтарына қайран қалдық. Мұны әрине ұстаздың асқан шеберлігі мен үлгісінің оқушының талабына ұштасқандығының белгісі деп қабылдадық.
Бұрынғы орта мектебінің спорт залы бүгінде мүлдем басқа күйге енген. Үлкен бір сахнаға айналған. Сол ғимаратта талай жыл жұмыс істеген мен бір сиқыр әлеміне кіргендей әсерде қалдым. Бұрынғы талай волейбол ойнаған спорт залымның жұрнағы да қалмапты. Мынандай әдемі атына заты сай безендірілген сахнада ән айту, терме орындау, өнер көрсету емес бір ауыз сөз сөйлеген жан да өзін бақытты сезінетін шығар.
Ашық есік деп аталған шараның беташар сөзін алған шығармашылық орталықтың директоры Ғазиз Матайбекұлы баяндама жасады. Жай ғана сандарды сөйлетіп емес, 3 жыл 8 ай ішінде атқарылған жұмыстары мен қол жеткізген жетістіктерін термелеп, талантты жастардың бойына қондырып жатқан өнерлерін саралап, керемет әңгімеге ұластырды. Орталықтың негізгі мақсаты – жас ұрпақтың шығармашылық қабілеттерін дамыту, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру және жан-жақты тұлға қалыптастыру екенін баяндай келе, орталықтың болашақтағы атқарар жұмыстары туралы хабардар етті.
2025-2026 оқу жылынан бастап қазіргі ғимарат шығармашылық орталықтың жеке балансына берілгенін, сол себепті 2023-2024 жылғы 342, 2024-2025 жылғы 542 оқушының биыл 880 ге жеткенін, халықаралық байқаулардан 12 бас жүлде, 14 бірінші және 23 екінші, үшінші орындарды иеленіп, шетелдік 4 байқауларға жолдама алғандықтарын да тіліне тиек етті. Бауырлас Түркия мемлекетінің Стамбул қаласында өткен байқауға 4 бала қатысып, екеуі бас жүлде, біреуі бірінші, біреуі екінші орындарға ие болыпты, өзбек ағайындардың Ташкент қаласында өткен өнер додасына 5 шәкірті қатысып, 3 бала бас жүлде, 2 бала бірінші орын алғандарын жеткізіп, тыңдаушылардың көңіл құстарын көкке шарықтатты. Биылдың өзінде «Ақшағала» облыстық хореграфия фестиваль-байқауында бірінші орын алып, республикалық кезеңге жолдама алғандарын, алдағы мамыр айында биші қыздарның да республикалық кезеңде бақтарын сынап, аудан намысын қорғайтындарын әйгіледі.
Бүгінгі мақтаныштары «Театр және эстрадалық вокал» үйірмесінің түлектері Маратқызы Жансая мен Абдукаримова Әйгерімнің есімдерін ерекше атап өтті. Олар республикалық «Инфинити» байқауында жүлдегер болып, Т. Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Драма және кино артисі»факультетінің білім грантын жеңіп алғанын паш етті. Ауданымызда бұдан басқа Сүмбе ауылында 1000-нан аса оқушыны қамтыған дәл осындай жастар орталығы бар екенін ескерте кетуге тиіспіз.
Әрине, іс-шараның соңы шығармашылық орталықтың ұстаздары мен шәкірттерінің концертімен аяқталды. Әр орындаушының ыждағатынан, талпынысынан, өнерге деген құштарлығынан қанаттанып қайттық. Осындай халық көңілінен шығатын істердің байыпты бастаушысы, ұтымды ұйымдастырушысы болып отырған аудандық білім бөліміне зор алғысымызды білдіреміз. Облыстың құрметті азаматы, қоғам қайраткері, ауданның абыройлы ақсақалы Ызғарбек Бектұрсынұлы орталық жұмысына ризашылығын білдіріп, құнды ұсыныстарын айтты. Аудандық білім бөлімі бірнеше ұстазды алғыс хатпен марапаттады.
Жәнет СӘДІҰЛЫ
