Бесінші құрылтайдың жұмысымен толық танысып отырмын. Бұл жолы конституцияға реформа жасалатындығын түсіндік. Әр сала бойынша кәсіби мамандар, комиссия мүшелері өз ұсыныстарын қорғаймыз деп құлшынып отырғандары қуантады. «Таза Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негіздерін Конституцияда бекіту туралы ұсыныс қолайыма жақты. Айналаның тазалығы өз бойыңдағы тазалықпен, одан қалса жан тазалығымен ұштасатындығы ақиқат. Сондықтан бұл өте маңызды бастама деп қабылдадым.
Депутат Сергей Пономаревтың табиғатты қорғау жөніндегі азаматтық ұстанымы, көзқарасы аса маңызды. Қоршаған ортаны көздің қарашығындай қорғау үлкендердің іс-әрекеттері арқылы жастарға үлгі болмақ. Егер жас буын ағалары мен апайларының тазалыққа ерекше көңіл бөлгендерін көрсе, олар да солай бой түзейтін болады. Жауапкершіліктері арта түседі. Қоғамға өздерінің де үлес қоса алатындықтарына көздері жетеді. Өздерінен кейінгі балаларға өнеге бола алатындықтарына сенімдері артады.
– Біздің көпэтносты Қазақстан халқы тұрақты, таза, тыныш, бейбіт елде өмір сүргілері келеді. Бұл кез келген адамның арманы. Ал осы бастамаларды Конституциялық заң талаптарымен бекітетін болсақ, онда әр тұрғын өзін еркін, бақытты сезіне алады. Бұл мемлекеттігімізді бекіте түседі. Егемендігіміздің мәңгілік боларына сенім артады.
Тағы бір баса айтатын нәрсе, комиссия отырысының ашық, тікелей эфир арқылы көпшілікке тарауы. Бұл – биліктің қоғаммен ашық әңгімелеуге дайын екендігін көрсетуі. Әсіресе біз сияқты білім саласында қызмет етіп жүрген педагогтар үшін жақсы бастама. Шәкірттерімізге ашық, азаматтық көзқарастарын қысылмай білдіруге, ойларын ашық жеткізуге үйретеді десек қателесе қоймаспыз. «Таза Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының заң жүзінде жұмыс істейтіндігіне қуандым. Қоршаған орта мен табиғатты қорғау керектігін ұрпағымыздың сәби кезден бойларына сіңіре білсек, үлкен шаруаны тындырғанымыз. Біздің бай, қуатты мемлекетіміздің балалары қоғам алдындағы жауапкершіліктерін бөбек кезінен сезініп өссе деген ниетті түсіндім. Өз елінің нағыз патриоттары ғана елінің гүлденуіне нағыз жанашыр бола алады. Ойлары ашық, жүректері таза, іскер, білімді жастар – еліміздің ертеңін құратын азаматтар деп бағалаймыз. Бұл жолғы реформа шынайы талқыға түсетін, халықтың пікірімен санасатын, көпшіліктің қодауына ие болатын реформа деп қабылдадым.
Тұрсынхан НҰРПЕЙІСОВА,
зейнеткер ұстаз
