Қазақстанда жаңа Ата заңды қабылдау мәселесі бойынша жалпыхалықтық референдум өтеді. Жаңашылдыққа бет бұрған азаматтар бұл саяси науқанның мәні мен маңызын дұрыс түсініп отыр. Дәл қазір референдум өткізу жайында түсінік беру, насихат жасау жұмыстары қарқын алуда. Конституцияның тағдырын азаматтардың өзіне сеніп тапсыру − мемлекеттік биліктің ашықтығы мен жауапкершілігінің айғағы.
Референдум өтетін күн – бұл біздің әрқайсысымыз үшін үлкен жауапкершілік пен азаматтық міндетімізді атқаратын күн. Республикалық референдум – мемлекетіміздің қоғамдық-саяси өміріндегі айрықша маңызға ие. Конституция – кез келген елдің құқықтық іргетасы ғана емес, оның тарихи таңдауының, құндылықтық бағдарларының және болашаққа деген сенімді стратегиялық көзқарасының айнасы. Конституцияның бүкіл халықтың дауысымен бекітілуі оның заңдық күшін ғана емес, қоғамдық негізін де күшейтеді.
Конституциялық реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда бір палаталы Парламент құру жөніндегі бастамасының негізінде туындады. Президент бұл идеяны 2025 жылғы 8 қыркүйекте өзінің халыққа арнаған жыл сайынғы Жолдауында елдің саяси жүйесін кешенді жаңғырту және жасанды интеллект дәуірінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі оң серпін беру мақсатында айтқан болатын. Мемлекеттің Ата заңы – Конституция тек құқықтық құжат емес, ол елдің саяси құрылымы, билік тармақтарының тепе-теңдігі, азаматтың құқығы мен мемлекеттің жауапкершілігін айқындайтын төлқұжат. Жаңа Конституция жобасы ұзақ мерзімді жан-жақты талқылаулардың нәтижесінде қалыптасты. Конституцияның жаңа жобасын әзірлеуге 130 адамнан құрылған комиссия қатысты. Конституциялық комиссия аясында жүргізілген жұмысқа түрлі сала мамандары, ғалымдар, заңгерлер, қоғам қайраткерлері тартылды. Әлеуметтік топтар, қоғамдық бірлестіктер, аймақтардың пікірі ескерілді. Талқылауларға барлық белсенді азаматтар қосылып, өз пікірлері мен ұсыныстарын e-Otinish және eGov порталдары арқылы жолдай бастады. Осылайша, жаңа реформаны кеңінен әрі қарқынды талқылау шамамен алты айға созылды.
Қазақстан Республикасы Ата заңының тұжырымдамалық өзгерістері мемлекеттің адамға бағдарланғанын арттыруға, Қазақстан халқына тән өзекті құндылықтар мен қағидаттарды көрсетуге, сондай-ақ республикадағы саяси институттар құрылымының тиімділігін арттыруға бағытталған.
Жаңа Преамбулада адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жария етілді. Бірлік пен ынтымақтастық, ұлтаралық және дінаралық келісім Қазақстан мемлекеттілігінің негізі ретінде белгіленді. Егемендік пен Тәуелсіздік, біртұтастық, аумақтық тұтастық өзгермейтін құндылықтар санатына жатқызылды. Әділеттілік, Заң мен Тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты қағидаттар алғаш рет Конституция деңгейінде бекітілді. Сонымен қатар, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендіктің иесі Қазақстан халқы екені нақтыланды.
Тағы бір маңызды мағыналық бағыт − цифрландыру. Осыған байланысты Конституцияның жаңа мәтінінде алғаш рет азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау туралы норма бекітілді. Конституциялық реформа – тек құқықтық өзгеріс емес, саяси мәдениеттің жаңа деңгейі.
2026 жылғы 15 наурыз – тек дауыс беру күні емес, еліміздің саяси дамуының жаңа кезеңіне өтетін тарихи сәт болары анық. Референдум – әр азаматқа өз пікірін еркін білдіріп, елдің жаңа кезеңіне бастар шешімге тікелей қатысу мүмкіндігін беретін маңызды саяси оқиға. Қоғамның белсенді қатысуы Конституцияның легитимділігін арттырып, оның орындалуына деген сенімді күшейтеді.
Мемлекет – Конституцияның жемісі, ал Конституция – қасиетті ұғым, негізгі заң, мемлекетіміздің мызғымас тұғыртасы, біздің тәуелсіздігіміз бен еркіндігіміздің, мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі. Елдің елдігі, мемлекеттіліктің темірқазық бағдары айқындалған Ата заңымызды ардақтау – әрбір азаматтың абзал борышы. Референдум — бұл тек дауыс беру күні ғана емес, елдің келешегін айқындайтын маңызды саяси акт, әрбір азаматтың Отан алдындағы парызы. Біздің таңдауымыз — елдің құқықтық негізіне, азаматтық қоғам мен демократия негіздеріне сеніміміз бен болашағымызға жасалған үлес.
Ернат КАЗБЕКОВ,
аудандық сот әкімшісінің жетекші маманы
