Конституцияға өзгерістер мен түзетулер енгізу жөніндегі комиссияның отырыстарын бақылап отырған жан ретінде өз пікірімді білдіргім келеді. Мен сексен жылдық ғұмырымда мұндай реформалардың қаншамасын көрдім. Өзім де басы-қасында жүргендері болды. Комиссия мүшелерінің пікірлерін мұқият тыңдадым. Көпті көрген адам ретінде түсінгенім, декоративті демократиядан функционалды демократияға өтіппіз. Бұл бүгінгі күннің талабы. Мәжіліс депутаты Максим Рожин өте дұрыс пікір білдірді. Бұрындары жүргізілетін диалогтар бөлме ішіндегі жаңғырық қана болып қалатын. Шыны сол. Мұнда шенеуніктер өздерімен өздері ғана сөйлесіп, халықтың пікірі оларға жетпей жататындай көрінетін. Халық Кеңесі деген атаудың өзі халыққа құқық беріп, заң қабылдауда олардың ойларының қаперге ілініп, кәдеге асатындығын білдірсе керек. Референдум де осыларды топтастырып алып өтетіндігіне қуанып жатырмыз.
«Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» конценпциясы бүгінгі белсенді қоғамның жетпей тұрған элементтерін толықтыра түскендей. Вице-Президент институтын енгізу мен Халық Кеңесін бекіту биліктің жауапкершілікті бөлу әдістерін қарастыруы деп түсінген абзал болар.
Максим Рожинның «Халық Кеңесі – бұл жай жаңалық емес, қажеттілік» дегені халықтың пікірі сөз жүзінде айтылып, іс жүзінде еленбей қалатын мезгілдің өткендігін, қоғамның дамуына халық әсер етуі керек дегенді ұқтырса керек.
Жаңа реформаның ашық талқылануы да жақсылықтың нышаны. Осындай ашық әңгімелесулерден, халықтың қалауы мен пікірі ескеріліп отырып жүзеге асатын дүниелер мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз етері анық. Егер Халық Кеңесі билік пен халық арсындағы алтын көпірге айнала алса онда бюрократиялық кедергілерден өтіп, заңдарымыздың сапасы тек халық игілігі үшін қызмет етеріне сенімім кәміл.
Худавади МАНСУРОВ,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі
